Елордада болашақ мектеп басшылары анықталды. Бұл «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасының нәтижесі бойынша белгілі болды. Ақтық кезеңнен сүрінбегендер Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевпен кездесіп, «басшы-көшбасшы» біліктілік санаты берілгенін айғақтайтын сертификат иеленді. Мұндай мүмкіндік қатысушыларға мектеп директоры қызметіне конкурссыз қабылдануына жағдай жасайды.
Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жаңа форматтағы көшбасшыларды іріктеу мен кәсіби даярлау жөніндегі «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Аталған бағдарламаға іріктеу бес кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде үміткерлер кәсіби және басқарушылық құзыреттерді бағалау үшін тестілеуден өтеді, екінші кезеңде қатысушылар оқуға жіберіледі, үшінші кезеңде елдің жетекші мектептерінде тағылымдамадан өтеді, төртінші кезеңде қорытынды бағалауға қатысады. Ал соңғы бесінші кезеңде министрлік комиссиясымен әңгімелесуден өтеді. Барлық кезеңнің нәтижесі бойынша білім ұйымдары басшыларының Республикалық кадрлық резерві жасақталады.
Кездесуде сөз алған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев резервке енген жоба қатысушыларының осы жетістігімен құттықтап, өз кезегінде басшылық қызметтегі тәжірибесімен бөлісті.
«Тарихты тұлғалар жасайды. Кейде көп адам жалғыз екенін алға тартып, көп іс тындыра алмайтынын айтып жатады. Шын мәнінде, бір адамның өзі кейде әлемді өзгерте алатындай күшке ие болуы мүмкін. Сондықтан қазір іріктеліп отырған болашақ мектеп басшыларына үлкен үміт артып, еліміздегі білім саласын жоғары дәрежеге көтеру жолында аянбай еңбек етеді деп сенемін. Білім саласында көп реформаны бастан кештік. Сол жолда бір нәрсеге анық көз жеткіздік, біз білім саласындағы басшылардың кәсіби деңгейін өсірмей, білім сапасын көтере алмаймыз. Өз тәжірибемнен айтар болсам, бірінші басшы болу қашанда оңай емес. Мені 25 жыл бұрын 5 жылда 13 адам ауысқан, басшы тұрақтамаған мектепке директор етіп қойды. Арыз жазып, шығарып тастайды, кейбірі өзі кетеді. Мені де 3 айда кетеді деп ойлаған, бірақ сол жерде ешбір қызметкерді шығармай, 3 жыл жұмыс істедім. Ең соңында жүрген мектеп бұрынғы мұғалімдерімен-ақ облыстағы алдыңғы оқу ошағының біріне айналды. Басшы ұжымға ашық, барлық қызметкерге бірдей қарайтын әділ әрі адал болған кезде іс өрге басады», деді министр.
Жауапты министрлікке қарасты Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев осы жылы жобаның алғашқы кезеңіне 13 796 үміткер тіркелгенін, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп екенін жеткізді.
«Алғаш рет өткен жылы «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» атты жаңа жоба қолға алынды. Бұл жоба Президенттік жастар кадрлық резерві сияқты білім саласында кадрлық резервті қалыптастыруға бағытталған. Бұрын отандық білім жүйесінде мектеп басшыларын тағайындау конкурс арқылы және негізінен мамандардың біліктілігіне, еңбек өтіліне қарай ұйымдастырылатын. Бірақ әлемдік тәжірибені зерттей келе озық елдердегі білім ұйымдарында басшыларды тағайындау арнайы дайындық кезеңдерінен өткеннен кейін ғана жүзеге асатынын білдік. Сондай нәтижелі үлгіні зерделеп, Оқу-ағарту министрлігі арнайы бағдарлама жасап, 4 сатыдан өтетін оқытуды ұйымдастырды. Былтыр жобаға 8 мыңнан аса мектеп директорларының орынбасары қатысып, 4 сатылы оқытудан өтіп, ең соңғы кадрлық резервке 207 адам енді. Яғни бұл оқудың оңай емесін, талаптың жоғары екенін көрсетеді. Сол былтыр резервке енгізілген 207 маманның 170-і бүгінде мектеп директорлығына конкурссыз тағайындалды әрі оларға «жоғары деңгейдегі басшы» деген біліктілік санаты беріліп, соған сай жалақысы 2 есеге дейін өседі. Жобаның негізгі мақсаты – басқару жүйесін күшейту, сол арқылы білім сапасын арттыру. Биыл «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» өз жалғасын тапты. Осы жолы 13 мыңнан аса адам қатысып, 4 сатылы оқудан өтіп, соңғы сертификат тапсыру рәсіміне 376 адам ғана жетті. Жобаның былтырғыдан айырмашылығы – биыл мектеп директорлығынан үмітті басшы орынбасарларын ғана емес, қатардағы педагогтерді де қатыстырдық. Өйткені қарапайым мұғалім де қабілеті жетсе, басшы бола алады», дейді комитет төрағасы Қ.Жұмашев.
Министрліктің дерегіне сүйенсек, барлық бес кезеңнің қорытындысы бойынша республикалық кадр резервіне өткен, яғни балабақшалар, мектептер мен колледждердің басшылары лауазымдарына ұсынылған 376 кандидаттың 11-і мектепке дейінгі ұйымдардың, 316-сы орта білім беру ұйымдарының, 49-ы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының қызметкерлері. Оқудан, тағылымдамадан және әңгімелесуден өткен үміткерлерге сертификат беріледі. Соның негізінде одан әрі жұмысқа орналасу үшін олар кадр резервіне алынады. Резервтегілер бірінші басшының бос лауазымына конкурстық рәсімдерден өтпей тағайындалады.