• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 26 Қараша, 2024

Түлікті асылдандыру зерттеледі

109 рет
көрсетілді

Еліміздегі жылқы шаруашылығы және жемшөп өндіру инсти­ту­тын дамытудың міндеттері мен стратегиялық бағыттары вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен ­Үкі­мет­тегі кеңесте талқыланды.

Институттың негізгі страте­гия­­лық мақсаты – жылқы шаруа­шы­лығының селекциялық-асыл тұқымға қатысты жұмысын ғылыми-практикалық үйлес­тірумен қатар, қазақы жылқы тұқымдарының генофондын сақтау әрі жетілдіру. Оған қол жеткізу үшін институт алдында таяу болашақта қажетті қаржыландыру көздерін анықтау, ғылыми және жоғары білікті мамандарды жұмысқа тарту, материалдық-техникалық база құру міндеттері тұр. Институт басшысы Әлібек Базарғалиев атап өткендей, жақын арада еліміздің жетекші жылқы өсірушілері бүкіл Қазақстан бо­йынша қазақтың асыл тұқымды жылқысына зерттеу жүргізеді, оның қорытындысы бойынша жылқы тұқым­дарын жаңғырту жоспары жасалады. Алдын ала есептеу­лер бойынша қалпына келтіру жұ­мыстары кемінде бес жылға созылады. Сондай-ақ ауылшаруашылық тәжірибе стансасының негізінде құрылған жылқы шаруашылы­ғы және жемшөп өндіру инсти­туты жылқы шаруашылығын то­лыққанды, теңдестірілген жеммен қамтамасыз ету үшін қажетті көмекші ретінде бұрынғы өсімдік шаруашылығы қызметінің бір бөлігін қалдырады.

Кеңесте «Қазақ тұлпары» ЖШС-ның жағдайы тыңдалды. Қостанай жылқы тұқымын өсіруге маманданған жылқы зауытында жүзге жетпейтін асыл тұқымды жылқы қалды. Бұл жылқылардың осы тұқымын өсіріп, дәріптеу үшін аздық етеді. Сондай-ақ ат қоралар мен асыл жануарларды күтіп-баптау, өсіру шарттары туралы мәселе де өткір күйінде тұр. Оның барлығы жеке инвестицияларды тарта отырып, жылқы шаруашылығы инсти­тутының қазақы жылқы тұқым­дарын сақтаудың бірыңғай саясаты шеңберінде шешіледі. Қос­та­найлық жылқы тұқымы мініске берік, жүйрік екенін ескере отырып, бола­шақта «Қазақ тұлпары» ЖШС база­сында ат спорты мек­тебін ашу жос­парланып отыр.

Қазақстанда түрлі бағыт­та­­ғ­ы 13 жылқы тұқымы өсіріледі. Ғалым-селек­ционерлер тәжі­ри­беші-селек­ционерлермен бір­ге Қостанай жыл­қысы (1951), Көшім жылқысы (1976) және Мұғалжар жылқысы (1998) сияқты етті-сүтті бағытындағы таны­мал отан­дық тұқымдарды өсірді. Олар Қазақстанның жергілікті жыл­қы тұқымдарының құндылығын жақ­сартады. Жергілікті жылқы тұқым­дары өздерінің өнімділік қасиеті бо­йынша әлемдік стандарттар дең­гейінде. Жыл бойы тебіндеп жайы­луы, қатал табиғат жағдайында күтіп-бағу­ға бейімделуі жөнінен ­баламасы жоқ.