Кейінгі жылдары қазынадан ұрланған қаражатты шетел асырып, өзге елде зәулім сарай тұрғызудан алдына қара салмағандардың мәселесі майшаммен қарала бастады. Өйткені әлеуметтік әділдікті қалпына келтірудің басым бағыты қайтарылған активтерді халық игіліне жарату болып отыр. Осы бағыттағы жұмыстың белсенді іске бастағанына екі жылдан асты. Содан бері құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар, түрлі министрліктер мен ұлттық банктердің бірлескен кешенді жұмысы нәтижесінде шамамен 1,7 трлн теңге қазынамызға қайта түскен.
Қайтқан активтердің қайыры бар
Оның ішінде 750 млн доллар шетелден қайтқан. Сондай-ақ Премьер-министр жетекшілік ететін арнаулы комиссия жалпы сомасы 1 трлн теңгеге жуық 50-ден аса келісім жасауды мақұлдады. Олар заң субъектілерімен Арнаулы мемлекеттік қорға 650 млрд теңгеден аса ақша аударуы көздеп отыр. Оның 188 млрд теңгеге жуығы қор шотына түссе, ал 87 млрд теңгенің мүлігі Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компанияның теңгеріміне беріліп те қойды.
Қайтқан қаржы көздері өңірлердегі әлеуметтік жобаларды іске асыруға жұмсалып жатыр. Мәселен, қазірдің өзінде қайтқан қаржының бір парасы Арқалық қаласында дарынды спортшы балаларға арналған 120 орындық спорт кешенін, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығын, Алматыда ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған 400 орындық жаттығу орталығы құрылысына жұмсалмақ.
Бұған қоса екі сауда-логистикалық орталық салуға бағытталған инвестициялық жобаларды іске асыру басталды. Бүгінде жалпы құны 30 млрд теңгеге 8 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ақмола облысының Зеренді ауылында құны 2,1 млрд теңге болатын спорт кешені және Түркістан облысының Темірлан ауылында 890 млн теңгеге музыка мектебін салу жөніндегі алғашқы екі әлеуметтік жобаны іске асыруға Арнаулы мемлекеттік қордан қаражат бөлінбек. Шымкентте мұқтаж отбасыларды одан әрі қамтамасыз ету үшін мемлекет меншігіне өтетін көпқабатты тұрғын үй құрылысы да ел игілігіне жұмыс істейді.
Күні кеше Үкімет Ақтөбе қаласында да ерекше балаларға арналған арнайы балабақша салуға шамамен 7,8 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң шеңберінде қайтарылған қаражаттан Риддер қаласындағы 200 орындық стационары мен бір ауысымда 500 адамды қабылдай алатын емханасы бар көпсалалы аурухана кешенінің құрылысын аяқтауға тағы 28,2 млрд теңге бөлінді.
Бүгінде заңсыз активтерді қайтару ісі жүйеленіп, жолға қойылып келеді. Мұның бәрі былтыр шілде айында Парламент қабылдап, Президент қол қойған заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы заң арқылы мүмкін болып отыр. Бұл саладағы арнаулы құжатта көрсетілгендей, заңның субъектілері анықталып, мемлекетке заңсыз иемденілген активтерді қайтарудың жаңа тетіктері белгіленді. Бүгінде ақшалай түскен қаражат арнаулы мемлекеттік қорға түссе, ал мүлік ретінде қайтқанына Қаржы министрлігінің Активтерді басқару жөніндегі арнайы компаниясы есеп береді. Заңға сәйкес компания қайтқан мүлікті сатып, одан түскен ақшаны қайтадан мемлекеттік арнаулы қорға құюға тиіс.
