• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Оқиға Бүгін, 13:13

166 адамның жалақысынан заңсыз қаражат алған шенеуніктер жауапқа тартылды

14 рет
көрсетілді

Жетісу прокурорлары мүгедектігі бар адамдар мен көпбалалы аналардың құқықтарын бұзған лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бас прокуратураның хабарлауынша, Жетісу облысының ауылдық округ әкімдері мен мектеп директорлары мүгедектігі бар адамдардың, көпбалалы аналардың, «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Ана даңқы» және басқа да марапаттарға ие болған аналардың жалақыларынан міндетті төлем сомаларын заңсыз ұстап отырған.

Прокуратура «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңның талаптарына сәйкес азаматтардың аталған санаты үшін мұндай жарналарды мемлекет төлейтінін жеткізді.

«Алайда, соған қарамастан, кейбір жұмыс берушілер тарапынан қолдауға мұқтаж 166 азаматтың жалақысынан 5,5 миллион теңгеден астам қаржы заңсыз ұсталғаны белгілі болды. Жетісу облысы прокуратурасының қадағалау актісі бойынша аталған азаматтардың бұзылған құқықтары қалпына келтіріліп, заңсыз ұсталған қаржыны қайтару рәсімі басталды. Кінәлі лауазымды тұлғалар, оның ішінде екі ауылдық округтің әкімі мен бір мектеп директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылды», делінген хабарламада.

Прокуратура әрбір азаматтың құқығын сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, заңбұзушылықтардың кез келген жағдайына дер кезінде әрекет етуге дайын екенін мәлімдеді.