Атырау қаласындағы 337 балабақшаға 35 мың 437 бала барады. Жыл соңына дейін 610 орынға есептелген 4 жаңа балабақшаны ашу жоспарланып отыр.
Осындай жаңа нысанның бірі мұнайлы шаһарға таяу орналасқан Бесікті аулында ашылды. Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратовтың айтуынша, жаңа балабақшаға 280 бала қабылданады.
«Биыл осындай 6 нысанның құрылысы аяқталды. Бұл балабақшада мектепке дейінгі тәрбие алатын балдырғанддар үшін барлық қолайлы жағдай жасалды. Өйткені бүгінгі балдырғандарымызды еліміздің жарқын болашағына адал қызмет ететін саналы ұрпақ ретінде тәрбиелеуіміз қажет», дейді Дарын Шамұратов.
Сыртқы келбеті ерекше безендірілген екі қабатты жаңа ғимаратта гимнастика және музыка сабағын өткізуге арналған залдар бар. Нысан аумағында ойын және спорт алаңдары, жол жүру ережелерін үйретуге арналған алаң жасалған.
Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенованың мәліметінше, қазір балабақшада 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға арналған 4 топ ашылған. Әр топта 25 бала бар.
«Атырау қаласында жыл сайын балабақша кезегіне тұрғандар саны көбейіп келеді. Бұл мәселені жаңадан ашылған балабақшалар арқылы кезең-кезеңімен шешуді көздеп отырмыз», деді А.Дүйсекенова.
Ал облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, былтыр 6 орта мектеп іске қосылды. Мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында «Сарыарқа» және «Нұрсая» шағын ауданында 2 Binom мектеп-лицейі жұмысын бастады.
«Биыл мұнайлы шаһар маңындағы Ақжар аулында 1 мектеп пайдалануға берілді. Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Сарыөзек пен Береке аулында заманауи үлгідегі екі мектеп іске қосылды. Енді жыл соңына дейін Құлсары қаласынвң «Береке», облыс орталығындағы «Водниково» шағын ауданында салынып жатқан білім ордасын ашу жоспарланып отыр», деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Қазір өңірде 20 мектептің құрылысы қолға алынды. Оның ішінде Атырау қаласында салынып жатқан 11 нысан бар. Жылыой ауданында – 3 , Индерде – 3, Құрманғазыда – 2 және Исатай ауданында 1 білім ордасы салыну үстінде. Сондай-ақ Исатай ауданындағы Аққыстау ауылында 250 орындық өнер мектебінің құрылысы аяқталуға таялды. Тағы 9 білім ордасының жобалық-сметалық құжаты дайындалып жатыр.
Атырау облысы