• RUB:
    4.97
  • USD:
    497.26
  • EUR:
    525.21
Басты сайтқа өту
Тұлға Бүгін, 08:23

Таеквондо тарланы

42 рет
көрсетілді

Танымал спортшы, Қазақстанда таеквондо мектебінің негізін қалаушы Мұстафа Өзтүрік ұлтжанды, дарынды және қазақ десе ішкен асын жерге қоятын біртуар азамат еді. Ол 1954 жылы қараша айының 24-і күні Түркияның Кайсери қаласына қарасты Мұсаходжалы атты шағын ауылда дүние есігін ашты. Биыл арыс азаматтың туғанына 70 жыл толды. «Көзден кетсе, көңілден болады өзге» деп бұрынғылар айтпақшы, таеквондо тарланы ескерусіз қалмасын деген ниетпен мақала жазып отырмыз.

«Мұстафаға өжеттік пен қайсар­лық аталарынан дарыған. Үлкен атасы Төлебай сөйлесе тілге шешен, егессе есесін жібермейтін ерекше адам екен. Сонымен қатар қытай тілін білетін зерек­тігі тағы бар. Біз екеуміз жасымыздан бірге өстік және жақын ағайын адамдар едік. Мұстафа жастайынан оқу мен өнерге талпынды. Оның бойында бір мақсатқа жетсем, қатарымнан қалмасам деген өжет сенім бар-тын. Сондықтан күшті болуды бала кезінен армандады. Спортқа өте жақын жүрді. Сондай-ақ оның болмысы күрес болсын, барлық спорт түріне икемді еді», деп еске алыпты марқұмның бала күнгі досы, қазір Түркиядағы Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдіуақап Қара естелігінде («Қазақ спорты» газеті, 2015 ж. № 12-13).

Ал біздің назарымызға іліккен де­ректе Мұстафаның нағашы атасы қа­зіргі Шыңжан-Алтай өлкесі: Баркөл, Мори, Ақсай өңіріне аты әйгілі Қайыс­бай Иісұлы деген әйгілі балуан екен. Яғни Мұстафаның әкесі Кәбен ағамыздың жары Рәзие апамыз – осы Қайысбай балуан­­ның қызы. Осы Қайсакең атамыз 19 жасын­да жарысқа түсіп Баркөл-Моридің «Ақтас» жайлауында ұйғырдың атақты балуаны Насырды жығып атағы шықса, одан кейін Алтай-Қобданың қазақ-қалмақ қатысқан дүбірлі тойында ойраттың ерен күш иесі Донғара балуанды жеңіп, заманында теңдессіз күш иесі атанған екен. Көнекөз қариялар Мұстафаны осы нағашы атасына тартқан дейді.

Әкесі Түркия қазақтары арасында Кәбен аталып кеткен, азан шақырып қойған шын есімі Әбдірахман Төлебайұлы да осал адам емес. Ол – кезінде Түркия ауған қазақтардың көшін бастаған же­тек­шілердің бірі болған адам. Оның сыртында, жарысқа түсіп атағы шықпаса да, балуандығы басым және домбыра шер­тіп, ән салатын өнерпаз екен. Анасы Рәзие де жас кезінде асқан сұлу және әнші кісі болған көрінеді.

«Қазақтың «тектіден текті туады, ата жолын қуады» дегені тегін айтылмаған», дейді білетіндер. Мұстафа Өзтүрік әке­сі Кәбен 1980 жылы дүниеден өткен­де жаны күйзеле отырып өзі сөзін жа­зып, «Жұлдыздарды тілейсің бе?» атты ән шығарды. Бұл ән уақыт өте келе Түркия қазақтарының сүйікті әндерінің біріне айналды. Бұл әнді танымал музыка маманы, дирижер Нұрлан Бекенов нотаға түсіріп, белгілі әнші Нұрай Тана­баев­тың орындауында жалпақ жұртқа жария­лағаны бар.

