• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Құрылыс 27 Қараша, 2024

Тұрғын үй нарығында түйткіл көп

82 рет
көрсетілді

Тірнектеп тапқан қаржысын құйып, баспанаға қол жеткізбек түгілі басы дауға қалып табалдырық тоздырғандар аз емес. Жылжымайтын мүлік сатып аларда асығыстық танытпай, нысан құжаттарының заңдылығына толық көз жеткізіп алған абзал. Көздеген үйіңіздің құжаттарын қала құрылысын бақылау басқармасы арқылы тексеріп алуға болады.

Ел аймақтарындағы құрылыс ком­па­ниялары мен ауқатты кә­сіп­керлер Алматы қаласынан тұр­ғын үй кешен­д­ерін салуға құл­шы­натыны анық. Алайда жарнамасы жер жарған кейбір кешендердің құжатынан шикілік шығып, сер­гелдеңге түскен салымшылар аз емес. Жауаптылар өткен жылдың өзінде 30-дан аса тұрғын үй заң талаптарына сай салынбағанын, сапаға салғырт қараған кейбір нысандар сүрілгенін айтады. Былтыр құрылыс нысандарына жүргізілген 740 тексеру шарасы барысында 956 заң бұзушылық анықталып, жауаптылар 187 млн теңге айыппұл арқалаған. Бұл – қала әкімдігінің жос­пардан тыс тексеру жұмыстарының нәтижесінде жүзеге асқан істің бір парасы ғана.

Алматы қала құрылысын бақы­лау басқармасы құрылысы жөн-жо­сықсыз жүріп жатқан тұрғын үй кешендерін жариялап, тізімін жүйе­лі түрде жаңар­тып отырады. Аза­маттар алуға кеңес беріл­мейтін кү­мәнді нысандардың тізімімен әкім­діктің сайты арқылы таныса алады.

«2023 жылдан бастап бүгінгі таңға дейін заңсыз 35 нысан сүрілді. Алматы қаласының қалалық құры­лыс бақылау басқармасы тексеруді өз бетімен жүргізбейді. Ресми түр­де арыз болуы керек. Аталған арыз түскеннен кейін басқарма құ­қық­тық статистика және арнайы есепке алу департаментінде тек­се­руді тағайындап, содан кейін жұмысын бастайды. Егер сіз қан­дай да бір тұрғын үйді алуға ниет­теніп жатсаңыз, оның лицензиясы, тиісті құжаттары барын КЖК-ның сайтынан қарап тексере аласыз. Компания өкілдерімен кездесіп, құжаттарды көрсетуін та­лап етіңіз. Қа­лада бірқатар тұр­ғын үй сүрі­­луі мүмкін. Ал жұрт оларды са­тып алып үлгерген. Сондық­тан ше­шім қабылдар алдында сарап­­шылармен сөйлескен жөн», дейді қала құрылысын бақылау басқармасындағылар.

Тау бөктерлеріне құрылыс жұ­мыс­тарын жүргізу сейсмикалық аймақта орналасқан қала үшін қаншалықты қауіпті екені айтылса да, бұл мәселе көбіне ескеріле бер­мейді. Өткен жылдың үш тоқса­нында қала құрылысын бақылау басқармасы мегаполистің таулы ал­қап­тарында заңсыз салынып жат­қан 52 құрылыс нысанын анық­таған. Атап айтар болсақ, Бос­тан­дық ауданындағы – 21, Медеу ауданындағы – 24, Наурызбай ауданындағы 7 нысанға қатысты іс қозғалған.

– Құрылыс саласын бақылауды барынша күшейту қажет. Кейбір алып компаниялар тексеруге дес бермеу­ге тырысатыны анық. Тәртіпті барынша қатаңдатып, әр нысанды бүге-шігесіне дейін қадағалаған абзал. Кейінгі 20 жылда тектоникалық айрықтарға жақын орналасқан жерлерде, тіпті тау бөктерлеріне дейін тұрғын үйлер салынып кетті. Оның үстіне тұрғын үй алаңдарындағы көлік тұрақтарының мөлшері есептелмейді. Онсыз да тығыз орналасқан қаланың тынысын одан әрі тарылтпау үшін аядай аумаққа ондаған қабатты үй салуды тоқтату керек, – дейді қоғам белсендісі Нұрлан Асқарұлы.

Құрылыс салушы қаражатты қайтару­дан бас тартса, заңсыз тұрғын үйден пәтер алған азаматтар құқық қорғау органдарына жүгіну керек. Ал қаражаты жетпей тақырға отырған компаниялар кепілдікті арттыруға көбірек көңіл бөлгені абзал. Жауапты мамандар заң тетіктерін өз пайдасына асырып жатқан құрылыс компанияларының да аз емес екенін алға тартады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, үлескерлердің қаражатын тарту үшін 3-қабатқа дейінгі үйлерде, таун­хаустарда рұқсат талап етілмейді.

 

АЛМАТЫ