Сингапур – қалдықтарды өңдеудің ең үздік жүйесін ойлап тапқан елдердің бірі. Бұл елде пластикалық бөтелкелерді қайта өңдеп, сапалы жолдар салуға пайдаланады.
Күн сайын екі мыңнан астам жүк көлігі қалдықтарды жинап, оларды арнайы өңдеу орталықтарына жеткізеді. Елде төрт үлкен қоқыс жағатын зауыт жұмыс істейді. Олар синтетикалық материалдарды, соның ішінде пластикті, қайта өңдеу арқылы құрылысқа қажетті материалдарға айналдырады. Мысалы, пластикалық қалдықтар цементпен араластырылып, кірпіш өндірісінде немесе жолдарды салуда қолданылады. Үдеріс барысында алынған жылу энергияға айналып, тұрғын үйлер мен ғимараттарды қамтамасыз етеді. Ал жану кезінде бөлінетін түтін арнайы сүзгілер арқылы тазартылады.
Қуатты 3D принтер
Аустралиялық ғалымдар биологиялық 3D принтерлердің жұмыс жылдамдығын 350 есе арттырды.
Бұл технология көптеген адамның өмірін құтқаруға мүмкіндік береді. Құрылғы небәрі 10 минут ішінде адам құлағын, ал бірнеше секундта теріні басып шығара алады. 3D басып шығару әдісі арқылы жасушалық негізде көлемді биологиялық құрылымдар жасалады. Бұл дәрігерлерге зақымдалған мүшелерді қалпына келтіруге немесе толықтай жаңасын басып шығаруға жол ашады. Қазіргі кезде технология күйік шалған науқастарға жасанды тері дайындау бағыты бойынша белсенді зерттеу жүргізіп жатыр. Бұл жаңалық болашақта миллиондаған адамның өмірін жақсартуға және медициналық қызметтерді қолжетімді етуге септігін тигізетіні сөзсіз.
Робот жүк тасушы
«Robust AI» компаниясы Carter Pro атты жаңа робот-жүктасушысын таныстырды.
Робот жүк қоймаларында адамдармен бірге жұмыс істей алады. Роботты арнайы тұтқасы арқылы қолмен басқаруға болады. Carter Pro өзіне орнатылған камераның көмегімен қоймада еркін қозғалады. Оны алғашқы болып DHL логистикалық компаниясы сынақтан өткізіп жатыр.