Активтерді қайтару жөніндегі әрбір шешім Үкімет басшысының өзі басқаратын арнаулы комиссия арқылы өтеді. Комиссия құрамында мемлекеттік, құқық қорғау органдарының басшыларынан бөлек, халық сайлаған Парламент депутаттары, беделді қоғам өкілдері бар. Биыл осы комиссияның құрамына республикадағы 500-ге жуық үкіметтік емес қоғамдық ұйымның басын қосқан Қазақстан Азаматтар альянсының басшысы кірген. Қоғам өкілдерінің бақылауына алынған комиссияның отырыстарында активтерге байланысты қандай құжат қабылданып, нендей шешімдер еніп жатқаны айтылады. Комиссия мүшелері алдына келген құжаттарды талқылап, шешім қабылдауға атсалыса алады. Біз сөзбен айтқанда, активтерге қатысты қаралатын кез келген шешім комиссия мүшелерімен толық мақұлданып қана іске асырылады. Комиссия азаматтарды тізілімге қоюға да атсалыса алады. Тіпті сотқа талап-арыз беру қажет болғанда да комиссияның мақұлдауы қажет. Инвестициялық жоба да комиссия алдынан өтуге тиіс.
Заңсыз активтерді қайтару мен басқару ісіне бірнеше мекеме жауапты. Мәселен, Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің жұмысы активтерді мемлекетке қайтарумен ғана шектеледі. Ал оның әрі қарай пайдалануы мен мақсатты жұмсалуы Үкіметтің құзырына өтеді. Өйткені қолданыстағы заңда көрсетілгендей, түскен қаражатты жинақтау үшін Арнаулы мемлекеттік қор және басқарушы компания бар. Демек ел игіліне қайтқан қаржының бұдан кейінгі тағдыры Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің тиімді жұмысында көрінуі қажет. Әлгі мемлекеттің ақшасына байығандардан түскен жылжымалы және жылжымайтын мүліктер, алтын-күміс әшекейлер, бренд сөмкелер мен құндыз жағалы ішіктер, мәдени, тарихи жәдігерлерді сату, өткізу – комитетке қарасты «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС-ның міндеті.
Серіктестік қалай жұмыс істейді?
Былтыр «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң қолданысқа енді. Оған сәйкес елімізде Қайтарылған активтерді басқару компаниясы жұмысын бастаған. Содан бері компания балансына 63 актив беріліпті. Оның ішінде тұрғын үйлер, әкімшілік ғимараттар, коммерциялық емес үй-жайлар, «Думан» қонақүй кешені, заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы қатысу үлестері, өндірістік база, асхана, жанармай құю стансалары, жер учаскелері, «Орион» бизнес-орталығының аяқталмаған құрылысы және «Сауда үйі» объектісіндегі мүлік бар. Бұған қоса активтер ретінде зергерлік әшекей, коллекциялық монета, кәдесый және аксессуар түрінде 196 бұйым түскен. Осы қабылданған активтердің жалпы құны – 90,3 млрд теңге. Биыл компания 12,6 млрд теңгеге активтерді сатса, оның 4,4 млрд теңгесі шетелдік активтерге тиесілі. Мүліктерді басқарудан түскен қаражат – 725 млн теңге. Компания өкілдерінің мәліметінше, жалпы ауданы 570 шаршы метрді құрайтын Астанадағы жертөле қабаты бар екі қабатты тұрғын үй, сондай-ақ Алматыдағы активтерді сатудан түскен қаражаттың жалпы сомасы 8,2 млрд теңгені құраған. Бүгінде сатылған активтерден түскен 6,7 млрд теңге осы арнаулы қорға аударылған. Айтпақшы, компания басқаруында Францияның Антиб және Ресейдің Мәскеу қалаларындағы пәтер де бар. Ал БАӘ-дегі 2 автокөлік пен Түркиядағы 3 жылжымайтын мүліктің сатылғанын компания растап отыр.
