Кеше Астанада Қазақстан, Куба және Ресей құрама боксшылары бас қосқан оқу-жиындары аяқталды. БАҚ өкілдері арнайы жиналған іс-шарада үш елдің боксшылары спарринг өткізді.
Ұлттық командамыздың бас бапкері Қайрат Сәтжанов сары құрлықтың басты додасына үздік шәкірттерінің барлығын қосуды құп көрген екен. Құраманың бас бапкері боксшылардың дайындығына көңілі толатынын айтты.
«Құрама жігіттерінің дайындығы жақсы. Куба, Ресей боксшыларымен бірлескен оқу-жаттығудың өткізудегі әу бастағы жоспарымыз боксшыларымыз Азия чемпионатына 100 пайыз дайын болып бару еді. Жоспар орындалды. Енді тек нәтиже көрсетуіміз керек», деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Тай елінде Санжар Тәшкенбай (48 кг), Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмуд Сабырхан (54 кг), Оразбек Асылқұлов (57 кг), Бейбарыс Жексен (60 кг), Мұхамедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг), Дулат Бекбауов (67 кг), Абылайхан Жүсіпов (71 кг), Диас Молжігітов (75 кг), Ерасыл Жақпеков (80 кг), Бекзат Нұрдәулетов (86 кг), Сағындық Тоғамбай (92 кг), Айбек Оралбай (+92 кг) сынды саңлақтар күш сынасады.
Ал әйелдер құрамасының бапкерлік кеңесі Азия чемпионатына төмендегі мына боксшыларды бекітті: Әйгерім Сәттібаева (48 кг), Алуа Балқыбекова (50 кг), Жазира Орақбаева (52 кг), Сымбат Әлиасқар (54 кг), Ұлжан Сәрсенбек (57 кг), Виктория Графеева (60 кг), Аида Әбікеева (63 кг), Милана Сафронова (66 кг), Наталья Богданова (70 кг), Диана Мағауияева (75 кг), Гүлсая Ержан (81 кг), Елдана Талипова (+81 кг).