• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Қараша, 2024

Қорларды қадағалайтын заң, бақылайтын ұйым керек

68 рет
көрсетілді

Жиған-терген дүниенің парқын білетін халқымыз қайырымдылық жасауға келгенде тартынып қалмайды. Сол асыл қасиет бүгінгі буынға да дарыған. Қиын-қыстау күндерде біріне-бірі қарасып, қорған болған ағайынның ісіне ішің жылиды. Кейінгі жылдары әлеуметтік желіде танымалдылығын пайдаланып «жылу» жинайтындар көбейді. Байқап қарасақ, кейде оның барлығы біз ойлағандай қамқор, жанашыр бола бермейді.

Елден жиған қаржының есебі болуға тиіс

Электронды үкімет порталын ашып қарасақ, елде әлеуметтік бағытта ресми тіркелген 35 қор бар екен. Олар «Қамқор­лық» қайырымдылық қоры, «Азамат әлеуеті» жеке қайырымдылық қоры, Болат Өтемұратов қоры, «Дара», «Аяла», «Ниет», «Сәби» қоры деп жалғаса береді. Одан әрі ғылыми, шығармашылық, білім беру, мә­дени, халықаралық, тұрғын үй бағы­тында қа­йыр­ымдылық қорлары тіркелг­ен. Осы ті­зімді он ақтарып, «Біз бірге­міз» қайы­рымдылық қорын таппадық. Қайта, тұрғын үй бағытында жұмыс істей­тін, көпшілікке жақсы таныс «Asar-Ume» қо­ғамдық қоры мен «Харекет» қайырымдылық қоры бірден көзге түсті. Оның ішінде бірді-екілі қорлар қаражат айналымын ресми сайтына жариялап, бөлісіп отырады, ал кейбірінде мұндай ақпарат мүлде жоқ. 

Қайырымдылық жасауға асыққан тұрғындар бұдан былай қор жұмысына қатысты осы ақпаратты да ескере жүргені жөн. Негізі қайырымдылық қорын ашу заңдық тұрғыда қиындық тудырмайды. Тек тиісті құжаттарын Әділет депар­таментіне тапсыру қажет. Осыған қарамастан қайырымдылықпен айналысып жүрген азаматтардың көбі құжаттарын түгендеп, заңды жұмыс істеуге бейіл болмай тұр. Тақырыпқа қатысты пікір білдірген Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев, қайырымдылық қорлары халыққа есеп беріп отыруға тиіс деген ұсынысты қуаттады.

«Адам аласы – ішінде, мал аласы – сыртында». «Жылтырағанның бәрі алтын емес». Біз қайырымдылық қорларының ашықтығына қатысты мәселені бұрыннан айтып жүрміз. Бүгінде қайырымдылық қорлары ашыларда оның жарғылары­ның барлығы Әділет министрлігінің тексерісінен өтеді. Бірақ одан әрі қаражат айналымы жіті бақыланбайды. Осыны ескере отырып, біз Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, тиісті заң жобасын дайындап жатырмыз. Қайырымдылық қорларының барлығы ашық болуға тиіс. Қазіргі талап бойынша қорлар жұмыстың есебін көрсетуі керек болса да, өкінішке қарай, мұны екінің бірі ескеріп отырған жоқ», дейді Мәжіліс депутаты.

Жоғары аудиторлық палатаның төраға­сы Әлихан Смайылов мемлекеттің қаты­суымен немесе мемлекеттің белгілі бір функ­ция­лары берілген қорларға аудит жүргізуді ұсынды.

«Жоғары аудиторлық палатаның қайы­рымдылық қорларын тексеруге құзы­реті жоқ. Палата мемлекет жұмсаған бюд­жет қаражатын, сондай-ақ мемлекет­тік, квазимемлекеттік ұйымдарда бар актив­терді пайдалануға сыртқы аудит­ жүр­гізеді. Сонымен қатар Мәжіліс қарас­тырып жатқан жаңа Бюджет кодек­сі шеңберінде Жоғары аудитор­лық пала­таға мемлекет қатысуымен құ­рылған бюд­жет­тік емес қорларға аудит жүргізу құзыреті туралы норма енгізуді ұсындық. Сонда біз­д­е бюджет­тік емес қорларды тексеру мүм­кіндігі туады», деді Ә.Смайылов.