«Активтерді сату мүлікті қайтарылған активтер түрінде енгізу немесе толықтыру құқығы бар еншілес ұйым құру жолымен және ол ұйымдардағы үлесті беру мақсатымен, сондай-ақ активатор орналасқан елдің заңнамасына қайшы келмейтін басқа да әдістермен жүзеге асырылуы мүмкін», дейді компанияның баспасөз қызметі. Олардың берген ақпаратына сүйенсек, әрбір активтің сипаттамаларына, нарықтық зерттеулерге және экономикалық мақсаттылығына негізделген жеке шешім қабылданады. Активтерді сату негізінен E-Qazyna веб-порталы арқылы электрондық сауда ұйымдастыру жолымен жүзеге асырылады. Ал сауда-саттық аукцион немесе тендер, коммерциялық конкурстар, биржа ережелеріне сәйкес қор биржасы арқылы өткізіледі екен.
Айта кетерлігі, компания басқаруына түскен жылжымалы және жылжымайтын мүліктер мемлекет пайдасына жарату мақсатында тегін беріледі. Алайда компания өкілдері осы жылдарда активтерді тегін пайдалануға беру тәжірибесі жүзеге аспағанын жеткізді. Ал қарапайым халыққа шетел асқан және ел ішіндегі осы мүліктерді қыруар ақшаға сатып алуға мүмкіндік беріледі. Яғни қаржылай мүмкіндігі бар кез келген адам E-Qazyna мемлекеттік порталы арқылы өзіне ұнаған мүлікті сатып алуына болады. Бұл үшін порталға тіркелу керек. Бар болғаны жеке тұлғалар үшін ЖСН және жеке деректерді, заңды тұлғалар үшін БСН және бірінші басшы туралы ақпаратты көрсету қажет. Ал өтінімді ЭЦҚ көмегімен қол қою арқылы беріп, қатысуды растау үшін көрсетілген есеп айырысу шотына кепілдік жарнасын салу керек екен. Мүлік бастапқы бағаланған бағасы арқылы аукционға шығарылады. Одан кейін ғана порталға тіркелген сатып алушылар арасында сауда-саттық басталады. Мүлікке кім көбірек қаражат ұсынса, сол сатып алады. Бірақ сатылымдағы мүліктің бағасы барлығына бірдей қолжетімді емес екенін естен шығармаған да дұрыс.
Мүлікті сатып алуға мол қаржы керек
Компания басқаруына түскен 196 лоттың ішіндегі ең қымбат 5 зергерлік, коллекциялық және кәдесый бұйымдары бірден көзге түседі. Мәселен, Ulysse Nardin classic 789-80 қол сағатының құны – 214,4 млн теңге. Себебі мұндай сағат шектеулі шығарылым арқылы барлығы 30 данамен шыққан. Циферблат қолмен жасалған авентурин және 18К алтыннан жасалған фигуралармен безендірілгені үшін бағалы. «Franck Muller Geneve» сағатының құнына қарапайым жұрт қаладан екі бөлмелі үй алар еді. Еңбекпен келмеген соң өзгенің ақшасын бір сағат үшін 29,2 млн теңгеге сатып алу аса қиынға соқпаған ұқсайды. ULYSSE NARDIN Archive Freak «Cruiser» сағаты да 29 млн теңге тұрады. Оның корпусы да 18К ақ алтын мен лағыл тастардан жасалған. Сапфир шынысы бар алтын корпусты Breguet 882u №3271 қол сағаты 10,4 млн теңгеге бағаланған екен. Негізгі құны бұдан да қымбат болатын еді, тек корпус пен белдікте шамалы зақымы болғандықтан, бағасын түсірген сыңайлы.
Әшекейлердің жалпы құны – 97 963 968 теңге. Ең қымбат жиынтықта 85 млн теңгеге бағаланған екі сырға, тізбектегі кулон және екі сақина көзге түседі. Бұл бағалардың өзі қосымша құн салығынсыз көрсетілгенін және аукцион арқылы сатылатынын ескерер болсақ, ерекше зергерлік бұйымдарды сатып алу қарапайым халыққа арман ғана секілді. Сонымен қатар аукциондағы жылжымайтын мүліктердің құны да бас айналдырады. Мәселен, елордадағы «Думан» қонақүйінің жаңа қожайыны компанияның қолына 13 779 502 000 теңге сытырлатып санап беруге тиіс. Бұл санаттағы мүліктердің ең арзаны – 137 381 000 теңге тұрады.
