• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Спорт 25 Қараша, 2024

Сағындық Тоғамбай: Әр салмақта бәсекелестік жоғары

125 рет
көрсетілді

29 қараша – 11 желтоқсан аралығында Таиландтың Чиангмай қаласында бокстан Азия чемпионатының жалауы желбірейді. Астанада Қазақстан, Куба және Ресей құрама боксшылары бас қосқан оқу-жиындары аяқталды. Сары құрлық чемпионатында 92 кг салмақта ел намысын қорғайтын Сағындық Тоғамбайдың айтуынша, кіл мықтылар бас қосқан оқу-жиынында біраз жұмыстар атқарылды.

«Қазақ боксы бұрын да, қазір де мықты. Әр салмақта бәсекелестік жоғары. Сондықтан 13 салмақта ел намысын қорғайтын жігіттер барын салатыны анық. Куба мен Ресей боксшыларымен өткізген оқу-жаттығу жиынында өзіміздің кем-кетіктерімізбен жұмыс істедік. Мұндай спаррингтер біздің шыңдалуымызға керек», деді С.Тоғамбай.

Естеріңізге сала кетейік, Тай елінде Санжар Тәшкенбай (48 кг), Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмуд Сабырхан (54 кг), Оразбек Асылқұлов (57 кг), Бейбарыс Жексен (60 кг), Мұхамедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг), Дулат Бекбауов (67 кг), Абылайхан Жүсіпов (71 кг), Диас Молжігітов (75 кг), Ерасыл Жақпеков (80 кг), Бекзат Нұрдәулетов (86 кг), Сағындық Тоғамбай (92 кг), Айбек Оралбай (+92 кг) сынды саңлақтар күш сынасады.

Ал әйелдер құрамасының бапкерлік кеңесі Азия чемпионатына төмендегі мына боксшыларды бекітті: Әйгерім Сәттібаева (48 кг), Алуа Балқыбекова (50 кг), Жазира Орақбаева (52 кг), Сымбат Әлиасқар (54 кг), Ұлжан Сәрсенбек (57 кг), Виктория Графеева (60 кг), Аида Әбікеева (63 кг), Милана Сафронова (66 кг), Наталья Богданова (70 кг), Диана Мағауияева (75 кг), Гүлсая Ержан (81 кг), Елдана Талипова (+81 кг).

Былтыр Амманда өткен Азия чемпионатын еліміздің ерлер құрамасы 3 алтын, 6 күміс, 3 қоламен қорытындылады. Жігіттердің арасынан Санжар Тәшкенбай (48 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Айбек Оралбай (92 кг) бас жүлдені олжалады. Бұл көрсеткіш жалпы командалық есепте көш бастауға жеткіліксіз болды. Себебі, Өзбекстан әлдеқайда жақсы нәтиже көрсетті. «Ала шапандылар» 5 алтын, 2 күміс, 3 қоланы қоржынға салды. Көршілес елдің өкілдері арасынан Хасанбой Дусматов (52 кг), Абдумәлік Халоков (57 кг), Руслан Абдуллаев (63,5 кг), Саиджамшид Джафаров (75 кг), Лазизбек Муллажоновтың (+92 кг) мерейі үстем болды. Таиланд пен Иорданияға екі, Филиппинге бір-бір алтыннан бұйырды.