 

«Көп асқанға – бір тосқан»

Қаржылық мониторинг агенттігі ерік­тілер қозғалысының белсендісі, «Біз бірге­міз» қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіп жат­қанын хабарлады. Ресми ақпаратта еріктілер қозғалысының белсендісі көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу мақсатында жиналған 1,5 млрд теңгеден аса қара­жатты жымқырды деген күдікке ілінгені жарияланған.

«Қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына пайдаланылды. Биыл көктемде ол елордадағы автосалондардан 88 млн теңгеге Mercedes-Benz S450, 80 млн теңгеге Lexus LX-600, 39 млн теңгеге Haval автокөліктерін сатып алды. Осы кезеңде жалпы сомасы 600 млн теңге болатын Астананың премиум санаттағы «Akbulak Riviera», «Highvill Ishim Gold», «Көк Жайлау» ТК (тұрақ орындарын қоса алғанда), сондай-ақ «Vela Village» коттедж қалашығында жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алған», деп жарияланған хабарламада.

Еріктілер қозғалысының белсендісі ел азаматтарының қайырымдылыққа жіберген қаражаты есебінен Дубай, Доха, Лондон, Ыстанбұлдағы «St. Regis, Shangri-La», «Palazzo Versace», «Kempinski» сияқты бес жұлдызды қонақүйлерде демалған. Қылмыстық схеманы іске асыру мақсатында достары мен туыстарына 8 пайыз сыйақы беріп, қордың ақшасын қолма-қол ақшаға айналдырып отырған. Осы хабардан кейін аталған қорға, елдегі өзге де қайырымдылық қорларының жұмысындағы шикіліктерге қатысты пікірталас қыза түсті. Бұрын ашық айтылса да құзырлы органдар мен көпшілік қауым аса мән бермеген тақырып ортаға тасталды. Көп кідірмей Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев «Біз біргеміз» қайырымдылық қорының «Amanat» партиясына қатысы жоғын мәлімдеді.

 

Халықтың сенімімен ойнауға болмайды

Ел ішінде қайырымды азаматтар аз емес. Небір қиын-қыстау кезеңдерде көмекке мұқтаж жандарға қолұшын созып, демеу болып жүргендер бар­шылық. Көктемдегі су тасқынында әр өңірдің тұрғындары апат аймағында қалған жұртқа жылу жинап жөнелтті. Қаражат жағдайы болмауы себепті, қайырымдылыққа қосқан үлесім болсын деп құрал-саймандарын көтеріп, көмекке асыққан жұрттың қарасы да мол болды. «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» деген. Осыны өмірлік қағида ретінде ұстанатын қайырымды жандар бұрыннан бар, бола да береді. Қазір тіпті табысының бір бөлігін ай сайын қайырымдылыққа аударып отыратын жомарт азаматтар бар. Мол қаражат таппаса да, мұқтаж жандарға, ағайын-туыс, көрші қолаңға қолда барын беріп, қарасатындардың әрекеті – ізгілік нышаны. Әлеуметтік желінің аясы кеңіп, оның ішінде қайырымдылыққа шақыратын ақпарат көбейді. Интернет платформаны парақтаған сайын кемі бір танымал адамның немесе қор қызметкерлерінің жылу жинап жатқаны туралы хабары алдыңнан жылт етіп шыға келеді. Осыдан-ақ қайырымдылық жасаудың сәнге айналып бара жатқанын аңғару қиын емес. Қайырымдылық қорларына қатысты қалыптасқан қоғамдық көз­қарас туралы әлеуметтанушы Бақыт Әлмұратов мынадай пікір білдірді:

– Қайырымдылық қорлары ком­мерциялық бағытта құрылмаған соң, оның жұмысын бақылауға осы күнге дейін аса мән беріле қоймады. Ресми, мейлі бейресми қайырымдылықпен айналысатын азаматтардың көбеюіне ақпараттық, цифрлық техно­ло­гия­­­лардың да әсері бар. Содан соң алаяқ­­тықпен, қаржы жымқырумен айна­лысқандардың әрекеті, жазадан оңай құтылуы «қайырымды жандардың» әуелгі миссиясынан айнуына белгілі бір деңгейде әсер етеді. Қайырымдылықтың ақшасын қалтаға басып жүргендер де басқа күн туса жазадан оңай құтыламын деп ойлап жүрсе керек. Халықтың сенімімен ойнауға болмайды. Қазір әлеуметтік желіде қайырымдылыққа шақыратын ақпарат көбейді. Оны жариялап отырған азаматтар адам­ның психологиясын жақсы меңгеріп алған. Қоғамдық көлікте, ірі сауда орындарының алдында қолына жәшік ұстап, қайырымдылыққа үлес қосуға шақыратындарды ара-тұра байқаймыз. Жан-жағына жалтақ-жалтақ қараған жас жеткіншектерді көргенде тіпті жүрегің ауырады. Осының барлы­ғын көріп, біліп жүрген халықтың ұсынысы қайырымдылық қорларын, қайырымдылықпен айналысып жүрген жеке тұлғалардың жұмысын бақылау керек деген пікірмен үндеседі, – дейді Б.Әлмұратов.