Әлем елдерінің әдіс-тәсілі әртүрлі
Қараша халықтың үлесіне қол салғандардан қайтарылған активтерді сату мен басқару – әлем елдеріне ортақ тәжірибе. Дегенмен активтерді тәркілеу үшін қылмыстық жауапкершіліктің нақты дәлелі болмаса да, қылмыстық жолмен алынған деп күдіктелетін мүліктер де тәркіленетін мемлекеттер бар. Айталық, АҚШ-та заңсыз активтерді қайтару үдерісі ашық түрде өтеді, ал қоғам өкілдері қайтарылған қаржының бөлінуін бақылауға қатысады. Сингапур, Жапония, Оңтүстік Корея елдерінде активтерді қайтару мен тәркілеуге арналған заңдар ұйымдасқан қылмысқа қарсы қатаң шаралармен толықтырылған. Әсіресе активтердің көзін ашу, мүліктің заңдылығын тексеру және қаржылық бақылауды күшейту – басты назарда. Сингапурда тәркіленген активтерді қайтару кезінде алынған қаражат жеке шоттарда сақталып, оның жұмсалуы туралы толық есеп беріледі. Италияда жылжымайтын мүліктер әлеуметтік немесе мемлекеттік мақсаттарда қолданылады. Олар көбіне жергілікті қауымдастықтарға, қайырымдылық ұйымдарына немесе коммерциялық емес ұйымдарға тегін беріледі. Ал АҚШ және Еуропа елдерінде сатылым немесе басқару үдерістері ашық түрде жүреді. Көптеген елде бұл үшін онлайн платформалар қолданылады, онда активтердің сипаттамасы мен сатылым барысы, кімдер сатып алғаны көрсетілуге тиіс. Кейбір елдер активтерді сатудан бірден бас тартып, жалға береді. Мысалы, Италияда мемлекетке өткен бизнес активтерін жалға алу үшін мемлекеттік немесе жекеменшік кәсіпорындар келісімшартқа отыра алады. Егер актив экономикалық тиімді болмаса, оны сатуға шешім қабыл- данады.
Сингапурда Активтерді өндіріп алудың ұлттық стратегиясы жұмыс істейді. Бұған сәйкес, қазынаға қол салғандардан жәбірленушілерге өтемақы төлете отырып, мүлкі тәркіленеді. Жапонияда қалпына келтірілген мүлікті Мемлекеттік прокуратура немесе басқа сот органдары сияқты арнайы органдар ғана басқарады. Бұл елде де аукциондардан түскен қаражат жәбірленушілерге беріледі немесе мемлекеттік қазынаға түседі. Бірқатар дамыған елде заңсыз әрекеттерден қалпына келтірілген қымбат көліктер мен құнды заттар мемлекеттік пайдалануға тікелей тегін берілмейді. Айталық, қымбат көліктер көбіне ашық аукциондарда сатылады. Одан түскен қаражат мемлекеттік мекеме үшін қосымша қаржы ретінде бағытталады. Өйткені бұл әдіс мемлекет үшін техникалық қызмет көрсетудің жоғары шығындарын болдырмауға бағытталатын көрінеді. Десе де тәркіленген мүлік арнайы мақсаттарға сай болса, мемлекеттік қолданысқа беріледі. Оның өзінде құқық қорғау немесе қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында әскери мақсатқа пайдалануға болатын техникалар мемлекеттік органдарға қайта тағайындалуы мүмкін. Мысалы, өнімділігі жоғары сәнді спорттық көліктер де Италия мен Дубай сияқты елдердегі полиция күштері үшін қайта тағайындалуы мүмкін. Бірақ мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі.