Тек таңдаулы шикізаттан жоғары сапалы ұн шығаратын «Фирма АЛиКС» ЖШС 12 жыл бұрын құрылды. Оның басты артықшылығы – ұн құрамындағы астық компонентін толық сақтай отырып нан жасайды.
Аталған компания осыдан 6 жыл бұрын шағын ұн диірменін іске қосты. Одан қатты бидайдың, күріштің, қара және қызыл құмықтың, жүгерінің ұнын шығара бастады. Қазір мұндағы шыққан ұн өнімі өз елімізбен қатар, көрші өзбек елінің сауда сөрелерінен де орын алған.
Компания былтыр «Даму-Өндіріс» мемлекеттік бағдарламасы арқылы «Қазақстан Халық банкінен» 270 млн теңге несие алған. «Даму» қоры несие пайызын субсидиялап, кепілдік беру арқылы қолдау көрсетіпті. Бұл қаражатты глютенсіз макарон өнімдерін өндіруді бастау үшін заманауи жабдық сатып алуға және комбинат ғимаратын салуға жұмсаған.
«Өткен жылдан бастап жаңа жоба – макарон цехын салуды қолға алдық. Негізі макарон елімізде ежелден бері көп. Алайда глютенсіз ұннан жасалған макарон жоққа тән. Сондықтан мұндай өнімді шығару бойынша елде бірінші болып тұрмыз. Цех ғимаратының аумағы 330 шаршы метрді алып жатыр. Сағатына 200–250 кило макарон өндіру қуатына иеміз», деді компанияның негізін қалаушы Меделбек Ағыбаев.
Әдемі қаптамаға салынған өнімнің сыртына қазақ, ағылшын, қытай, орыс тілдерінде түсіндірме жазылған. Компанияның басты мақсаты – отандық нарықты толық игеру. Себебі бұл өнімнің адам ағзасына тигізер пайдасы аса мол. Негізі мұндай өнімді аллергиясы бар адамдар тұтынады. Мысалы, көбіне бидай ұнынан аллергия болады. Сондай дерті бар жандар жүгері мен қара құмық ұнынан жасалған тағам тұтынса, аллергия ауруына ұшырамайды.
«Осы жүгері, күріш, қара және қызыл құмықтың ұнына халыққа әуел баста бірінші болып біз ұсынған едік. Енді оның макаронын жасауды қолға алдық. Бұл өнімдер бірінші кезекте асқазанға пайдалы. Сондай-ақ мұны тұтынған адам семірмейді. Ғылыми тұрғыда дәлелденген дәйек», деді ЖШС бас директоры Арман Бейсембинов.
Бас директордың айтуынша, компанияның алға қойған жоспары үлкен. Бүгінде сара ұнның бір бөлігін көрші өзбек еліне экспорттап отыр. Ал басты мақсаты елдегі сауда сөрелерін толық игеріп болған соң, күріш, қара, қызыл құмық және жүгері ұнынан жасалған тағамдарға сұранысы жоғары Қытай нарығына шығуды көздеп отыр.
Қазір сағатына 200-250 келі сара макарон шығарып отырған комбинаттың өнімінің сапасы өте жақсы деп бағаланған. «Сондықтан алдағы уақытта шет мемлекеттерден тапсырыс көп түседі деген сеніміміз мол. Әрі өз елімізде де біздің өнімге деген сұраныс күннен-күнге артып келе жатыр», деді Арман Бейсембинов.