 

Құқықтық мемлекет қағидатына қайшы

Бүгін адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатқан бір отбасының тағдыры желіні шарлап кетсе, ертесіне бүтін бір шаңырақтың тағдырына бейқам қарай алмайтын жандардың көмегімен үйлі болғанын естіп, өзіміз пәтер алғандай марқайып қаламыз. Адал, жанашыр, жомарт азаматтар осындай-ақ болсын дейміз. Дегенмен қайырымды болып көрінген алаяқтардың ісі әділетті, құ­қық­тық мемлекеттің қағида­ты­на­ қайшы келеді. Алаяқтық, соның ішін­­­де интернет алаяқтықпен алысып, цифр­лық сауаттылықты мең­геріп келе жатқан қауым барлығына күмән­мен қа­райтын болды. Өкініштісі, қор­­лар­дың жұмысына қатысты қап­таған жағымсыз ақпараттардың сал­қыны қайырымдылықпен адал айналысып жүрген азаматтарға да тиеді. Қайырымдылық қорларына, соның ішінде еріктілер қозғалысы­ның белсендісінің әрекетіне қатысты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да әлеуметтік желіде пікір білдірді.

«Волонтерлер қозғалысының бел­сендісі әрі қоғамдық қайырымды­лық қорының құрылтайшысы Пери­зат Қайратқа қатысты шулы тергеу қайырымдылық көмегін көрсету ­ме­­ха­низмдерін жетілдірудің қажетті­гін тағы да еске салып отыр. Қазіргі кезде Қазақстанда волонтерлік пен қайырымдылық белсенді түрде дамып келеді. Алайда бұл сонымен қатар алаяқтық пен пайдакүнем­дік әре­кеттерге қолайлы жағдай туғы­за­ды. Сондықтан ел азаматтарын қайы­рымдылық көмек операторларын мұқият зерттеуге және тек тексерілген әрі сенімді серіктестермен ғана жұмыс істеуге шақырамын», деді министр.

Министр айтқандай, қайырымды­лық қорларын мемлекеттік қадағалау­дан бөлек, азаматтық бақылаудың да маңызы ерекше. Айталық, қайы­рымдылық­пен айналысатын қор­лардың, жеке­ле­ген азаматтардың жұ­мысынан шикі­лік байқасақ, бірден құзырлы орган­дарға хабарлау керек. Сондай-ақ қайырымдылық жасар алдында қор туралы ашық деректерді ақтарып, зерттесек артық етпейді. Азаматтық қо­ғам­ның ынтымағы осы жерде көрінеді. Азаматтық қоғам қандай мықты болса, мемлекеттің заңдары да соған сай болуға тиіс. Мысалы, жұрттан шетелде емделуге, тұрғын үйге, мұқтаж жанның қажеттілігіне деп қаражат жинайтындардың шамадан тыс көбейгені мемлекетке сын. Сонда ел медицинасы емі күрделі ауруларды емдеуге дәрменсіз бе? Мемлекет­тің мүгедектігі бар, аз қамтылған, көпбалалы, басқа да санаттағы көп­теген отбасына көрсетіп отыр­ған қамқорлығы қайда қалды? Бір білетініміз, мұқтаж жандарға мемле­кеттен бөлек, әр облыс өз деңгейінде жәрдемдеседі. Әлеумет­тік төлем алатындар, үйлі болғандар жетерлік. Ел медицинасының әлеуе­ті де шетелдегіден қалыспайды. Тіпті болмады деген күннің өзінде дәрігерлердің ұсынысымен шетелде тегін емделуге мүмкіндік бар. Қаузай берсек, толғандырған сұрақ көп. Қайырымдылық жасаймын деп пайда тапқандардың жұмысын заңмен реттейтін уақыт жетті. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні осы.