Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылуының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған конференцияға қатысу үшін Астанаға келген ЕҚЫҰ-ның Ұлттық азшылықтар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Астрид Турспен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен ЕҚЫҰ Жоғарғы комиссары кеңсесі арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен болашағын талқылады.
Е. Ыдырысов А.Турс сапарының тағатты әрі көпұлтты қоғам қалыптастыру ісіндегі еліміздің жетістіктері туралы ақпаратты «тура деректемеден» алудағы және Қазақстандағы ЕҚЫҰ Бағдарламалары кеңсесінің жобалық қызметін белсенділендіруде жаңа мүмкіндіктер ашудағы маңыздылығын атап өтті.
Сыртқы саясат ведомствосының басшысы Қазақстан қаржы дағдарысына сәтті қарсы тұрып, бәсекеге қабілетті 50 елдің экономикалары қатарына енгенін және әлеуметтік-экономикалық дамудың ерекше үлгісін қалыптастырғанын айрықша атап өтті. «Күш-жігердің нәтижесінде Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясында айқындалған әлемнің 30 дамыған елдері қатарына енуді мақсат еткен «Нұрлы Жол» экономикалық бағдарламасын іске қосу жүзеге асты», – деп көрсетті министр.
Е.Ыдырысов Қазақстандағы тағаттылық пен сенім ахуалы еліміздің басты брендіне айналғанын, әлеуметтік-экономикалық дамудағы табыс ең алдымен Қазақстандағы ұлтаралық түсіністік пен конфессияаралық келісімнің арқасында іске асып отырғанын және бұл келісімге қолдау көрсету Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сыртқы саясатының маңызды басымдығы болып табылатынын атап өтті.
Министрдің айтуынша, Қазақстан саясатының ерекшелігі оның «тағаттылық» ұғымын «өзгелерге төзімділік таныту» ретінде ғана емес, өзгелерді құрметтеу, өзара тату өмір сүру барысында бір-бірінен үйрену, рухани-мәдени баюды қамтитын «тағаттылықтың тартымды үлгісі» ретінде ұсынуында болып отыр.
А.Турс елдегі әлеуметтік-экономикалық дамуды одан әрі жалғастыру мен жаңарту шараларын, атап айтқанда, бес институттық реформа мен 100 нақты қадамның «Ұлт жоспарын» жүзеге асыру аясындағы іс-қимылын жоғары бағалап, «ұлтаралық қатынастар тұрақтылығы мен достық бүгінгі таңда ЕҚЫҰ үшін аса өзекті мәселеге айналғалы тұрғанын» атап көрсетті. Ол, сонымен қатар, өзара үнқатысуды халықаралық деңгейде нығайту үшін таяуда өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезінің маңыздылығын атап өтті.
Сұхбаттастар өзін жақсы жағынан танытқан Қазақстандағы ұлтаралық келісім саясатын одан әрі қолдаудың және осындай шетін мәселеде ЕҚЫҰ-мен тәжірибе алмасуды нығайтудың маңыздылығын көлденең тартты.
«Егемен-ақпарат».