Алматы қаласында Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында волонтерлік ұйымдардың слеті өтті.
Ежелден қоңсы елдердің кейінгі буынын жақсылық пен жарқын келешек жолына жұмылдыруды көздейтін слеттің ашылуына Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Ресей Федерациясы Президенті әкімшілігінің Шетелдермен өңіраралық және мәдени байланыстар жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Антон Рыбаков, екі елдің волонтерлік қозғалыс өкілдері қатысты.
А.Балаева жиналғандарды алдағы Халықаралық волонтер күнімен құттықтай келе, мемлекет пен волонтерлік қауымдастық арасындағы серіктестіктің маңызына тоқталды.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлер қызметіне үлкен көңіл бөліп келеді. Әсіресе осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға баса назар аударып отыр. Бүгін біз Қазақстан мен Ресейдегі волонтерлер қозғалысы қуатты шығармашылық күшке айналып, мейірімді азаматтардың жұдырықтай жұмылуының жарқын үлгісіне, халықтар арасындағы байланыстарды нығайтатын, маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге ықпал ететін қозғалысқа айналды деп сеніммен айта аламыз», деді министр.
Сондай-ақ А.Балаева Мемлекет басшысының бастамасымен 2020 жылдың елімізде «Волонтер жылы» деп жарияланғанын, бұл еріктілер қозғалысына қуатты серпін бергенін айтып, Қазақстандағы волонтерлікті мемлекеттік қолдау шараларына тоқталды.
Мемлекеттік органдар жыл сайын волонтерлер қауымдастығымен бірлесіп 50-ден аса жобаны, бастамаларды іске асыру үшін 240 шағын грант береді. Бүгінде елімізде 240 мыңнан аса белсенді волонтер бар, 740-тан аса волонтерлік ұйым жұмыс істеп отыр, мыңнан аса бастамашыл топтардың да әрекеті табыссыз емес.
Сондай-ақ жиын барысында министр 2025 жылы табиғатты қорғауға бағытталған іс-шараларды өзекті ету мақсатында бірлескен экологиялық акциялар, көрмелер, семинарлар мен конференциялар өткізуді ұсынды.
Волонтерлер слетінде сөз алған Ресей Федерациясы Президенті әкімшілігінің Шетелдермен өңіраралық және мәдени байланыстар басқармасы басшысының орынбасары Антон Рыбаков Қазақстан тарапына осы жиынға ұйытқы болғаны үшін алғысын білдірді.
«Бірлескен жобаларды сапалық тұрғыда жаңа деңгейге көтерудегі негізгі бастамашылардың бірі – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл біз үшін өте маңызды. Қазақстан волонтерлермен жұмыс істеуде үлкен тәжірибеге ие. Біз бұл бағытты толық қолдаймыз және бүгінгі кездесудің маңыздылығы келер жылы, біз жоспарлағандай, Ресей мен Қазақстан волонтерлерінің «Тату көршілік» атты толыққанды форумы өтетінінде деп білеміз. Бұл біздің елдеріміз арасындағы бірлескен жобалар портфелін байыта түседі деп сенемін. Волонтерлік идеяны насихаттау мен волонтерлік қозғалысқа көбірек адам тарту қоғамды біріктіріп, дәстүрлі моральдық және рухани құндылықтарды нығайтуға ықпал етеді», деді ол.
Слет аясында волонтерлерге танымдық дәрістер, семинар-тренингтер ұйымдастырылды. Сондай-ақ ресейлік қонақтарға Алматы қаласындағы комьюнити орталықтарының жұмысы таныстырылды.
АЛМАТЫ