Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиевтің хабарлауынша, 20 қарашада «Асыл-Агро» шаруа қожалығының мал сою пункті аумағына карантин енгізілген. Бұған өлі сиырдан сібір жарасы белгілерінің анықталуы себеп болған, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Лабораториялық талдау мал сою цехындағы жұмысшылардың бірінде тері сібір жарасы диагнозын растады. Ол ауруханада жатыр, жағдайы тұрақты, медициналық хаттамаға сәйкес емделіп жатыр. Басқа жұмысшыларда ауру тіркелген жоқ», деді Р.Жұмағазиев.
Оның айтуынша, инфекция ошағында санитарлық-ветеринарлық нормаларға сәйкес жұмыстар жалғасып жатыр.
«Ветеринарлық қызметтер карантиндік аумақта барлық жануарды вакцинациялауды аяқтап, дезинфекция жүргізіп жатыр. Ірі қараның импортын бақылау үшін Атырау облысында төрт полиция және ветеринарлық бақылау бекеті құрылды. Егулерді, жануарлардың жай-күйін растайтын құжаттар тексеріледі және термометрия жүргізіледі. Сондай-ақ қаланың мал сою пункттерінде осындай шаралар қабылданды», деп хабарлады Руслан Жұмағазиев.
Естеріңізге сала кетейік, ветеринариялық құжатсыз малды тасымалдауға және союға қатаң тыйым салынады.