• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Мәдениет Бүгін, 17:30

Қазыналы қариялар редакцияда қонақта

46 рет
көрсетілді

Психологтардың айтуынша, құрметті демалыстан кейінгі уақыт – адамның өзі үшін өмір сүретін ең әдемі кезеңі. Қызмет бабымен жүріп екінші, бәлкім үшінші, төртінші орынға ысырылып қалған арман-қиялдарын адам зейнетке  шыққаннан кейін жоғалтпай жүзеге асыра алса – ол өмірі мағыналы нағыз бақытты адам. Сөзімізге дәлел ретінде Астана қаласында орналасқан «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» аталары мен әжелерін айтуға болады. Күні кеше осы қазыналы қариялар «Егемен Қазақстан» газеті редакциясына қонаққа келіп, журналистермен кездесіп, жұмыс барысымен танысты. Кездесуді «Қазақ газеттері» ЖШС директорының орынбасары Қамбар Ахмет жүргізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Орталық зейнеткерлерді мәдени, спорттық және іскерлік өмірге әлеуметтендіру мақсатында құрылған. Оның ішінде түрлі бағыттағы үйірмелер мен секциялар бар. Атап айтсақ, жаттығу залы, компьютерлік сынып, вокал, шығармашылық шеберлікпен айналысуға арналған бөлмелер жабдықталған. Қариялар қабілетіне қарай музыкамен, тіл үйренумен, бимен және қолөнермен айналысады. Сонымен қатар орталық мүшелеріне компьютерлік сауаттылықты оқыту курстары да қарастырылған.

Бұл туралы орталықтың «Ұлағат» атты әдеби-мәдени үйірмесінің жетекшісі Ләззат Дүйсенбайқызы баяндап берді.

«Орталықта зейнеткерлердің жан-жақты дамуына барлық жағдай қарастырылған. Қарияларымыз білім алып, өнер үйреніп қоғамдық өмірге белсене атсалысып жатыр. Тіпті заман мен тұрмыстың ықпалынан дамытуға мүмкін болмаған кей қабілеттерін осында келіп шыңдап, біршама нәтижеге жетіп-те қалды. Мәселен, домбыраны орталыққа келіп үйренген зейнеткерлер «Асыл мұра» оркестрі болып ұйымдасып, күні кеше Алматыда өткен «Өнерлі елдің өрісі биік» республикалық ата-апалар арасындағы өнер сайысында бас жүлдені жеңіп алды», деді Л. Дүйсенбайқызы.

Сонымен қатар қариялар «Егемен Қазақстан» газетінің  оқырмандары екенін айтып, журналистерге ізгі ілтипатын жеткізді. Бас редактордың орынбасары Талғат Батырхан адамға өмірдің әр сәті сәулелі, өзінше қымбат екенін айтып, жазушы Төлен Әбдіктің сөзін мысал етті.

«Мен бір нәрсені түсінбеймін. Кей замандастарым қазіргі күнімді жиырма бесіме ойланбастан айырбастар едім деп қиялдап отырады. Ал мен олай айта алмаймын. Мен жиырма бесіме қайта оралсам, бұл деген қазіргі балдай тәтті немерелерімнен бас тарту деген сөз ғой», дейді екен ақсақал ағамыз. Сондықтан төрімізге қонақ болып келіп отырған құрметті қариялар, сіздер өте әдемі уақытты бастан кешіріп жатсыздар. Осы жастағы қызықтарыңыз қазірге дейін көрген қызықтарыңыздан көп болсын», деп тілек білдірді Т. Батырхан.

Кездесу соңында директордың орынбасары Қамбар Ахмет қарияларға алғысын айтып, редакцияның атынан арнаулы сыйлықтар табыс етті.