• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:33

Жетісуда дәрігер тапшы

28 рет
көрсетілді

Жетісуда 200-ге жуық медицина маманы жетіспейді. Бұл мәселені шешу жолында сырттан дәрігер тарту жұмысы жүріп жатыр. Дегенмен ауылдарда ашылған шағын емханаларда білікті маман жоқтың қасы. Денсаулық сақтау министрлігі бұл түйткілдің алдын алу мақсатында жас мамандарды ауылдық жерлерде тәжірибеден өткізуді ойластырмақшы. Солай болған жағдайда грантқа түскен түлектер елді мекендерде жас педагогтер секілді қызмет етуге міндеттеледі.

Жетісуға арнайы іссапармен келген Денсаулық сақтау ми­нистрі Ақмарал Әлназарова өңір­­дегі медицина саласындағы мәселелермен ­та­нысты. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі болса да, «Асар» спорттық-оңалту орталығын ашқан кәсіпкер Елдос Баялышбаев тағдыр­ластарына ем алу курсын арттыруды сұрап отыр. Мұндағы науқастар портал арқы­лы 3 рет қана ем алуға құқылы. Кешенде омыртқа жарақаты, инсульт, балалардың церебралды сал сырқатына ем жасалады. Мүгедектіктің зардабын тартқан жас кәсіпкер еліміздегі Жапон елшілігінен грант ұтып, оңалтуға арналған алғашқы жаттығу залын ашып, жабдықтаған. Бүгінде онда тірек-қимыл жүйесін емдейтін кинезотерапия, массаж, физиотерапия, логопед мамандары қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда еліміздің әр аумағынан емделушілер келеді. Министр Ақтау, Алматы қалаларынан келіп ем алып жатқан азаматтармен сөйлесіп, жүргізіліп жатқан жұмыстарды сарала­ды. Мекеменің материалдық-техникалық базасымен танысып, жеке құрамымен тілде­сіп, науқастарға көмек көрсететін мұн­дай ин­фра­құрылымның маңыздылығына тоқталды.

«Мемлекет тарапынан көрсетілетін кө­мектің бәрін алдық. Болашақта кешен жанынан үлкен қонақүй салсақ деген жос­парымыз бар. Себебі ем алушылардың ба­сым көпшілігі пәтер жалдап тұрады. Олар­дың қалтасына салмақ түседі. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар емнің 4 немесе 5 кезеңін толық алуы керек. Ал бізде портал арқылы тек 3 рет ем ала алады. Сондықтан ем алу курсын арттыруды сұраймыз. Себебі аяққа тік тұрғанша үздіксіз жұмыс жүргізілуге тиіс», деді Е.Баялышбаев.

Алдағы уақытта халықтың денсау­лы­ғын нығайтуға қажетті жаңа жүйелерді іске қосатынын айтқан министр аурухана­лардың, оңалту орталықтарының жұмы­сын жақсартуға ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы аясында ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Аталған жобамен былтырдан бас­тап осы өңірде 59 нысан салыну жоспары бекітілсе, биыл жыл соңына дейін соның 30-ы іске қосылады деп күтіліп отыр. Сіз­дермен кездесер сәтке дейін аталған ны­сандардың екі-үшеуін аралап, сапасын тексеріп келдім. Бұлар ауылды жерлердегі халыққа ыңғайлы, медициналық көмек көрсету сапасын жақсартуға оң ықпал ететін нысандар», деді министр.

Оның айтуынша, кадр тапшылығы елі­міз көлеміне жаппай жайылған, күрделі мәселе. Ресми түрде 4 мыңнан астам дәрігер жетіспейді деп көрсетілгенімен, мұның ауқымы аталған көрсеткіштен жоғары. Десе де кейінгі 15 жылдағы рекордтық көрсеткіш орын алып, биыл 10 мыңнан астам дәрігер оқып шыққан. Жетісу облысына жіберілген дәрігерлердің 30 пайызы ғана жергілікті жерлерге келіп жұмыс істеп жатыр.

