Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті елімізде алғашқылардың бірі болып Дүниежүзілік техникалық және кәсіптік білім лигасына мүше болды.
Университет делегациясы, басқарма төрағасы – ректор Сәуле Рахметуллина, ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Жадыра Қоңырбаева, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Әсия Машекенова Қытайдың Тяньцзинь қаласында өткен «World TVET League»-дің алғашқы Бас ассамблеясы мен Дүниежүзілік техникалық және кәсіптік білімнің дамуы жөніндегі конференцияға қатысты. Ауқымды іс-шара кәсіби білімдегі инновациялық тәсілдер мен үздік тәжірибелерді талқылауға арналған халықаралық алаң ұсынды. ШҚТУ өкілдері конференцияда жоғары техникалық және кәсіптік білімді дамытудағы университеттің жетістіктерін таныстырып, саладағы жаһандық серіктестікке үлес қосты. Бұл қадам ШҚТУ-дың білім сапасын жаңа деңгейге көтеріп, әлемдік деңгейдегі серіктестіктерді нығайтуға бағытталған стратегиялық жоспарларының маңызды бөлігі болып отыр.
«Біз үшін елімізді әлемдік білім платформасында ұсыну – үлкен құрмет. «World TVET League»-ке қатысу университетіміздің білім үдерісіне ең үздік халықаралық тәжірибелерді енгізуге, сондай-ақ осы тәжірибелерді негізге ала отырып, жоғары білім сапасын жақсартуға көмектеседі», деп атап өтті ШҚТУ ректоры Сәуле Рахметуллина.
Шығыс Қазақстан техникалық университеті «World TVET League»-ке қатысу арқылы халықаралық ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне қадам басты. Еңбек нарығындағы жаһандық өзгерістер білім жүйесін жаңаша бейімдеуді талап етеді. Ал лига аясындағы серіктестік университетке бұл міндетті тиімді орындауға мүмкіндік береді. ШҚТУ осы ынтымақтастық арқылы жаңа білім технологияларын енгізуді және халықаралық байланыстарды нығайтуды көздейді. Бұл – ШҚТУ үшін ғана емес, еліміздің білім жүйесі үшін де маңызды жетістік. «World TVET League»-мен серіктестік орнату еліміздің еңбек нарығындағы жаһандық сұраныстарға бейімделу қабілетін арттырады деген сенім мол.