*  *  *

Мұстафа Өзтүрік Ыстанбұлда орта мектептен соң, Тайваньдағы эксперименталды университетті және сол елдегі Халықаралық қатынастар университеті­нің журналистика факультетін қоса біті­реді. Осы елде жүріп кореялық көне ­спорт өнері таеквондоны үйренді. Ол жер­де таеквондо спортынан үздік мәр­тебе 6-дан дәрежесін иеленді. Соны­­мен қатар халықаралық жаттықтыру­шы ма­мандығын да алды.

Оқуын аяқтап Түркияға оралған соң, Ыстанбұл қаласында өзінің алғашқы таек­вондо мектебін ашады. Осы мектеп­тен шыққан бірсыпыра шәкірті күні бүгін Түркия спортының әр саласында жоғары қызметтерде жүр. 1987 жылы Мұстафа Германияның Мюнхенге қоныс аударды. Келесі жылы (1988) осы қалада таеквондо мектебін ашады.

«Қателеспесем, 1989 жылы Қазақ­стан­нан бір топ адам Германияға сапар­лап бар­ды. Олар: И.Тасмағамбетов, С.Әбді­рах­манов, Т.Жаманқұлов, Д.Жол­жақ­сынов, ­Т.Теменов, т.б. Бұлар осы сапарда Мұста­фамен танысады. Шынын айтқан­да, Өз­түріктің Қазақстанға ат басын бұ­руы­­на себепкер болған да осы адамдар. Сөй­­тіп, Мұстафа 1990 жылдың басында ат ба­­сын атамекенге бұрды. Осы жылдың қа­зан айында Мюнхендегі таеквондо мек­тебі­нің шәкірттерін елімізге алып келді», дейді досы Ә.Қара.

Қазақ еліне өзінің үлкен жүрегін әкел­ді. Сонымен қатар Қазақстан мен Түр­кия арасында алғашқы ресми байла­ныс орнатылуына мұрындық болды. ­Осы жылдары Өзтүрік және оның қасын­да Түркияның «Хүрриет» және «Тержү­ман» атты екі үлкен газетінің тілші­лері Ердоған Салғырбойы мен Ирфан Сезер үшеуі Президенттің қабылдауында болды.

Бұл ресми кездесу Түркия елін­де үлкен резонанс тудырады. Мақаланы оқы­ған Түркия елінің басшысы Тұрғыт Өзал өзінің Қазақ еліне баруға аса ынталы еке­нін айтып, оқиғаға қолдау білдіреді. Нәти­жесінде, 1991 жылдың 14–15 наурыз күндері Түркия президенті Тұрғыт Өзал елімізге келеді. Көп кешікпей 1991 жылдың 25–26 қыркүйегінде Қазақстан Президенті де Анадолыға сапарлайды.

«Мен өзім куә болған мына бір оқиға­ны айтайын, Германияда жүргенімде Тұрғыт Өзал тікелей Мұстафаға телефон соғып, Түркия – Қазақстан байланыстарына үлес қосқаны үшін алғысын білдірді», дейді Әбдіуақап Қара мырза.

 

* * *

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Мұстафа Алматыға келіп, таеквондо мектебін ашты. Көптеген шәкірт тәр­биеледі. Қазақстан таеквондо федера­ция­сының құрылуын ұйымдастырып, өзі соның алғашқы президенті болды. Оның кезінде қазақ таеквондошылары халықаралық жарыстардан жеңіспен оралып жүрді.

Өкінішке қарай, осындай табыстар жалғасын таппады. Қазақтың есіл азаматы белгісіз жағдайда 1995 жылы наурыз айының 15-і күні Алматы қаласында қазаға ұшырап, денесі Ыстанбұлдағы әкесі жатқан бейітке жерленді.

Содан бері 30 жылға жуық уақыт өтті. Туған жұртына адами қасиеттерімен танымал болған Мұстафа Өзтүрікті хал­қы ешқашан ұмытқан жоқ. Оның дәлелі: 2000 жылы Алматы қаласында атына көше беріліп, ескерткіш тақта қойылды. 2004 жылы 50 жасқа толған мерейтойы қарсаңында Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылында ескерткіші ашылса, 60 жылдық мерейтойы 2014 жылы Астана қаласында аталып өтті. Енді, міне, азамат ердің 70 жылдық белесі де келіп жетті.