• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Digital Бүгін, 08:40

«Soyle App» қосымшасы қолданысқа дайын

53 рет
көрсетілді

Еліміздің цифрлық дамуы мен жасанды интеллект саласындағы кезекті ірі жетістігі – «Soyle App» қолданбасы. Бұл қолданба – сөз тану, мәтінді сөзге айналдыру, аудару қызметтерін біріктірген отандық бағдарлама. Жобаны Назарбаев университетінің Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтының (ISSAI) мамандары жасап шықты.

ISSAI бес жылдық зерттеулер нәтижесінде көптілді коммуникацияны қамтамасыз ететін «Soyle App» қолданбасын әзірледі. Бұл өнім қазақ тілінің ережелерін сақтай отырып, қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерінде аударма, сөзді тану, дыбысты мәтінге айналдыру секілді қызметтерді атқарады. Жоба еліміздің цифрлық трансформация үдерісінде жасанды интеллект технологияларын қолдану мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған.

ISSAI жұмысына тоқтала кет­­­сек, институт қазіргі уақытта аймақ­тық мәселелерді шешу, цифр­­лық коммуникацияның тиімділігін ­арттыру, деректерді қорғау саласында маңызды жобалар жасап жатыр. Институттың негізгі мақсаты – жасанды интеллектіні қолдана отырып, еліміздің цифрлық дамуына үлес қосу. Осы мақсатта жүзеге асырылған алғашқы ірі жобалардың бірі – «Soyle App» қолданбасы. Институт директоры Хусейн Атаканның айтуынша, бұл жоба жасанды интеллект технологиясын елдің цифрлық дамуына тиімді енгізудің айқын көрінісі. «Soyle App» арқылы біз Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы әлеуетін әлемдік деңгейге көтере аламыз. Бұл жобаны іске асыру осы саладағы мүм­кіндіктерді кеңейтіп, жаңа белестерге жетелеуге бағытталған маңызды қадам», дейді ол.

Жоба әзірлеушілері жасанды интеллект технологияларына, бағдарламалық қамтамасыз етуге, интерфейс дизайнына ерекше ерекше мән берген. Жасанды интеллект модельдері қосымшаның негізін құрайды. Олар сөзді тану, дауысты синтездеу, мәтіндерді аудару мүмкіндіктерін қамтама­сыз етеді. Жобаның жетекшісі Ұлжан Бисәрінова «Soyle App» қосымшасының әрбір құрамдас бөлігінің маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, қосымшаның бас­ты артықшылығы – жасанды интеллект модельдері мен интерфейс дизайнының үйлесімділігі.

«Жасанды интеллект модель­дері – бұл біздің қосымшаның өзегі. Олар сөзді тану, дауысты синтездеу, аударма жасау үдерістерін жоғары деңгейде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Әсіресе қазақ тілінің ерекшеліктерін ескеріп, нақты әрі түсінікті нәтижелер көрсетуге бағытталған модельдерді әзірлеу – біздің басты жетістігіміздің бірі», дейді «Soyle App» жобасының жетекшісі.

Сонымен қатар Ұлжан бағдар­ламалық қамтамасыз етудің қол­данбаның тұрақтылығы мен сенімді жұмыс істеуіндегі рөлін де атап өтті. Оның айтуынша, бұл компонент кез келген жағдайда қосымшаның үздіксіз қызмет көрсетуін қамтамасыз етеді.

«Soyle App»-ты әзірлеу барысында біз тек жеке қолданушылардың қажеттіліктерін ғана емес, бизнес пен мемлекеттік мекемелердің де талаптарын ескердік. Бағдар­ламалық шешімдеріміз осы мақ­сатқа толық сай келеді. Біздің мақсатымыз – әрбір қолданушы қосымшаны ешқандай қосымша оқулықтарсыз-ақ пайдалана алатындай етіп жасау. Сондай-ақ «Soyle App» интерфейсі интуитивті және барынша түсінікті етіп әзірленді. Бұл – біздің аудиториямызбен тиімді байланыс орнатуға арналған маңызды қадам», деп түсіндірді ол.

