• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Жәдігер 26 Қараша, 2024

Ағартушыдан қалған мұра

37 рет
көрсетілді

Қостанайдағы Ыбырай Алтын­сарин мемориалдық музейінде Арқалық педагогика институты мұражайының көшпелі көрмесі ашылды. Арқалықтан келген құн­ды жәдігерлердің ішінде 1864 жылы Торғайда Ыбырай ашқан тұң­ғыш мектептің қоңырауы да бар.

160 жылдық тарихы бар көне қоңырау бүгінде Ыбырай Алтын­сарин атындағы Арқалық педагогика институтының мұражайында сақ­таулы тұр. Көшпелі көрме инсти­тут ғалымдарының зерттеу жұмыс­та­рының нәтижесінде табылған өзге де баға жетпес дүниелерді, мысалы, ағартушының табағын, қымыз ішкен тостағанын, Ыбырайдың баласы Абдолла мен немересі Нағимаға тиесілі заттарды, құнды суреттер мен деректі мұрағаттық құжаттарды жұртшылық назарына ұсынып отыр.

«Елімізде әйгілі ағартушыға арнап ашылған тұңғыш музей осы Арқалықтағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мемлекеттік педагогикалық институтында болатын. Бұл – еліміздегі ағарту ісінің, білім беру үдерісінің даму тарихынан сыр шер­тетін алғашқы мұражайдың бірі. 1974 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мұражайдың ашылуына инс­титуттың тұңғыш ректоры Мырзағали Төлегенов пен мұражайдың алғашқы директоры Әсет Ламашев көп еңбек сіңірді. Ыбырай Алтынсарин мұрасын зерттеп, зерделеп, аталған музейді ұйымдастыруда, әсіресе, ғалым Әсет Ламашев көп тер төкті. Ол кісі 1,5 мыңнан астам жазба құжаттарды, қомақты экспонаттар қорын жинап, елге танытты. Алғаш екі бөлмеден ғана тұрған институт ішіндегі шағын мұражайды респуб­лика деңгейіндегі мемориалдық музей мәртебесіне дейін жеткізіп кетті. Сондықтан бұл музейдің ұлттық руханият та­ри­хындағы орны қашанда ерекше. Көрмені ұйымдастыруға қолдау көрсетіп, Қостанай жұртшылығының, еліміздің түкпір-түкпірінен келіп осында білім алып жатқан студент жастардың түпнұсқа құнды жәді­гер­лермен танысуына мүмкіндік жа­саған Арқалық институтының ректоры Ержан Әмірбекұлына алғысымыз шексіз», дейді музей директорының орынбасары Салтанат Өтелбаева.

Арқалықтан жеткен көшпелі көрме қараша айының соңына дейін жұмыс істейді.

 

Қостанай облысы