Биылғы 9 айда азық-түлік өндірісі 2,4 трлн теңгені құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,8%-ға өсім бар. Оған қоса, бірқатар сүт, қант және өсімдік майы өндірісінің өсуі анық байқалады. Мұның бәрі мемлекеттік қолдаудың арқасында болып жатыр.
Қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту басты мәселенің бірі. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес азық-түлік өндірісі саласында айтарлықтай өсім болды. Өндіріс көлемі 2,1% артып, 3,1 трлн теңгеге жетті. Агроөнеркәсіп кешені (АӨК) өнімінің экспорты 5,3 млрд долларды құрады. Бұл ретте экспорттың жалпы көлеміндегі өңделген өнімнің үлесі 43%-ға дейін өсіп, 2,2 млрд долларға жетті.
«Салаға инвестиция ағыны артып келеді. Былтыр тамақ өнімдерін өндірудің негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 156 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11% артық. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында 118,8 млрд теңге сомасына 48 инвестициялық жоба іске асырылды», деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ауыл шаруашылығы министрлігі «Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу» департаментінің директоры Назгүл Хатепова.
Бұл жетістіктер инвестициялық және шикізатқа субсидияларды, салықтық жеңілдіктерді қамтитын тиімді мемлекеттік қолдау шараларына байланысты болып отыр.
«Елдегі ұн өндірісін ұлғайтуға кедергі келтіретін фактор – экспорт нарықтарының тарылуы. Себебі дәстүрлі импорттаушы елдер өздерінде ұн өндіруді арттырды. Оған қоса, әртүрлі шектеулер енгізді. Осыған байланысты, келесі өңдеу деңгейіндегі өнімдердің өндірісін мақсатты түрде дамытамыз. Оның қатарында, макарон өнімдері, ұннан жасалған кондитерлік өнімдер, крахмал өнімдері, глютен, биоотын бар», деді департамент басшысы.
Оның айтуынша, мұндай өндірістерді дамытуға 25% мөлшерінде инвестициялық субсидия, несиелер мен салықтарға жеңілдік, сондай-ақ экспорт кезінде көлік шығындарының 30%-ға дейін өтемақысы қаралған. Сонымен қатар жоғары технологиялық және күрделі өндірістерді дамыту үшін 2023 жылдан бастап инвестициялық шығындардың 50%-ына дейін өтемақы көзделіпті.
«Биыл Түркияның «Tiryaki Agro» компаниясы мен Қатардың «Hassad Food» компаниясы Астанада астықты терең өңдеу бойынша жобаны жүзеге асыруды бастады. Жобаның құны – 400 млн долларды (қуаты – 240 мың тонна) құрайды. Ақырғы өнім – крахмал, глютен, глюкоза-фруктоза сиропы – әлемдік нарыққа экспорттауды мақсат етеді. Ал Қостанай облысында қазақстандық «Qostanai Grain Industry» ЖШС 50 млрд теңге көлемінде терең астық өңдеу жобасын (қуаты – 330 мың тонна) іске асыра бастады», деді Назгүл Хатепова.
Ведомство басшысының сөзін бақсақ, өндірілетін өнім – лизин, глютен, биоэтанол, көмірқышқыл газы, толығымен экспортқа бағытталған. Сондай-ақ Түркістан облысында «Казкрахмал» ЖШС 35 млрд теңге инвестициямен жүгеріні өңдеу арқылы крахмал өнімдерін өндіру жобасын (қуаты – 150 мың тонна) іске асыруда. Бүгінгі таңда АӨК өнімдерінің өткізу нарығын кеңейту мақсатында ҚХР-ға астық өңдеу өнімдерін экспорттау бойынша жаңа жеткізушілер тізімін қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар қуаты жылына 400 мың тонна (құс етін есептемегенде) және жүктемесі 54% болатын 210 ет өңдеуші кәсіпорын жұмыс істейді. Салқындатылған ет нарығы 101%-ға, шұжық өнімдері 60%-ға, консервіленген ет өнімдері 28%-ға қамтамасыз етілген.
«Тері мен жүнді өңдеу дамымаған бағыттардың бірі болып қала береді. Бұл бағытта теріні қайта өңдеуде 9 кәсіпорын (жүктеме 6%-дан аз) және жүнді қайта өңдеуде 13 кәсіпорын (жүктеме 26%) жұмыс істейді. Бұл мәселені шешу үшін теріден желатин мен жемшөп қоспаларын, сондай-ақ өлі және жартылай өлі жүнді қайта өңдеу кәсіпорындарын дамыту жоспарда бар», деді департамент директоры.
Үкімет 2028 жылға қарай азық-түлік өнімдерін өндіру көлемін 1,4 есе ұлғайтуға және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін 70%-ға дейін жеткізуге бағытталған ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың 2024–2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Департамент директоры конференция қорытындысында, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде белсенді жұмыс жалғасып жатқанын айтты.