«EdTech» кейінгі онжылдықта қарқынды дамып, әлемдік білім жүйесіне түбегейлі өзгеріс әкелді. Дәстүрлі оқу үдерісін толықтырып қана қоймай, инновациялық шешімдер ұсынды. Оның еліміздегі аяқ алысы да жаман емес. Оған бірден-бір дәлел – «Codiplay» платформасы. Жаһанның 13 еліндегі 300 мектепте жұмыс істеп, 750 мың оқушының IT сауатын көтеріп жүр. 4 жыл бұрын ғана басталған кішігірім стартап, бүгінгі күні 100 млн долларға бағаланып, 20 млн доллар инвестиция тартқан.
Әуелі, «EdTech» сөзіне аз-кем тоқталайық. Бұл – білім үдерісіне жаңа технологияларды қолданатын әмбебап әдіс. Онлайн платформалардан бастап, жасанды интеллект (AI), виртуалды шындық (VR), геймификация, деректерді талдау сияқты озық құралдарды қамтиды. Негізгі мақсаты – білімді тиімді, қолжетімді әрі инклюзивті ету. «Codiplay» халықаралық стартапының негізін қалаушы Жанәділ Талдыбаев та осыған баса мән берген.
– «CodiPlay» – бұл ақпараттық технологиялар саласындағы кешенді оқытумен айналысатын халықаралық компания. Жобаны 2017 жылы Оңтүстік Кореяда бастадық. Бұл бастама менің Кореяда магистратурада оқып жүрген кезімде, медициналық өнеркәсіпті терең зерттеуге деген қызығушылығымнан өмірге келді. Кореяда медициналық тексерулерді автоматтандырумен айналысқан кезде ақпараттық технологиялардағы білімді дамыту қажетін түсіндім. Бұл саланы тиімді әрі қызықты түрде меңгерудің жолын іздестірдім. Содан ойындар арқылы бағдарламалау тілдерін оқыту идеясы келді. Интерактивті ойындар арқылы бағдарламалаудың негіздерін, алгоритмдер мен басқа да маңызды дағдыларды тиімді оқытуға болатынын ұқтым. Бұл идеяның тартымды көрінгені сонша, жобаны тек өзім үшін ғана емес, сонымен қатар еліміздегі оқушылардың IT сауатын көтеремін деп шешім қабылдадым, – дейді жоба авторы.
Түсінуімізше, «CodiPlay» жүйесі үш негізгі компоненттен тұрады. Біріншісі – «CodiPlay» мобильді қосымшасы. Бұл қосымша арқылы балалар мен жасөспірімдер бағдарламалау тілдерінің негізін үйренеді. Екіншісі – «CodiKit» роботтехникалық жиынтығы. Мұнда оқушылар роботтехника мен инженерия дағдыларын дамытады. Үшіншісі – «CodiTeach» веб-платформасы. Бұл – мұғалімдерге арналған, оқыту үдерісін жеңілдетуге әрі олардың білім беру жұмысын арттыруға арналған LMS-платформа. Осындай артықшылықтары бар онлайн платформаны еліміздің 125 мектебі қолданып жүр.
– Біз Астана мен Алматы қалаларындағы мектептермен тығыз жұмыс істейміз. Бағдарламаны қолданған балалар бағдарламалау мен роботтехника саласында айтарлықтай жетістіктерге жетіп жатыр. Оқушылардың логикалық ойлау қабілеттері, математикалық, техникалық дағдылары дамып, шығармашылық, инновациялық жобаларды жүзеге асыра алатынын көрсетіп отыр. Балалардың жетістіктері мен кері байланысы бізді қуантады. Олар тек бағдарламалау негіздерін үйреніп қана қоймай, сонымен қатар өздерінің жобаларын жасап, оларды көпшілікке ұсына алады. Бұл жетістіктер біздің жұмысымыздың нәтижесі деп білеміз және алдағы уақытта да өнімімізді жақсарту үшін барымызды саламыз, – дейді Ж.Талдыбаев.
Жоба тек отандық нарықты емес, әлем нарығын жаулаған. «CodiPlay» жобасын 13 мемлекет қолданады. Оның қатарында Өзбекстан, Корея, Қатар, Әзербайжан, Сауд Арабиясы, Индонезия, Англия бар.
– Қазір 750 мыңнан астам бала біздің платформамыз арқылы білім алып жатыр. Әр елдегі мектептер өздерінің кері байланысын береді, әрі біз олардың нәтижелерін мұқият талдаймыз. Мысалы, Кореядағы мектептер біздің платформамызды оқыту үдерісіне енгізіп, оқушылардың бағдарламалау, техникалық дағдыларын дамытуда үлкен жетістіктерге жеткенін айтты. Еліміздегі мектептер де оқушылардың IT саласындағы сауаттылығын арттырып, логикалық ойлау қабілетін дамытқанын растайды. Бұл нәтижелер біздің платформамыздың тиімділігін дәлелдейді. Оның үстіне біз оны әрдайым жетілдіріп отырамыз, – дейді Жанәділ.