Биылдың өзінде облыста денсаулық саласына арналған бірнеше ғимарат салынды. Ең қуаныштысы, олардың барлығы алыстағы ауылдарда орналасқан. Мәселен, өңірде 300-ге тарта үлкенді-кішілі ауыл бар десек, соның әрқайсысына дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік, медициналық пункт салу көзделген. Бүгінде ауыл тұрғындары жаңа нысанда емделіп жүр. Дегенмен сол аймақтарға маман тарту мәселесі әлі толық шешімін табар емес. Оның тағы бір себебі – жастар ауылға барғысы келмейді. Көбіне қалалық жерлерде жұмыс істегенді қалайды. Біз осы ретте оқу бітірген бетте туған жерінде еңбек етуді қалаған С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің түлегі, жас дәрігер Арман Теңізбаевпен пікірлес­кен едік.

«Менің түсінігімде дәрігер үшін ауыл, қала деген ұғым болмауы керек. Кез келген науқас емханаға жанына шипа іздеп келеді. Сондықтан қолдан келген көмекті аямау қажет. Мынау ауылдың адамы, мынау қаланың адамы деп әртүрлі қарым-қатынас жасайтын болсаң, онда ақ халатты абзал жан деген сөзге лайық емессің. Әрине, менің де үлкен қалаларда қызмет еткім келді, бірақ алғашқы қадамымды ауылдан бастап, білікті мамандармен тәжірибе алмассам деген ой болды. Оның үстіне келген бетте ұжым үлкен сенім білдірді. Қазір ешқайда кеткім келмейді. Барынша халыққа жәрдемдесіп жүрміз. Қаржылық жағына да көңілім толады», дейді терапевт А.Теңізбаев.

Бүгінде медицина саласында 69 мыңнан астам болашақ дәрігер білім алып жатыр. Оның 52 пайызы ақылы түрде оқиды. Одан бөлек, кредиторлық қарыз себептері, МӘМС, та­риф­терді көбейту жұмысы, тегін дәрі-дәр­мек секілді мәселелер де ел назарында тұр.

«Медицина саласында өзекті мәселе өте көп. Соның бірі – МӘМС мәселесі. Бүгінде сақтандырылмаған азаматтардың саны елімізде 3 млн-нан асады. Отбасылық цифрлық карта арқылы қарағанда оның 1,2 миллионы үйіне кірісі жоқ, жұмыссыз жүрген азаматтар екені анықталды. Сон­дықтан Денсаулық сақтау министрлігі осын­дай азаматтарға, әлеуметтік осал топ сана­тындағы адамдарға жергілікті атқарушы органдар есебінен МӘМС жүйесіндегі жарналарын төлеуді ұсынып отыр. Бұл өзгеріс Парламент шешіміне тікелей байланысты», дейді министр.

Жалпы, кейінгі 3 жылда маман тапшы­лығы 21 пайызға төмендеген. Президент­тің биылғы тапсырмасына сәйкес мамандарды әлеуметтік қолдау жөніндегі заң­ға қол қойылған. Осының аясында аудан орталықтары мен ауылды жерлерге баратын ақ халаттыларға төменгі жалақы­ның жекелеген көрсеткіші бойынша тиісті әлеу­меттік бір реттік қосымша көмек бе­ру жұмыстары атқарылып жатыр. Бұл бас­­тама 19 сәуірден бастап күшіне енген. Осы­ған байланысты Жетісуда осы күнге дейін 27 дәрігер көмек алып үлгерген. Бұған облыстық бюджеттен қосымша 170 млн теңге қаражат қарастырылған.

«Сарыөзекте КТ аппаратымен жұмыс істейтін маман жоқ. Тіпті ауданда УЗИ-ге түсіретін дәрігердің жоқтығы білінеді. Одан бөлек терапевт, кардиолог, хирург таппайсыз. Бар болғанымен саны аз, халықтың барлығының қолы жете бермейді. Естуімізше, Қамысқала ауылында зейнетке шыққан медбике жұмыс істеп отыр. Алыстағы ауылға ешкім барғысы келмейді. Талдықорғанға барғаннан пайда жоқ, сондықтан Алматыға барып, ақылы ем аламыз», дейді Шоқан ауылының тұрғыны Айнагүл Мұнарбекова.

Айта кетейік, елді мекендерде қо­сымша көмек алып, 3 ай тұрақты қызмет атқарған жас дәрігер сол жерде 5 жыл жұмыс істеуге тиіс. Бүгінде оқу бітірген дәрігерлердің алғашқы жұмыс істейтін орнына жолдамамен баруы әлі де төмен. Сол себепті Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселеге қатысты тәртіпті қатаңдату іс-шараларын қабылдамақ. Мемлекет тарапынан берілетін гранттар мен қосымша көмек саны ұлғаяды.

 

Жетісу облысы