Ауылдағы ағайынға ең қажеті – жол мен су. Егер осы негізгі деген екі мәселе оң шешім тапса, онда ауылдың ажары артады, тіршілігі түзеледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың соңына дейін сапалы ауызсумен 100 пайыз қамтамасыз ету туралы Үкіметтің алдына міндет қойды. Президент пәрменінен соң Қарағанды облысында аңқасы кепкен ауыл саны азайып келеді. Бұған дейін бірнеше ауылдағы ел-жұрт қыр асып, құдыққа қауға салып, пәленбай шақырымнан су тасып келді. Енді олар алыстан арбамен су тасымайды, үйінің іргесіндегі сапалы суды тұтынады.
Тегеурінді тапсырма
«Жалпы, ондаған жыл бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан, ауызсу мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Сондықтан өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықты 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндет», деген еді Президент 2021 жылғы 1 қырқүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында.
Мемлекет басшысының тегеурінді тапсырмасынан соң әрбір елді мекенді ауызсумен қамтамасыз ету жөнінде кезеңдік жоспар әзірленді. Алыс жатқан ауылдардағы ауызсу мәселесі алғашқы болып қолға алынды. Міне, жыл сайын бұл мәселе оң шешімін тауып келе жатыр. Әсіресе былтыр мен биылғы жылы шалғай ауылдарға су тартылып, тұрғындар сапалы тіршілік көзін тұтынып отыр.
– Үкімет 2023–2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасын бекітіп, оған сәйкес су құбыры желілерін салуға, қайта жаңғыртуға қаржы бөлді. Бүгінде сумен жабдықтау қызметіне облыс халқының 95,7 пайызы, қала халқының 98,8 пайызы, ал ауыл тұрғындарының 93,6 пайызы қамтылды, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Арман Саттыбаев.
Ауызсусыз ауыл қалмайды
Аймақта 342 ауылдық елді мекен бар. Ондағы жалпы халық саны – 209 186. Қазіргі уақытта орталықтандырылған сумен 225 ауыл қамтылған. Биыл ауылдық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге қатысты 31 жоба іске асырылып, 60 шақырым су құбыры желілерін салу мен реконструкциялау жұмысы жүріп жатыр.
– Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде биыл ауылдарда 31 жобаны іске асыруға 5,4 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде жаңа желілер салу жөнінде 14 жоба, қолданыстағы желілерді қайта жаңғырту жөнінде 17 жоба жүзеге асу үстінде. Бөлінген қаражатқа 93,8 шақырым су құбыры желілерін салу, қайта жаңарту жоспарланған. Бүгінгі күні 90,8 км су құбыры желілері салынды, қайта жаңартылды. Сонымен қоса, 26 ауылдық елді мекенде суды тазартудың кешенді блок-модульдерін орнатып жатырмыз. Бұл жұмыстарға бюджеттен 700 млн теңге қарастырылған. Жыл соңына дейін су құбыры желілерінің құрылысын, кешенді блок-модульдерін орнатуды аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл ауылдарда сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділікті 95,6 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. 2025 жылы қалған 63 ауылды 100 пайыз ауызсумен қамтамасыз ету міндеті тұр. Оған 6,3 млрд теңге қарастыруды жоспарлап отырмыз, – дейді А.Саттыбаев.
Ірі жобаларда іркіліс жоқ
Биылға жоспарланған жобалардың ішінде Жарлы-Қарқаралы топтық су құбырының құрылысы ең ауқымды. Бұл нысан іске қосылған соң қаладағы су тапшылығы проблемасы толығымен шешіледі. Қазіргі уақытта қырық шақырымдық су құбырын тарту жұмыстары аяқталған. Енді қала ішіндегі желілер жаңартылып жатыр. Су құбыры алдағы жылы толығымен іске қосылады. Аудандағы Қарағайлы, Матақ, Теректі, Бүркітті, Томар елді мекендерінде де ауызсу құбырлары тартылып жатыр. Тоғыз ауылда блоктық-модульдік сорғы стансалары орнатылды.
Жақында ғана сапалы ауызсуға қол жеткізгендердің бірі Бұқар жырау ауданы Астаховка ауылындағы ел-жұрт. 300-ге жуық адам тұратын бұл елді мекеннің тұрғындары 30 жылдан бері ауызсуды ауыл сыртындағы бір шақырым жерде ағып жатқан бұлақтан тасып ішіп келген еді. Енді міне, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының шеңберінде ол бейнеттен құтылып, сапалы ауызсуға қол жеткізіп отыр.
– Өткен жылы су құбыры салынатынын айтқан кезде оған бәріміз күмәнмен қарағанымыз рас. Бірақ уәде етілгендей, оның құрылысы 2023 жылдың жазында қолға алынып, биыл күзде тәмамдалып отыр. Ауылға ауызсудың келгені ерекше қуаныш сыйлады. Енді алыстан арбамен су тасымаймыз, бейнеттен құтылдық, – дейді ауыл тұрғыны Арман Әлімов.
Бұқар жырау ауданында биыл тағы үш ауылда жаңа су құбырлары пайдалануға беріледі. Олар – Ақжар, Аюлы, Алабас. Осы жобалар іске асырылғаннан кейін аудан тұрғындарының 99 пайызы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіледі. Келер жылы бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткіземіз, дейді аудан басшылығы.
Ақтоғай ауданы Қуаныш ауылындағылардың да қуанышында шек жоқ. Бұл елді мекен де көптен бері су тапшылығын сезініп келген. Қуаныш ауылының су желілерін тартып берген «LifeStoryInvest» ЖШС мердігері мәрттік танытқан. Келісімшарт бойынша су желісін тек үйдің ауласына дейін ғана жеткізу көрсетілген. Ал жауапты мердігер үйге дейін тартып беріп отыр. Ауыл халқы, ауыл әкімшілігі компания қызметкері Сағат Дүйсекинге дән риза. Мердігер тіпті, ауылдың мешітіне, мектебіне, клубына суды ақысыз тартып берген.
Бақылау барынша күшейеді
Жақында ғана облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында халықтың 100 пайыз ауызсумен қамтамасыз етілуі келесі жылдың соңына дейін ерекше бақылауда болатынын атап өтті аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.
– Алда азаматтардың, әсіресе ауылдық жерлерде өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін су құбыры желілерін салу, қайта құруға қатысты үлкен жұмыстар күтіп тұр. Мақсаты айқын, міндеті анықталған, қаржыландыру мәселесі шешіліп жатыр. Бұл – бюджетті қалыптастыру кезінде ескерілуге тиіс басым міндет. Жұмысты дұрыс ұйымдастыру, жауапкершілігімізді есте сақтауымыз маңызды, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.
90-жылдары облыстағы ауылдың көбі орталықтандырылған ауызсусыз еді. Өткен ғасырдың 50-60 жылдары салынған су жүйесі әбден тозған. Бұл күнде мұның бәрі «Ауызсу», «Ақ бұлақ», «Нұрлы жер», «Өңірлерді дамыту», «Ауыл – ел бесігі» секілді бірқатар мемлекеттік бағдарлама арқылы шешімін тапты. Мәселен, 1992 жылы облыстағы ауылдардың орталықтандырылған суы бары тек 32 пайыздың шамасында болыпты. Бүгінде ол үлес 100 пайызға жуықтады. Келер жылдың соңына дейін шалғай ауылдардың аузы тұщы суға 100 пайыз жетеді.
Қарағанды облысы