Қасым-Жомарт Тоқаев шағын құрамда өткен отырыста мемлекеттер басшылары халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасқанын айтты. Сондай-ақ Қазақстанның төрағалығы аясында ҰҚШҰ-ның биылғы қызметі қорытындыланғанын жеткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалығы аясында Ұйым жарғысына сай ынтымақтастық бағыттары бойынша 60-қа жуық іс-шара ұйымдастырылған. Халықаралық аренада келісілген ұстанымдарды ілгерілету бойынша серіктестермен бірлесе жұмыс жүргізілді.
«Биыл қабылданған саяси құжаттар легіне ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің жалпы бағалауы негіз болды. Олардың ішінде халықаралық ақпараттық қауіпсіздік, ғарыш саласындағы ынтымақтастық мәселелері мен Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты, сондай-ақ Белоруссияны басқыншылардан азат етудің 80 жылдығына орай қабылданған мәлімдемелер бар. Жыл бойы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының әскери дайындығына мұқият назар аударылды. Бүгін біз ҰҚШҰ күштері мен құралдары мәртебесіне және әскери контингентті тасымалдауға қатысты халықаралық келісімдердің екі хаттамасына қол қоямыз. ҰҚШҰ-ға мүше елдердің бітімгерлік күштерінің дайындық деңгейі мен жауынгерлік машығын жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қыркүйек-қазан айларында елімізде «Мызғымас бауырластық-2024» ҰҚШҰ Бітімгершілік күштерінің командалық-штабтық оқу-жаттығулары мен «Жартас-2024» ҰҚШҰ арнайы оқу жиыны өтті. Аса қауіпті нысандардағы күрделі апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізудің бірлескен іс-қимылы пысықталды», деді Қазақстан Президенті.