Орталық Азияда алғаш рет «Алматыдағы Франкфурт кітап жәрмеңкесі: баспа ісіндегі заманауи үрдістер және авторлық құқық менеджменті» атты семинар өтті. Іс-шара халықаралық баспа нарығындағы жаңашылдықтар мен түйткілді мәселелерді талқылады.
Айта кетейік, семинар Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Франкфурт кітап жәрмеңкесінің, Қазақстан Баспагерлер, полиграфистер және кітаптаратушылар қауымдастығының, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, «Nomad Culture Foundation» қорының қолдауымен ұйымдастырылды.
Аталған іс-шара баспагерлерге осы саладағы заманауи технологияларды меңгеруге, халықаралық байланыстарды нығайтуға және әлемдік сарапшылармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Бағдарлама аясында авторлық құқық пен лицензия сатып алу-сатудағы халықаралық тәжірибе, сондай-ақ «Frankfurt Connect» және «Frankfurt Rights» платформаларының жұмысын талқылау сияқты өзекті мәселелер ортаға салынды. Бұл платформалар іскерлік қарым-қатынас пен кітап құқын басқаруға арналған.
Алқалы жиында спикерлер – Никол Уитт, Герман Экель, Беттина Бак және Владка Купска баяндама жасады. Арнайы қонақ ретінде Франкфурт кітап жәрмеңкесінің президенті Юрген Боос қатысты.
Семинарға жиырма отандық баспа мен полиграфия саласының 40-тан астам маманы мен оқытушысы қатысты. 19 қарашаға дейін жалғасқан іс-шарада «Баспа қызметінде жасанды интеллектіні қолдану: халықаралық тәжірибе» тақырыбы да қамтылды.