Елорда төрінде орналасқан Ұлттық архивте Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен «Архив-2025: нәтижелер мен мәселелер» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Басқосуға аталған министрлік өкілдері, республикалық және өңірлік мемлекеттік архивтердің қызметкерлері, тарихшы мамандар қатысып, іс-шара барысында «Архив-2025» жобасы аясында шетелдердегі ел тарихына қатысты құжаттарды анықтау, көшіру, цифрлау және жариялау бағытында жасалған жұмыстар талқыланды.
Конференция аясында Қазақстан тарихына қатысты бірегей құжаттар көрмесі ұйымдастырылды. Экспозицияда Ресей, Германия, Түркия, Моңғолия, Беларусь, Армения, архивтерінен әкелінген құжаттар қойылды.
1918 жылы күзде Германияға жіберген Түркістан автономиясыбұрынғы Парламент төрағасы Сералі Лапиннің визиткасы
Атап айтар болсақ, Алаш арысы Мағжан Жұмабайұлының 1923–1925 жылдардағы жеке ісі; әз Жәнібек ханға қатысты 1334 жылы жазылған тарихи қолжазба; Темір ханның 918 жылы Сайбек ханға елші жіберіп, Бұрындықпен мәмілеге келуі туралы дерек; Қазақ жеріндегі 1784 жылдар шамасында бой көтерген көне қалалар көрінісі; Өткен ғасырдың ортасында Шыңжан-Алтайдан Үндістанға көшкен қазақтарды Кашмирге қабылдау құжаттарының көшірмесі, 1918 жылы күзде Түркістан автономиясының бұрынғы парламент төрағасы Сералы Лапиннің Германияға жолдаған визиткасы қатарлы, т.б. құнды жәдігерлер қойылыпты.
Сондай-ақ шара аясында «Ресей мемлекеттік әскери-тарихи архивінің Қазақстанның ХІХ ғасырдағы тарихы жөніндегі материалдары мен құжаттары» атты құжаттар жинағының тұсаукесері өтті.