 

Сапалы аударма

Қолданбаның басты ерекше­лігі – оның қазақ тілінде сапалы ­аударма жасай алуында. Көптеген халықаралық платформалар ана тіліміздің күрделі құрылымдары мен стильдік ерекшеліктерін ескеріп, аударма жасай алмайды. Ал «Soyle App» мәтінді аудару кезінде оның құрылымын сақтап, мазмұнды дұрыс әрі түсінікті етіп жеткізеді. Өйткені Қосымша ISSAI институтының мамандары әзірлеген сөйлеу моделіне негізделген. Сондай-ақ аударма сапасы «FLoRes» тестілеу деректеріне сәйкес BLEU көрсеткіштеріне сай тексерістен өткен. Нәтижесінде, «Soyle App Google Translate», «Yandex Translate» сияқты танымал аударма платформаларымен салыстырғанда, қазақ тіліндегі сөз тіркестерін мағыналы аударған. Осылайша «Soyle App» қосымшасы тілдік модельдерінің бірегейлігімен ерекшеленіп отыр.

«Біз бұл қолданбаны жасауда ең алдымен қазақ тілінің ерекшеліктерін ескердік. Қолданба аударма барысында тек сөздерді аударып қана қоймай, олардың дұрыс мағынада қолданылуын қамтамасыз етеді. Бұл – аудар­ма сапасын халықаралық дең­гейдегі басқа қосымшалармен салыстырғанда, айтарлықтай жоғары етеді. Әсіресе іскерлік құжаттар, ресми хаттар және әдеби шығармалармен жұмыс істегенде аса маңызды», дейді жоба жетекшісі Ұлжан Бисәрінова.

ISSAI-дың айтуынша «Soyle App» сапалы аудармаға ұзақ жылғы зерттеулердің және қазақ тілін терең талдаудың нәтижесінде қол жеткізіп отыр. Бұл қосымша тек аударма құралы ғана емес, сонымен қатар қазақ тілін ха­лықаралық деңгейде танытуға арналған маңызды қадам. Қол­данбаның аударма сапасы мен дауыс тану жүйесі арнайы тестілеу нәтижесінде жоғары бағаға ие болған. «Біз Soyle App»-тің аударма сапасын «Plis Score» жүйесі арқылы сынақтан өткіздік. Қосым­ша тек тілдік дәлдігімен ғана емес, соны­мен қатар аударманың таби­ғи­­лығымен ерекшеленеді», дейді Ұлжан.

 

Қауіпсіздік қамтамасыз етіледі

«Soyle App» қосымшасы ақпа­­рат­тық қауіпсіздік мәселесін ерекше назарда ұстаған. Бағдарламаны пайдаланушылардың деректері ЖИ моделін жақсартуға қолда­­нылмайды. Сондай-ақ қолдан­ба­ның серверлері ел аумағында орналасқандықтан, жеке ақпарат шетел­дік жүйелерге жіберіл­мей­ді. Осы­лайша, ел азаматтарының жеке дерек­­тері қорғалатын болады. Жоба әзірлеушілерінің сөзін­ше, деректерді қорғау Ақылды жүйе­лер мен жасанды интеллект инс­ти­тутының негізгі жұмыс бағыты.

Бүгінде көптеген аударма жасайтын бағдарламалар мен жасанды интеллект қосымша­лары пайдаланушылардың жеке мәліметтерін модельді әрі қарай дамыту мақсатында қолданады. Мұндай жүйелер мемлекеттік органдарға қолайсыз. Себебі маңызды құжаттардың құпия­лығы қамтамасыз етілмейді. «Soyle App» осы мәселені ескеріп, қолданушылардың деректерін мүлдем сақтамау саясатын енгіз­ген. Қосымшаға жүктелген ақпа­раттар толықтай құпия болады. Сондықтан жоба авторлары мем­лекеттік мекемелермен ынты­мақ­тастық орнатуға ниетті екенін жеткізді.

Қосымша көптілді коммуникацияны жеңілдетіп қана қоймай, сонымен қатар елдің ақпараттық дербестігін қорғауға әрі күшейтуге бағытталған инновациялық өнім.

«Біздің басты мақсатымыз – пайдаланушылар деректерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. «Soyle App» арқылы қолданушылар еш алаңдамай, маңызды ақпаратты аударып, өңдей алады. Бұл, әсіресе мемлекеттік деңгейдегі құжат айналымы үшін аса маңызды. Біз бұл өнімді еліміздің цифрлық егемендігін нығайтатын құрал ретінде бағалап отырмыз», дейді ІSSAI бас директорының орынбасары Мадина Әбдірахманова.

 

Әмбебап құрал

«Soyle App» тек жеке қол­да­­­­ну­шыларға емес, бизнес пен мемлекеттік мекемелерге де қолайлы құрал бола алады. Қосымшаны әзірлеушілер оның қолдану аясын кеңейту мақсатында арнайы API интерфейстерін әзірлеген. Бұл шешім компаниялар мен ұйымдарға «Soyle App»-тың функционалдық мүм­кіндіктерін өз платформаларына бейімдеуге мүмкіндік береді. API интерфейстері арқылы аударма, дауысты тану және мәтінді өңдеу процестері ұйымдардың ішкі жүйелеріне интеграцияланады. Мысалы, компаниялар тұтынушылармен көптілді байланыс орнату үшін бұл қосымшаны пайдалана алады. Ал мемлекеттік мекемелер құжаттарды аудару немесе талдау кезінде қосымшаның қауіп­сіздік талаптарына сай келе­тін функцияларын қолдана алады.

Жоба авторларының айтуынша, мұндай шешімдер техноло­гия­ның жергілікті деңгейде тиімділігін арт­тырып, оны әртүрлі салаларда кеңінен қолдануға мүмкіндік береді. «Soyle App»-тың интерфейсі икемді. Ол түрлі қажеттіліктерге сай бейімделе алады. «Soyle App» – бұл аударма құралы ғана емес, сондай-ақ әмбебап платформа.

«Soyle App» қолданбаның сәтті іске асуы – Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты мамандарының табанды еңбегінің нәтижесі.

Жоба жетекшісі болашақта «Soyle App» қолданбасын дамытуға ерекше мән берілетінін атап өтті. Қазіргі таңда қосымша толыққанды пайдалануға дайын болғанымен, ұжым жыл соңына дейін бағдар­ламаны одан әрі жетілдіру жұ­мыстарын жалғастыра бермек. Ұлжан Бисәрінованың айтуынша, қолданбаның негізгі басымдығы – аударма сапасын жақсарту.

«Біз қолданушылардың қажет­ті­ліктерін ескере отырып, аударма сапасын жаңа деңгейге көтеруді көздеп отырмыз. «Soyle App» қазақ тілінің ерекшеліктерін терең түсіне отырып, тілдік кедергілерді жоюға көмектеседі. Бірақ біз­дің мақсат – мұнымен шектелмеу. Қосымшаның жұмыс істеу мүмкіндіктерін кеңейтіп, оны әмбебап құралға айналдырғымыз келеді», дейді ол.

Қолданба жасаушылар жаңа функцияларды қосуды әрі оның қолдану аясын арттыруды жос­парлап отыр. Жыл соңына дейін жүргізілетін жұмыстар бары­сында қолданбаның интер­фейсі жетілдіріліп, кәсіби дең­гейде қолдануға ыңғайлы жаңа мүмкіндіктер енгізілмек. Бұл «Soyle App»-ты күнделікті қа­рым-қатынасқа ғана емес, іскер­лік, ғылыми мақсатта да пай­да­­­лануға мүмкіндік береді. «Біз­­дің міндетіміз – тек аударма құралын жасап қою емес, елі­міздің цифрлық экожүйесін жаңа деңгейге көтеруге үлес қосу. «Soyle App» осы бағытта маңызды рөл атқарады деп сенеміз», деп атап өтті М.Әбдірахманова.

Жоба авторының айтуынша, инновациялық өнім тек еліміз үшін ғана емес, халықаралық деңгейде де көптілді қарым-қатынасты жақсартуға үлес қоспақ. «Soyle App» арқылы әрбір пайдаланушы заманауи технологиялардың артықшылығын сезініп, оны өз қажетіне қарай қолдана алады.