Жақында облыс орталығында Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Секен Тұрысбек өзі жетекшілік ететін «Ақжауын» камералық оркестрімен концерт өткізді. Күй өнерінің корифейлерінен бата алып, өнерді өмірінің өзегіне айналдырған күйшінің ұлттық өнерге сіңірген еңбегі бағаланып, «Парасат», «Құрмет» ордендерімен марапатталғаны белгілі.
Аталған кеште «Ақ жауын» оркестрінің өнерпаздары өз композицияларымен Семей жұртшылығын тамсандырды. Бибігүл Қилымхан, Гүлнұр Саргизова және Жігер Бертісов сынды өнер иелері көрерменнің ерекше ілтипатына бөленді. Бұған қоса жерлес дарын иесінің шашбауын көтеріп жергілікті өнерпаздар да сазгердің танымал шәкірттері қатарында өз өнерлерін көрсетті.
Сазгердің шығармашылық кешіне қатысқан аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев туған жерінің ғана емес, тұтас қазақ баласының қадірлісіне айналған сазгерге құрмет көрсетіп, жерлестері алдында күйшінің шығармашылығы мен оның қазақ өнеріне сіңірген еңбегі хақында сөз сөйлеп, ел алдында абыройын асырды.
«Әкенің қаны, ананың сүтімен бойыңызға дарып, сүйегіңізге сіңген күй құдіреті сізді еліне елеулі, халқына қалаулы етті. Қара домбыраңыздың шанағынан шыққан «Ақ жауын» мен «Дарабоз», «Ұлы дала» мен көптің жүрегінен орын алған «Көңіл толқыны» талғамы биік тыңдарманның көңіл пернесін дөп басты. Дана халқымызда «Туған жерге туың тік» деген ұлағатты сөз бар. Жерлестеріңіз сіздің туған еліңізге деген зор құрметіңізге шексіз алғысын білдіреді», деді өз сөзінде облыс әкімі.
Салтанатты іс-шара аясында елімізге белгілі кәсіпкер, меценат Талғат Сақан күйші Секен Тұрысбекке автокөлік мінгізді.
«Шалқыма», «Дарабоз», «Қоңыр», «Көк бөрі», «Қосбасқан қоңыр», «Салтанат», «Жолаушы» сынды тыңдаушылардың көңіл шырайын кіргізетін туындылар көпшілік таразысына ұсынылды. Шығармашылық кештің иесі тыңдармандармен сырласып, жүрегін жарып шыққан шығармалары туралы тыңдармандарымен сыр бөлісті.
Абай облысы