Еліміздің Қостанай, Көкшетау, Талдықорған, Орал, Тараз, Өскемен, Шымкент, Қызылорда, Семей, Петропавл қалаларында облыстық IT-форумдары өтті. 3 мыңнан астам қатысушы жинаған бұл іс-шара өңірлерде цифрлық трансформацияны қолдау мен тәжірибе алмасудың алаңына айналды.
Форум барысында қатысушылар цифрландыру, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, үлкен деректер және мемлекеттік құрылымдарда технологияларды қолдану сияқты маңызды тақырыптарды талқылады. Қонақтардың ерекше қызығушылығын оятқан стартаптар аллеясында жас компаниялар инновациялық жобаларын ұсынып, инвесторлармен танысып, менторлардан құнды кеңес алды. Сонымен қатар бизнес-үдерістерді автоматтандыру және агротехнологияларға жасанды интеллектіні енгізу саласында маманданған қостанайлық «Aitomaton» стартабы мен жастарға арналған тағылымдамалық бағдарламалар ұсынатын шымкенттік «Amanbay Tech» стартабы таныстырылды.
«Өңірлердегі цифрландыру форумдары Қазақстандағы IT-саланың қарқынды дамуы мен елдің цифрлық трансформациясында шешуші рөл атқарып отырғанын айқын көрсетті. Бұл іс-шаралар өңірдегі стартаптардың өсуіне ықпал етіп, IT-нарықтағы негізгі ойыншылармен байланыс орнату алаңына айналды. Өңірлерден бастау алған бастамалар қазірдің өзінде елдің экожүйесіне оң ықпалын тигізіп, цифрлық Қазақстанның дамуына үлес қосып отыр. Біз жас таланттардың табыстарын мақтан тұтып, оларды жаңа жетістіктерге жету жолында қолдауды тоқтатпаймыз», деді «Astana Hub» басқарушы директоры Дания Ахметова.
Форум аясында IT-мектептердің көрмелері, ойын әзірлеу, жасанды интеллект және мобилография бойынша воркшоптар ұйымдастырылды.
Сондай-ақ «Grand Mobile» мобильді ойынының авторы Роман Линейцев туған қаласы – Өскемендегі форумға қатысып, сөз сөйледі. Туған жері мен форумның ерекше атмосферасынан шабыт алған ол «Oskemen Hub»-та өткен хакатонның жүлде қорын екі есе арттырып, өңірдің экожүйесіне маңызды үлес қосты. «Туған жерімізді ұмытпай, өз жолын бастаған жастарға қолдау көрсету маңызды. Бұл жерде мықты әлеует бар екенін байқадым», деді Р.Линейцев.
Бір сөзбен айтқанда, облыстық IT-форумдары жергілікті әзірлеушілермен қатар ірі технологиялық компаниялар мен IT саласының жетекші мамандарының қызығушылығын тудырды. Әлемге танымал компания өкілдері облыс орталықтарында тәжірибе алмасып, воркшоптар мен тренингтер өткізіп, гранттық қолдау бағдарламасын ұсынды.