• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:05

Заман талабын игерген орталық

77 рет
көрсетілді

Семейде жаңадан ашылған, ангио­граф аппараты орнатылған рент­ген­эн­доваскулярлық операция бөлмесі – медицина мүмкін­дік­терін кеңінен пайдаланатын орын­дардың бірі. Бұл аппаратты қолдану арқылы кардиологиялық, аритмологиялық, ангиохирургиялық, кардиохирургиялық, жүйке жүйесі, жалпы қан айналымы жүйесі ауруларын емдеуге, гибридті технология­ларды дамытуға жағдай жасалған.

Мұнда рентгенэндоваскулярлық операцияларды орындау инфаркт, инсульт, басқа да қауіпті ауруларды емдеуде медициналық көмек көрсету сапасын жақсартуға жол ашады. Ангиограф – бүкіл дененің, соның ішінде жүрек тамырлары, ми, мойын, кеуде және іш қуысы, аяқ-қолдағы тамыр патологиясын анықтайтын заманауи құрал-жабдық.

Күрделі операциялар жүргізілетін бірегей бөлмеде рентгенхирургиялық операциялар ең алдымен аз инвазивті әдіс арқылы жүзеге асады. Бұған қоса барлық манипуляция төмен травматикалық тәсілдер (шағын кесу немесе тамыр пункциялары) арқылы атқарылады. Мұнда арнайы ем-дом қабылдаған, яғни күрделі операция жасалған науқас тез арада қалпына келіп, қысқа мерзім ішінде сауықтырылатыны ғылыми тұрғыда дәлелденген.

Рентгенхирургия бөлімінің меңгерушісі Бауыржан Азизов Семей медицина универ­ситетінің госпиталінде ашылған жаңа орталықтың келешекте кең көлемде қызмет көрсететінін айтады.

«Бұл бөлім университет ректоры, профессор Алтай Ахметқалиұлының арнайы бастамасы негізінде ашылып отыр. Семей өңіріңде жоғары технологиялық рентгенхирургиялық көмектің кеңспектрлі операциялары 2013 жылдан бері тәжірибелі мамандармен бірге атқарылып келеді. Жылына 4000-ға жуық науқасқа көмек көрсетуге, оның ішінде 2500 диагностикалық, 1500 емдік мақсаттағы операция жасауға болады. Бөліміміз жаңа қондырғымен толыққан соң, науқастарға көмек көрсету арта түседі. Жабдықта сәулелену дозасын шектеу механизмдері бар, бұл науқастың денесіне сәулеленудің төмен әсерін тигізеді. Сондықтан ангиографиялық зерттеу іс жүзінде қауіпсіз. Зерттеу алдында науқас пен персоналға сәулеленудің әсерін азайту мақсатында қосымша шаралар қабыл­данып, дозалары есептеледі», дейді Бауыр­жан Сләмұлы.

Жаңа ангиограф бөлмесі аталған универ­­ситеттің госпиталінде ұсынылатын меди­циналық қызметтердің ауқымын кеңейтіп, жүрек, қан тамыры жүйесі ауруларына шалдыққан науқастарға көмек қолын созып, олардың ауруды жеңуіне барынша жағдай жасайды. Сонымен қатар барлық санаттағы перифериялық тамыр­лардың патологиясымен ауыратын науқастарға эндоваскулярлық араласу мен реконструкциялық-гибридті операциялар жүргізеді. Жаңа заманауи технологияларды енгізу медицина университетінің студенттері мен резиденттеріне білімін байытып, біліктілігін көтеруге ықпал етеді.

Өңірдегі медицина саласын қалыпты дамыту, науқастарға қызмет көрсету сапасын арттыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Заман талабына сай жаб­дықталған медициналық технология­лар­ды пайдалану арқылы дәрігерлердің жұ­мысы біршама жеңілдетіледі. Деректерге сүйен­сек, кейінгі 10 жыл ішінде аталған орта­лық дәрігерлері 16 мыңнан астам адамға ангио­графиялық операция жасаған. Ақ халатты абзал жандардың араласуымен шамамен 6 мың адамның жүрегіне стент қойылып, өмірін ұзарту мүмкіндігі ойдағыдай жүзеге асқан.

Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде ғана емес, әлемнің әр тарабында медицина саласында сапалы қызмет атқарып жүрген талай-талай білікті мамандарды даярлаған Семей медицина университетінде 6 мыңнан астам студент білім алады. Соның ішінде мыңнан астамы – 11 мемлекеттен келген шетелдік ізденушілер.

 

СЕМЕЙ