Қазір ол шетелдік мемлекеттермен, соның ішінде Түркия, Англиямен келісімге келген. Осы елдердегі мектептер платформаны белсенді түрде қолдана бастаған. Алдағы уақытта ТМД елдері, Араб елдері және Африка елдерімен ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр. Сол арқылы олардың білім жүйелеріне сай келетін контент пен оқыту әдістемелерін ұғып, платформаны бейімдей алады. Әр елдің білім беру ерекшеліктерін ескеріп, соларға сай бағдарламаларды ұсынады. Солай халықаралық деңгейде кеңейе түспек.
Бұдан бөлек, жоба таяуда БҰҰ Бас хатшылығының қолдауына ие болып, «Digital Public Goods Alliance» (DPGA) компаниясының цифрлық қоғамдық игілігі (DPG) мәртебесін алды. Ал оның алдында отандық стартап әлемдегі ең үздік білім жобасы деп танылған. Ұлыбританиядағы беделді «digital Innovation of the Year» сыйлығын алған.
– «CodiPlay» компаниясының БҰҰ-ның цифрлық қоғамдық игілігі (DPG) мәртебесіне ие болуы біз үшін үлкен жетістік және үлкен жауапкершілік. Бұл мәртебе біздің өніміміздің сапасы, қауіпсіздігі және ашықтығы халықаралық стандарттарға сай екенін дәлелдейді. Бұл мәртебеге ие болу бізге көптеген артықшылықты береді. Мысалы, халықаралық ресурстар мен желілерге қол жеткізу, сонымен қатар білім беру қауымдастықтарымен және ұйымдарымен тығыз жұмыс істеу. БҰҰ мойындауы үшін басқа IT компаниялар өз өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін дәлелдейтін құжаттарды дайындауы қажет. Бұл құжаттар саясаттың ашықтығы, деректерді сақтау және қолданушы келісімдері, техникалық құжаттаманың ашықтығы сияқты аспектілерді қамтуы керек. Біз бұл салада өз құжаттарымызды жетілдіріп, белсенді жұмыс жүргіздік. Барлық талап пен қадам БҰҰ-ның ресми сайтында көрсетілген, сол жерден кез келген компания өз бетінше оқып, өтініш бере алады, – дейді стартап авторы.
Пандемия халықтың онлайн білім алуға деген қызығушылығын оятты. Әр қиындықтың өзімен бірге жаңа мүмкіндік әкелетіні белгілі. Сол сияқты, пандемия кезеңінде онлайн оқыту жүйесі қарқынды дамыды, ал қоғам оның тиімділігі мен қолайлылығын түсіне бастады. Бүгінде онлайн білім тек ерікті таңдау емес, кей жағдайларда қажеттілікке айналды. Кейіпкеріміз де солай ойлайды.
– Күллі әлем бойынша онлайн оқуға мүмкіндік ашылды. Оқып, үйренуге бар болғаны интернет болса, жеткілікті. Осы ретте мына мәселені де айта кету керек. Таяу келешекте біздегі балалар саны мектептердегі орын санынан әлдеқайда көбейеді. Қазақстанда «baby boom» өте қарқынды жүріп жатыр. Ал сол қарқынға сай мектеп салынып үлгермей жатқанын қазір де көріп отырмыз. Сондықтан болашақта онлайн білім беру мәселесі осы орын тапшылығының бірден-бір шешімі болуы ғажап емес. Сала сарапшыларының пікірінше, елдегі әлеуметтік жағдай нарық дамуына кедергі келтіріп жатыр екен. Соның ішінде, білімге қаражат бөлуге кредитке батқан жұртшылық дайын емес немесе азғантай сома ғана бөле алады деседі. Бұл пікірмен қаншалықты келісесіз? – Меніңше, интернет дамығалы білім алу айтарлықтай қымбат не қиын дүние болмай қалған секілді. Тіпті қазір маман болу үшін университет бітіру де міндетті емес. Өзіңіз қалаған мамандыққа қатысты курс оқып алуға болады. Одан қала берді, интернет желісінде тегін жатқан ақпарат көп. Қазір бізде ақпарат шектен тыс көп деп ойлаймын. Сол бар мәліметті дұрыс қорытып, дұрыс қабылдау, сорттау әлдеқайда маңыздырақ, – деп аяқтады сөзін Жанәділ.