Облыстық музей-қорықта белгілі қылқалам шебері Құдаш Нұрсадықовтың «Құдірет» атты жеке сурет көрмесі ашылды. Музейді жағалап, өнерді бағалап келген елде есеп жоқ.
Кескіндеме жанрының әккі шебері Құдаш Дәулетханұлы Үлкен Нарын ауданы, Үштөбе ауылында туған. Бала жастан өнерге құмар ол Семей мемлекеттік педагогикалық университетінің көркемсурет-графика факультетін тәмамдап, ұстаздық жолға түскен. Шәкірт тәрбиелей жүріп, өзінің шеберлігін де шыңдаған. Алыс-жақын шетелдерде өтетін симпозиумдардан да қалмауға тырысады. Сонау жылдардан қолынан қылқаламын тастамай, осы уақытқа дейін түрлі жанрда жүздеген картина жазыпты. Іріктелген жұмыстарын топтастырып, бұған дейін де бірнеше рет жеке көрмесін ұйымдастырған. Ал мына көрмесі тіптен ерекше. Шығармалары әртүрлі жанрда. Алтайдың тұмса табиғаты да, тұрмысы да қамтылған. Портреттер де баршылық. «Құдірет» десе, құдірет. Қылқалам ұшымен мынау дүниедегі бар сұлулықты сезіндіреді. Сұлулыққа құмар ұстаздың шәкірт інілері де көрмедегі тың туындыларға ынта қоя қарап, пікірлесіп жатты.
– Шығыста суретшілердің басын қосып, бағыт-бағдар беріп жүретін Құдаш Дәулетқанұлын ұстаз санаймыз. Өзі үнемі ізденіс үстінде жүреді. Құдаш ағаның салған картиналарын да жазбай танимыз. Бояу жағу стилі ерекше. Еңбекқорлығына басымызды иеміз, – дейді ізін басып келе жатқан шәкірті Мәди Қайырханұлы.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, Құдаш Нұрсадықов сурет студиясын ашып, кішкентай шәкірттерді де өнерге баулып жүр. Олардың ішінде жеке көрмесін өткізіп, республикалық байқаулардан жүлде алғандары да жоқ емес.
Өскемен