• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қылмыс Бүгін, 08:50

Кибералаяқтардың жаңа «қақпаны»

40 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстан облысы аумағында жүргізіліп жатқан «Anti fraud» жедел-профилактикалық шарасы арқылы бір күнде 7 интернет қылмыскері әшкереленді. Бұл туралы облыстық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы, полковник Иван Терзиди хабарлады.

«Веб-кеңістікке мониторингті күшейттік. Біздің қызметкерлер ха­лық арасына кең тараған әлеуметтік желілердегі сайттардың хабарландырулары мен пабликтерінің рас-өтірігін тексерді. Соның ішінде 10 сайттық сілтеме құқық бұзушылық контенттер болып шықты. Олардың көбі – халықты алдаған фейк хабарландырулар. Бұл сілтемелерді бұғаттау үшін біз «Кибернадзор» жүйесіне жібердік. Сонымен қатар 6 интернет алаяқтықты анықтадық. Оның төртеуі – бұрын жасалған алаяқтық қылмыстар. Ал біреуі ұр­лық жасау арқылы жасалған. Кү­дік­ті адам біреудің банк картасын ұрлап алып, сонымен сатып алған тауарының құнын төлеген», деді ол.

И.Терзиди биыл 10 айда Жастар ресурстық орталығының волонтерларымен бірлесіп алаяқтықтан сақтану хабарларын бірнеше рет таратқанын айтты. Алайда осы уақыт аралығында 606 интернет алаяқтық жасалған екен.

Айта кететін жайт, халықты ал­дау­дың негізгі бөлігі Instagram желісі және OLX арқылы берілген хабарландыруларға тиесілі. Осы жылы мұндай 85 жағдай болған. Бұл хабарландырулар бірінші алданған адамның шағымынан кейін-ақ бұ­ғатталуы керек еді. Бірақ жедел бұ­ғат­­таудың да өзіндік олқылықтары бар.

Криминалдық полиция бас­қар­масының қызметкерлері алаяқ­тықтың жаңа түрі шығып жатқанын да жариялады. Ол алаяқтардың жоға­ры технологиялық әдістерді қол­дануы арқылы жасалады. Алаяқтар қазір нейрожүйенің мүмкіндіктерін пайдаланатын болыпты. Жасанды интеллект арқылы адамның бейнесі мен даусын да айнытпай түсіруді игерген. Мұндай әдіс қазір «дифейк» деген атау алған.

«Адамның бейнесі мен даусын дәл келтіріп, қылмыскерлер оның туыстары мен таныстарына тезірек мына есепшотқа ақша аударшы деп жалынып, қайырылады. Тіпті басына бір іс түсіп қалғанын да айта алады. Аударған ақшаны тез арада қайтаратынын да айтып береді. Туыстарынан немесе жақын таныс­тарынан мұндай хабар алған адам еш асықпай жақын адамына хабарласуы керек. Сөйтіп, хабардың өтірік екеніне көз жеткізеді», дейді И.Терзиди.

Алаяқтар конкурста біреуге да­уыс беруді өтініп жіберілетін хабарды да өз қылмысына пайдаланады екен. Мәселен, менің балама конкурста даусыңды бере қойшы деп жіберген хабарламада «мына сілтемеге ба­сыңыз» дегенді орындасаңыз, олар осы арқылы вирус жіберіп, теле­фондағы барлық ақпаратты қолға түсіре алады. Қазір криминалдық полиция басқармасы осы туралы ролик шығарып, оны да «Anti fraud» жедел-профилактикалық шарасында қолданып жүр.

Осы басқарманың қызметкерлері жуырда облыстық мәслихаттың депутаттарымен алаяқтардың сыбайласы болып, банк карталарын пайдалануға беретін дропперлерді қалай жаза­лаудың жолдарын талқылады. Дроп­пер болып оңай ақша табудан ха­лықты, соның ішінде жастарды сақ­тандыру үшін заңнаманы жетілдіру қажеттігі айтылды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы