• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әлем Бүгін, 09:30

G20: Аштық пен кедейлікке қарсы жаһандық альянс құрылады

32 рет
көрсетілді

Рио-де-Жанейрода «үлкен жиырмалық» (G20) елдерінің саммиті аяқталды. Оған қатысушылар әлемдегі аштыққа қарсы Альянс құрып, қорытынды коммюникеде Украина мен Таяу Шығыстағы бейбітшілікке шақырды.

Екі күнге созылған саммитте Бразилия төрағалығын аяқтап, Оңтүстік Африка Респуб­ли­ка­сы­на эстафетаны ресми түрде тапсырды. Форумда негізінен кедейлік пен теңсіздікке қар­сы күрес, энергетикалық ауы­су, сондай-ақ жаһандық халықара­­­лық институттарды (БҰҰ, ХВҚ және ДСҰ) реформалау мәсе­лелері талқыланды. Іс-ша­ра­ға барлығы 42 ел қатысты, G20-ның тұрақты мүшелерінен басқа Ангола, Боливия, Мысыр, БАӘ, Малайзия және Вьетнам өкілдері шақырылған. Биыл Ресей делегациясын Сыртқы істер министрі Сергей Лавров,­ Қытай делегациясын Си Цзинь­пин басқарды. Бразилияға АҚШ президенті Джо Байден, Ұлыбритания премьер-ми­нистрі Кир Стармер, Франция президенті Эммануэль Макрон, Германия канцлері Олаф Шольц, Түркия президенті Ред­жеп Тайип Ердоған және Еуро­комиссияның басшысы Урсула фон дер Лейен келді.

Саммит қорытындысы бо­­йынша көшбасшылар 85 тар­мақтан тұратын Бірлескен ком­мюникеге қол қойды, екеуі­ Украи­на мен Таяу Шы­ғы­с­тағ­ы қақ­тығыстарға арнал­ған.­ Қатысушы елдердің бар­лығы да 2015 жылы БҰҰ кли­мат­тың өзгеруі жөніндегі кон­ференциясының (COP28) қорытындылары бо­йынша әзірленген БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына, Париж келісіміне сәйкес таза және қолжетімді энергетикаға көшу­ді жеделдетуге міндет алды. Алай­да құжатта қазба оты­ны­нан бас тарту жоспарлары ту­ра­лы айтылмайды. Негізі халық­аралық институттардың рефор­маларына арналған қоры­тын­ды коммюнике бөліміндегі мәсе­лелер көбіне БРИКС ұсы­ныс­тарымен сәйкес келеді дейді Bloomberg сарапшылары. G20 көшбасшылары Африка, Латын Америкасы және Азия елдерін қосып, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтуге шақырды. Олар сондай-ақ мемлекеттер арасындағы дауларды шешудің тиімді жұмыс істейтін жүйесін құру мақсатында ДСҰ-ны ре­фор­­малауға ұсыныс білдірді.

Саммит аясында Бразилия­ның бастамасымен аштық пен кедейлікке қарсы жаһандық альянс құрылатын болды. Форум­ның ашылуында Бра­зи­лия президенті Лула да Силва, БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының деректеріне сілтеме жасай отырып, 2024 жылы әлемде 733 миллион адам аштық пен кедейлікте өмір сүріп жатқанын атап өтті.

«Аштық пен кедейлік тап­шылықтан немесе табиғи құ­былыстардан туындамайды, бұл – адамзаттың едәуір бөлігін оқшаулауға итермелейтін саяси шешімдердің нәтижесі. Біз бұл апатты тоқтатуымыз керек», деді Бразилия басшысы. G20-ның барлық тұрақты мүшесі, сондай-ақ 26 халықаралық ұйым­да­рды қосқанда 81 ел бұл ұсы­нысты бірден ма­құл­­­даған.

Бразилиялық «Folha de S.Paulo» баспасөзінің мәліме­тін­ше, саммит қарсаңында АҚШ пен оның одақтастарының өкілдері декларация жобасына Ресейдің Украинадағы әрекеттерін айып­тайтын тар­мақ­тарды қосуды талап еткен, ал жаһандық Оңтүстік ел­де­рінің кейбір қа­ты­­су­­шы­лары Израильдің Га­за­­дағы әре­кеттерін сынаған ере­же­лер­ді қосуға шақырған. Таяу Шығыстағы қақтығысқа ар­нал­ған ережеде G20 басшылары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің №2735 қарарының талаптарына сәйкес Газа секторында, сондай-ақ Ливанда атысты тоқтатуды бірауыздан қолдайтынын атап өткен. Декларация мәтінінде «палестиналықтардың өзін-өзі анықтау құқығы» және «екі мемлекет» қағидаты бо­йынша жанжалды шешуге деген ұмтылысы енгізілген. Топ жетекшілері Газа секторындағы гуманитарлық жағдайға және Ливандағы қақтығысқа қатты алаңдаушылық білдіріп, ай­маққа гуманитарлық көмек­ті кеңейтуге шақырды. Соны­мен қатар коммюникеде қақты­ғыс­­тарға байланысты барлық мемлекет БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына сәйкес әрекет етуі керек. Атап айтқанда, кез келген мемле­кет­тің егемендігін немесе сая­си тәуелсіздігін бұзатын әрекет­тер­ден аулақ болу керектігі айтылады.

Ал қорытынды коммюникеде Украинадағы қақтығысқа қатысты бір тармақ қана ен­гізілген. Қытай басшысы Си Цзиньпин G20 басшыларын Украинадағы қақтығысты бәсең­детуге көмек қолын созуға ша­қырды.

«Үлкен жиырмалық» БҰҰ мен оның Қауіпсіздік Кеңесін, атап айтқанда, дағдарыстарды бейбіт жолмен шешуге ықпал ететін барлық күш-жігерін қол­дауға тиіс», деді ҚХР төрағасы.

G20 саммиті қарсаңында «Folha de S.Paulo»-ға жария­лан­ған мақаласында Си Цзиньпин Бразилияның Украинаны реттеу бастамасын халықаралық қауымдастық оң бағалап, қолда­ғанын еске салды. Украинаның өзі G20-ға кірмейді, ал Бразилия тарапы Владимир Зеленскийді саммитке шақырған жоқ.