Метаверс (Metaverse) – цифрлық дәуірдің жаңа кезеңдегі рәмізіне айналды. Онда виртуалды кеңістік, біз өмір сүріп жатқан ғалам мен цифрлық әлемнің әртүрлі аспектілері біріктіріледі. Пайдаланушыларға бірегей байланыс, жұмыс, ойын-сауық мүмкіндіктерін ұсынады. «Meta» (бұрынғы Facebook), «Microsoft» сынды ірі корпорациялар бұл салаға миллиардтаған қаржы құйып, оны болашақтың платформасы ретінде таныстырып жүр. Бұл тек фантастика ма, әлде болашақ па?
Қарапайым тілмен түсіндірер болсақ, метаверс – интернеттің жаңа түрі. Ол жерде адамдар тек сайт қарап немесе хабарлама жазбайды, виртуалды әлемге кіріп, сол жерде өмір сүре алады. Мәселен, аватар арқылы виртуалды саябақта қыдырып, достарыңызбен кездесесіз. Виртуалды кеңістікте әріптестермен жиналыс өткізіп, жұмыс істейсіз. Киімнің виртуалды нұсқасын сатып алып, оны аватарға кигізетіндер де бар. Шынайы өмірдей көрінетін виртуалды ойындар ойнайсыз. Мұның әлеуеті айта берсе, тағысын тағы шарықтап кете береді.
Grand View Research сарапшыларының пікірінше, метаверс нарығының жалпы құны 2022 жылы 47,48 млрд доллар болса, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 678,8 млрд долларға жетуі мүмкін. Қазір бұл технология ойын индустриясынан бастап, білім беру, сауда, денсаулық сақтау салаларында қолданылып жүр.
Басында құр қиялға балаған бұл сала, қазір шындыққа айналып барады. Себебі «Meta» осындай виртуалды әлемді жасауға 10 миллиард доллар жұмсады.
Ал «Fortnite» сияқты ойындардағы бір концертке 12 миллион адам келген. «Nike» виртуалды дүкен ашып, виртуалды спорт аяқ киімдерін сата бастады.
Демек, метаверс әлі толық дайын болмаса да, болашақта ол күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналуы мүмкін.
Дегенмен мұның зияны пайдасынан көп болуы мүмкін. Соған тоқталайық. Бірінші кесірі – оқшаулану, адамдықтан адасу. 2022 жылы «Stanford University» жүргізген зерттеулерде, виртуалды шындықты 1 сағаттан артық пайдалану адамдарда шаршау, мазасыздық, әлеуметтік байланыстардың әлсіреуіне алып келетіні анықталған. Ал қазірдің өзінде жастардың 30%-ы метаверс сияқты платформаларда көп уақыт өткізу шынайы өмірдегі достарымен қарым-қатынасына теріс әсер ететінін мойындап жүр. Мысалы, Қытайда оқушылардың онлайн ойындар мен метаверс платформаларына тәуелділігін азайтуда мемлекет арнайы уақыт шектеулерін енгізіп жатыр.
Екіншісі – цифрлық теңсіздік. Қазір VR көзілдірігінің орташа бағасы 300-500 доллар аралығында (мысалы, Meta Quest 499 доллар тұрады). Бұл баға көптеген дамушы елдердің тұрғындарына қолжетімсіз. Ал әлемде интернетке әлі толық қолы жетпеген адамдар саны 2,6 миллиардтан асатынын ойласақ, метаверс технологиясын толық қолдануға кедергі көп.
Одан кейін құқықтық мәселесі менмұндалайды. 2021 жылы «Meta» платформасында метверсте әлемінде болған алғашқы «виртуалды зорлық-зомбылық» оқиғасы тіркелген-тұғын Бұл жағдай пайдаланушылардың құқықтарын қорғау механизмдері жеткіліксіз екенін дәледеді. Тіпті «Statista» мәліметіне сүйенсек, осы платформаларында кибербуллинг оқиғалары жыл сайын 32%-ға артып жатыр екен.
Байқағанымыздай, бұл болашақтың технологиясы болғанымен, оның қауіптері де елеулі. Әлемдік деректер мен оқиғалар бұл технологияны дамыту кезінде құқықтық, әлеуметтік, экономикалық мәселелерді шешудің маңыздылығын көрсетеді. Егер бұл мәселелер назардан тыс қалса, метаверс пайдалы құрал емес, күрделі мәселеге айналады.
Бұл тақырып ары қарай толық зерттеледі. Себебі көкейде мың бірінші болып «Бұл тізбекте біз қайдамыз?» деген сұрақ қалды.