• RUB:
    4.94
  • USD:
    495.2
  • EUR:
    522.34
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 09:25

Сапалы өнім – табыс көзі

43 рет
көрсетілді

Елімізде табысты еңбек етіп жатқан «Зенченко и К» ком­ман­диттік серіктестігі туралы біз бұған дейін де жазған­быз, осы жолы аталған компанияға қарасты күніне 150 тонна сүт өнім­дерін шығаратын зауыт туралы айтпақпыз.

Серіктестік сүт зауытын ашуды алғаш рет экономикалық дағ­дарыс жылдарында қолға ал­ған. Сол жылдарда жұрттың бәрі­не электр қуаты жетпей, облыс орта­лы­­ғынан бастап барлық ауыл-се­ло­лар қара түнекке оранғанда, Пет­ропавл – Жезқазған автотрас­са­­сы­мен түн мезгілінде жолда кетіп бара жатқан жолаушы тек Есіл­дің бойындағы Новоникольск ауылының ғана шамдары самаладай жарқырап тұратынын көріп таңғалатын. Сол кездегі іскер басшы, кейін Еңбек Ері атағын алған Геннадий Зенченко өзінің орынбасары, баласы Геннадийді жіберіп, Ресейдің әскери бөлімдерінен түрлі техникаларға бартермен айырбастап 28 дизельді электр-стансаларын алып келген екен. Сондықтан бұл ауылдың жарығы да өшпей, өндірісі де үзілмей жүріп жатты. Соның ішінде сиы­ры да сауылып, тонналаған сүт бұлағын ағызды. Алайда, оны өңдеп, сүт өнімдерін жасайтын зауыт жоқ. Қаладағы өңірге аты әйгілі мықты сүт зауытының бұрынғы басшылары оның сыртын ғана қалдырып, ішіндегі бар­лық құрал-жабдығын, тіпті сүт сақ­тайтын сапалы дюралюминий бактарына дейін жым-жылас қылып сатып, өздері қалталарын томпайтып тайып тұрған. Міне, осы бос орынды сатып алған «Зенченко и К» жаңа шетелдік құрал-жабдықтар сатып алып, сүт өнімдерін шығаруға кіріскен. Жұмыссыз жүрген бұрынғы қызметкерлер мен мамандар ша­қы­рылып, зауыт конвейерінен сүт өнім­дері ағылды. Жұмысты ұтымды ұйымдастыра білген Геннадий Зенченко мен ұлы Геннадийдің еңбегі жанып, ке­шікпей-ақ олардың ешқандай концентрат қосылмаған табиғи сүт өнімдері өңір тұрғындарының сүйіп тұтынатын азығына айналды. Өнімдер ұлғайған сайын көрші аймақтарға да жеткізу қолға алынды. Тіпті Астанаға да жетіп, азық-түлік дүкендерінде «Зенченко и К» логотипімен сатылып жатқан сүт өнімдерін халық сөреден лезде сатып әкететін. 2010 жылы Астана қаласында бол­ған ХІІ халықаралық байқауда  Зенчен­коның сүт өнімдері алтын ме­даль­ға ие болды.

Ал 2012 жылдан бастап «Зенченко и К» өзінің жаңа сүт зауы­­ты­­ның құрылысын бастап, сол жылдың аяғында алғашқы өнім­­­дерін бере бастады. Зауыт ди­рек­торы Игорь Заборскихтің айтуына қарағанда, бұрынғы зауыт консервіленіп, жабылып қо­йылған. Алда-жалда мына зауыт істе­мей қалса, оны дереу іске қоса­­тын көрінеді.

Қазір жаңа салынған зауытта 140 адам жұмыс істеп, күніне 150 тонна сүт өнімдерін шығарады. Со­нымен бірге сүт дүкендерінің сатушылары мен басқа жұмыс­шы­ларын, жүргізушілер мен жүк­шілерді қосса, бұл зауыттан 250-дей адам нәпақасын айырып отыр.

Сүт өнімдерінің саны 46 түрлі, өнімдердің сапасы автоматты түрде анықталады. Мысалы, сүт­тің майлылығы 2,5 пайыз десе бағ­дарламасында берілген тапсыр­мамен автомат оны бұлжыт­пай шығарады. Ешкімнен сүт алып, сүт жинау деген бұл компания­да жоқ. Шикізат та өз өнімі. Сауын сиырлардың бәрі сүтті, не­гізінен үш жылдық тайыншалар. Оларға жемазық таситын «Миксер» атты техниканың өзі де қызық, ол жемшөпті белгілі нормамен әкеліп, ұзыннан ұзақ салынған тас қораның бойымен бірдей етіп таратады. Ал сиыр сүзгілеп, алдындағы жемшөпті шашса – оны итеріп, алдына жинайтын шағын шетелдік трактор және бар. Егер малдың бойында ауытқу байқалса, бірден мал дәрігері қарап, ем-дом жасайды.

Сиырға берілетін жемазық рационында шөп, силос, пішендеме, кебек бар. Ал қыстыгүндері мұ­ның үстіне сәбіз, қызылша және мик­ро­қосындылар қосыла­ды. Сауы­латын сиыр 20 литр сүт беруі үшін 8 кило концентрат тұты­нуы керек көрінеді. Әрбір та­йын­­шаның мойнында барлық тари­хын көрсететін шағын датчик бар. Онда туған уақыты, тұқымы, қанша сүт беретіні т.б. жазылады.

Шығарылатын өнімдердің 80 тоннасы күн сайын Астанаға жет­кізіледі. Қарағанды мен Қостанайға 10 тоннадан барады. Соңғы кезде қарағандылықтар өздеріне әке­ле­тін өнім көлемін ұлғайтуды сұрапты. Келісімшарт бойынша барлық қалаларда қа­был­дау­шылар петропавлдық сүт және сүт өнімдерін әкелуші жүк маши­наларын арнайы орында қарсы алып, дүкендерге өздері таратады. Қанша жерден тоңазыт­қышты қондырғымен тасылса да сүт өнімдері тез бұзы­ла­тын азық-түлікке жатады. Соның ішін­де таза сүт төрт күнге дейін ғана сақталады. Сондықтан оны алу­шымен қатаң келісімшарт жаса­сып, тұтынушының қолы­на жедел тигізудің маңызы зор. «Зенченко и К»-ның сүт және сүт өнімдері күн шыға тоңа­зыт­қышы бар 20 көлікпен Астана мен Петропавлдан басқа Қостанай, Көкшетау, Щучье, Қарағанды қала­ларына таратыла­ды. Олар­дың ішінде 10, 20 тонналық фура­лар­мен қатар 1,5, 2 тонналық жеңіл жүк таситын көліктер де бар.

Зауыттың директоры Игорь Заборских 50 тонна сүт өнім­дерін шығаратын жаңа цех­тың құрылысын көрсетті. Жаңа цех қосылған сәттен сүт зауыты тәулігіне 200 тонна өнім шы­ғар­мақшы. Мұнда германия­лық құрал-жабдықтар қойылғалы жатыр. Оны орнатуға да неміс мамандары келіп, 10-15 күннен жұмыс істеп кетеді екен. Олар кеткен соң дәнекерлеу, орнату сияқты жұмыстарды көр­сетілген жобамен өзіміздің ма­мандар да орындап, іске кірі­сетін көрінеді.

И.Заборскихтің айтуына қара­ғанда, сүт пен сүт өнімде­рінің бәрі автоматты қондырғылар арқылы жа­салады. Ол түгіл өндіріс про­це­сін бақылауға да ешқандай бөтен адам кіргізілмейді. Климат­тық-бақылау қондырғылары қалыпты тем­пературадан сәл ауыт­қу­шы­лық болса дабыл қағады. Ал көргісі келген адамдар арнайы көру алаңындағы шынының ар жағынан ғана бақылай алады. «Біздің сүтіміз бен одан алынатын өнімдерге адам қолы тимейді. Бәрі автоматтандырылған», дейді И.Заборских.

Сонымен Солтүстік Қазақ­стан, Ақмола, Астана, Қара­ған­ды, Қостанай сияқты елі­міз­­дің 5 өңіріне өнімдерін жет­кі­зіп отырған зауыттың қай­на­ған тір­лі­гімен таныстық. Дирек­тор­дың айтуына қарағанда, 50 тонна өнім шығаратын жаңа цех іске қо­сыл­ған­нан кейін Павлодар на­ры­­ғына да компанияның өнім­дері жеткізілетін болады.

«Зенченко и К» өз өнім­дерінің қандай бәсекеге де тө­теп бере ала­тынына сенімді. За­уыт­­тың ба­қы­лау алаңындағы ай­шық­ты сөреде кәсіпорынның түр­лі отан­дық, халықаралық бай­қау­лардан жеңіп алған жүл­де­лері мен кубок­тарынан көз тұ­на­ды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы