• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Сұхбат Бүгін, 08:27

«Жас буынның бойында үрей басым»

24 рет
көрсетілді

Былтыр елімізде жастардың менталды саулығын нығайту мақсатында «BF-line» жобасы іске қосылды. Әлеуметтік бас­тама Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылған. Өткен аптада мамандар аралық қоры­тындыны жариялады. Осы орайда жоба жетекшісі, психотерапевт Жанат ДОСЖАНОВАМЕН сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Елімізде әлеуметтік бас­таманы қолға алуға қандай жағдай түрткі болды?

– Қазір әлеуметтік желілер, смартфондар, ғаламтор жаңа буынның өсіп-өркендеуіне өз ықпалын тигізіп отыр. Сон­дық­тан психологтер мен әлеу­мет­танушылар бұл буынды ­«Z ұрпақ» деп жіктеп қарас­тырады. Америкалық психолог Джонатан Хайдт өз еңбек­терінде оларды уайым­­шыл, тұйық мінезді, әлеу­мет­­пен қарым-қатынасы әлсіздеу деп көрсетеді. Зерттеу­ші­нің пікі­рін­ше, цифрлық технология 1997 жылдан кейін дүниеге келген жастар өмірінде түбе­гейлі еніп қана қоймай, оған деген тәуел­ділікті күшейткен. Бұл үр­діс жас буынның тұлға ретінде қалып­тасуына кері әсерін тигізеді.

Цифрлық дәуірдің жетіс­тіктерімен қатар өскен ұр­пақта әлеуметтік медиа, смартфондар арқылы үздіксіз желідегі байланыс олардың күнделікті өміріне де ерекше ықпал еткен. Телефонға телмірген азаматтарда ұйқы режімі бұзылған, бұл олардың денсаулығына кері әсер берген. Ал ұйқының нашарлығы өз кезегінде депрессия мен уайым­ деңгейінің ұлғаюына әкеледі. Ұлыбританияда жүргізілген зерттеулерде жасөспірімдердің 75%-ға жуығы ұйқы алдында смартфон қолданатыны көрсетілген. Бұл олардың ұйқыға кетуін 1–2 сағатқа кешеуілдетеді, ізінше ағзадағы мелатонин бөлінуі төмендеп, психикалық жағдай нашарлайды. Одан қалды жас­тар кей азаматтардың экрандағы «қызылды-жасыл, жылтырақ» өмірін байқап, өздерін солармен салыстырады. Бұл үнемі өзінен күмәндануға, бойында «жеткіліксіз» сезімінің дамуына әкеледі. Салдарынан өздерін толық аша алмайды, қоғамда белсенділігі төмендеп, қарым-қатынасқа шорқақ болады. Жетістікке деген жоғары талап пен сыртқы қысым да жастарға, әсіресе буыны әлі беки қоймаған жас өскінге үлкен психологиялық жүк болуы мүмкін. Ал ылғи үздік болуға деген талпыныс өз «менін» таппаған жастың бойына белгілі бір деңгейде комплекс жияды.

«Countrycassette» халықара­лық тәуелсіз интернет журналында депрессияның таралуы жағынан еліміз 180 мемлекет­тің арасында 93-орында тұрғаны жазылған. Есепке сүйенсек, бізде психологиялық құлазуға бейім азаматтардың саны болжаммен 732 мыңға жетіп, 4,4%-ды құра­ған. Ал Дүниежүзілік денсау­лық сақтау ұйымының статистикасына сәйкес депрессияның деңгейі – 5-7% арасында. Демек жаһандық орташа деңгейден асып түскенбіз.

– Жастар қаншалықты психолог көмегіне жүгінеді?

– Жасыратыны жоқ, елде ке­йінгі кездері азаматтар әртүрлі проблемамен психологиялық көмекке жүгініп жатады. Олар­дың басым бөлігі жастар десек, артық айтпаймыз. Бұған «BF-line» жобасы аясында да көз жеткіздік. Жоба іске қосылғалы 5 мыңнан аса өтінімді өңдедік. Кәсіби қолдау республиканың әр түкпіріндегі жастарға «BFLine.org» сайты арқылы қолжетімді болды. Осылайша, өткен жылы 642 азаматқа көмек көрсеттік. Ал биыл 11 айда көрсеткіш 1 800 өтінімге жетті.

Бағдарласақ, өтінімдердің 30%-ы – 29–35, 29%-ы – 24–28, 28%-ы – 18–23, 13%-ы 14–17 жас аралығын құрайды. Белсенді болғандардың көпшілігі – Түр­кістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарынан. Бұл өңірлердегі жоғары көрсеткіш ақпараттық жұмыстың белсенді түрде жүр­гізілуімен, жергілікті жас­тардың психологиялық қол­дау­ға деген мүдделігімен байланысты.

Бастысы – жастардың психи­ка­лық денсаулықтың ма­ңыз­ды­лы­ғын түсінетінін, кәсіби қолдау сұ­­раудан қорықпайтынын көр­се­теді. Әрі жас буын арасын­да эмоционалдық күйіне қам­қор­лықпен қарау мәдениеті қа­лып­тасып келе жатқанын аң­ғар­тады.

– Оларды қандай мәселелер алаңдатады?

– Жастар көбіне біздің ма­мандарға мазасыздық (19%), өзін-өзі бағалаудағы тұрақсыздық (12%), отба­сылық проблемалар (12%) себебінен жүгінген. Сондай-ақ өмірден қажып кеткендер (9%), балалар мен ата-аналар арасындағы кикілжіңдерге (8%), қорқынышқа (7%) қатысты өтінімдер де түсті.

Жалпы, жастар бо­йында үрей басым. Біздің жобаның мақ­саты – жасы 35-ке дейінгі отан­дастарымыздың болашағына қатысты алаң­даушылығын сәл де болса төмендету, олардың менталды саулығын нығайту және кәсіби психологиялық көмекке жүгіну мәдениетін одан әрі дамыту. Себебі олар түрлі эко­номикалық, әлеуметтік, саяси тұрақсыздық кезеңінде өмір сүріп жатыр. Жаһандық климаттың өзге­руі, пандемия сияқты әлемдік дағдарыстардың белең алуы да жас буында болашаққа деген сенімсіздікті, күмәнді ой­лардың өршуіне түрткі болады. Ал бұл адамдарды өз ойымен күресуге, қоғамнан оқшаулануға итермейді.

Белгілі бір кезеңдерде дүниеге келген азаматтарда мінез-құлық ерекшеліктері де болады. Яғни әр ұрпақты қоршаған тарихи контекст олардың әлеуметтік-психологиялық қасиеттерін қалыптастырады. Қазіргі ата-ана өздері қысым мен темірдей тәр­тіпті ұстанған отбасына, әлеу­меттік ортада тәр­биеленген соң, бала­ларына көбі­рек еркіндік беруге ұмтылады. Содан болар, олар үшін ешқандай шектеу, қатал қағидат, тұрақты көзқарас жоқ. Мұны місе тұтпайтын азаматтар оларға жұмыс не оқу орнында, қоғамда белгілі бір деңгейде қысым көрсетіп, көзқарастарын құнсыздандырып жатады. Себеп ретінде «қазіргі жастар бұзылған, біздің кезімізде былай болушы еді», «кеңес кезіндегі жүйе – ең дұрысы» деген секілді аргумент келтіреді. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегендей, кей таным-түсініктің, пайым-көзқарастың, пікірдің мән-маңызы трансфор­мацияланғанын ұғу керек. Адам­ның бәрі бірдей ұлтқа тиімді оң көз­қарасты ұстанбайды. Аға буын өкілдерінің арасында жастар­дың санасын улап, өз пайдасына асырып отырғандары да бар. Сондықтан мемлекет жаңа сатыға өтуі үшін уақыт талабына сай біртұтас ұлт ұғымының мәнін ашатын, маңызын жоймайтын құндылықтарды ілгері­летуді ­ойластыруы қажет.

– Неліктен психология ­мейн­­стримге айналып жатыр?

– Тұрмыстағы зорлық-зом­былық, мектептегі буллинг, эмо­­­ционалды қажу жастардың пси­хо­логиялық санасының тұ­рақ­­сыздығына сеп болып отыр. Бұл әсіресе балалар мен жас­өспірімдердің болашаққа жос­пар құруына, табысты болуға, өзін дамытуға деген құлшынысын тежейді. Себебі тепкі мен езгі көріп жүрген жасөспірім са­бақ туралы емес, негатив ойға көп беріледі. Осы орайда психо­логияның сұра­ныста болуы – қалыпты. Алайда біздің қоғамда «психогигиена» қалыптасып үлгерді деу қиын.

Қазіргі жастардың рухани құлдырауын және санадағы дағ­дарысын жеңу – кешенді, жан-жақты зерттеуді талап ететін күрделі мәселе. Цифрлы технологияларды қолдануды шектеу – бұл мәселеде оңтайлы жол емес. Рухани құлдырауға тосқауыл қою үшін жас буынның ішкі жандүниесіне үңіліп, өзін-өзі тануына жол ашып, әлеумет­пен қарым-қатынас орнатуына ықпал­дасу қажет. Сондықтан келер жылы жоба аясында 3 мыңнан аса онлайн-консультация өткізіп, географиялық аумақты кеңейте түсуді көздеп отырмыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»