Бүгінгідей жаһандану заманында мемлекеттер арасында мәдениетаралық диалог пен тарихи зерттеулердің маңызы арта түсті. Орталық Азия, соның ішінде Қазақ даласы, ғасырлар бойы көптеген Батыс әлемінің саяхатшылары мен ғалымдарының назарын аударғаны рас. Олар Орталық Азияға сапар шегіп, осы өңір туралы құнды деректер қалдырды. Жазған еңбектері біз үшін тарихи маңызды ақпарат көзі болып қана қоймай, кей ақтаңдақтарды ашуға сеп болмақ. Бірақ бұл деректер әлі толық зерттелмей, жүйеленбей отыр. Батыс әлемінің Орталық Азияға қызығушылығы өткен ғасырда, бүгін де, болашақта да маңызды бола бермек.
Батыс зиялылары біздегі экзотикалық мәдениетке, бай табиғатқа, көшпелі өмір салтына ерекше назар аударды. Сонымен қатар олар Қазақ даласы мен Орталық Азияның этнографиясын, тарихын, географиясын зерттеді. Александр фон Гумбольдттен Уильям Рикард Карезге дейінгі ғалымдардың іркес-тіркес жазған кітаптарындағы тарихи, мәдени деректердің маңызы біз үшін әрқашан құнды.
Осылардың бәрі Орталық Азияға, одан бері елімізге жасаған экспедициялары арқылы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, табиғаты мен мәдениеті туралы деректерге толы мәліметтер қалдырды. Тіпті кейбірі қазақ және түркі халықтарының мәдениетін зерттеп, олардың этнографиясы мен тарихы туралы бірнеше еңбек жазды.
Осы орайда бізге Батыс әлемін зерттеу орталығы керек деген ой туындайды. Аталған орталықтың маңыздылығы көп.
Мәдениетаралық диалогті нығайтады. Бұл орталық екі жақты мәдени алмасуды күшейтіп, Батыс пен Орталық Азия арасындағы байланыстарды арттыруға мұрындық болар еді. Құнды деректерді жүйелеу. Орталық Азия туралы көптеген дерек пен қолжазба әртүрлі архивтер мен кітапханаларда сақтаулы. Оларды жинақтап, жүйелеу арқылы зерттеушілерге қолжетімді ету маңызды. Қазақ тарихын қайта қарастыру. Батыс ғалымдарының еңбектері кейде өз заманының саяси көзқарастарына сүйеніп жазылғанымен, оларда объективті мәліметтер де бар. Бұл мәліметтер қазақ тарихы мен мәдениетінің бейнесін толықтырып, жаңа қырларын ашуы мүмкін. Ғылыми-зерттеу ынтымақтастығы. Орталықтың ашылуы отандық және шетелдік ғалымдардың бірлескен жобалар жүргізуіне мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ғылыми байланыстарды нығайтып, жаңа зерттеулердің пайда болуына септігін тигізеді.Ал орталықтың бағыттары туралы айтсақ:
Архивтерді зерттеу. Батыс әлемінің архивтерінде сақталған Орталық Азия мен еліміз туралы құнды материалдарды іздеу және зерттеу. Мысалы, АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Германия, Франция секілді елдердің архивтерінде қазақ тарихына қатысты құжаттар сақталған. Қолжазбаларды аудару. Батыс және америкалық саяхатшылардың еңбектерін қазақ тіліне аудару және олардың тарихи деректілігін талдау қажет. Бұл арқылы мәдениетіміз бен өткенімізді жақсырақ түсінеміз. Ғылыми конференциялар мен семинарлар өткізген жөн. Батыс зерттеушілері және қазақ ғалымдары бірлескен шаралар ұйымдастырып, зерттеу нәтижелерін талқылау. Мәдени алмасу бағдарламалары. Батыс елдерінің университеттері және ғылыми-зерттеу орталықтарымен байланыс орнату, студенттер мен ғалымдардың алмасуын қамтамасыз ету.Батыс әлемін зерттеу орталығының ашылуы – еліміздің ғылыми және мәдени әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Орталық Азия мен Батыс арасындағы тарихи байланысты тереңірек зерттеп, оны заманауи ғылыми тұрғыдан қайта қарастыру мәдени мұрамызды сақтауға және оны әлемдік деңгейде танытуға мүмкіндік береді. Бұл бастама Орталық Азияның, соның ішінде мемлекетіміздің тарихи құндылықтарын жаңа деңгейге көтеріп, болашақ ұрпақ үшін маңызды мұра қалдырады. Батыс зерттеушілері қалдырған мол деректерді зерттеп, жүйелеу біздің тарихи жадымызды байытып қана қоймай, қазақ халқының мәдени және тарихи маңыздылығын жаһандық деңгейде таныта алады.
Бұл туралы ғалымдардың да өз көзқарасы бар екені анық. «Негізі «Бізге Батыс әлемін зерттеу орталығы керек» деген ой құптарлық идея. Біз болашаққа ұмтылған тәуелсіз жас мемлекет ретінде өзімізді тереңірек тану үшін, өзімізге де белгісіз ақтаңдақтарды анықтау үшін дамыған Батыс елдерінің қазақ елі, халқы жайындағы өткен ғасырлардағы зерттеулері мен пікірлері маңызды екеніне күмән жоқ. Болашаққа қадам басу үшін де өткеніңді білу керек екені айдан анық. Әрі бұл Абайдан басталған құбылыстың жалғасы болмақ, хакімнің «Шығысым Батыс боп кетті» – дегеніндей Батыстағы мол қазына халқымызға рухани сілкініс әкелетініне сенімдіміз», дейді Англияда оқыған ІТ маманы, абайтанушы Сұлтан Ыбырай.
Ал Джордж Вашингтон университетінің профессоры Питер Роллберг: «АҚш пен Қазақстанның мәдени байланысын зерттеу – үлкен тақырып. Осы тақырып аясында біз екі елдің ежелгі қарым-қатынасы және бір-біріне деген құрмет пен сыйластықты түсіне аламыз. Мемлекеттер ара мәдени байланысты зерделеу сол елдердің болашақтағы бірге дамуы мен ірі жобаларды жүзеге асыруына жол ашады» деген ойын айтты.
Америка Құрама Штаттарында өткізген бір жылдық ғылыми зерттеуім барысында мен Батыс әлемінің архивтерінде сақталған Орталық Азия, әсіресе Қазақ даласы туралы құнды мәліметтер бар екенін анық түсіндім. Бұл зерттеу барысында мен әртүрлі университет пен зерттеу орталықтарының архивтерімен танысып, Батыс зерттеушілерінің еңбектері біздің мәдениетіміз, тарихымыз және этнографиямыз туралы тың ақпараттарға бай екеніне көз жеткіздім.
Осы деректердің басым көпшілігі жүйеленбеген, ал Қазақстанда олар туралы жеткілікті деңгейде зерттеу жүргізілмеген. Мысалы, Вашингтондағы Конгресс кітапханасы, Нью-Йорк қоғамдық кітапханасы және Харвард университетінің архивтерінде қазақтардың тұрмысы, салт-дәстүрі және тарихи оқиғалары туралы құнды құжаттар бар. Бұл құжаттар тарихи дереккөз ретінде тарихымызды кеңінен зерттеуге мүмкіндік береді.