• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Спорт Бүгін, 08:10

Жарыс күнделігі

26 рет
көрсетілді

12–15 желтоқсан аралығында Ресейдің Санкт-Петербург қаласында шайбалы хоккейден Бірінші арна кубогінің жалау­ы желбірейді. Жарыста еліміздің ұлттық құрамасы да өнер көрсетеді. Алғашқы матч­ты жерлестеріміз турнир басталған күні Беларусь елі спортшыларына қарсы өткізеді. 14 желтоқсанда ҚХЛ құрамасымен күш сынасады. Ал соңғы күні Ресей хоккейшіл­ерімен шеберлік байқасады.

Биылғы маусымда ең көп эйс жасаған теннисшілердің тізімін Чжэн Циньвэнь бас­тап тұр. 22 жастағы Қытайдың өкілі 445 рет соққысын діттеген жеріне дөп түсірген екен. Екінші орында – Елена Рыбакина. Еліміздің ең үздік ойыншысы 358 эйс жасады. Одан кейінгі сатыларға беларусьтік Арина Соболенко (307 эйс), ресейлік Екатерина Александрова (284), испаниялық Паула Бадоса (265) жайғасты. Мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Гран-при турнирлер сериясының финалына жолдама алды. «Шынымды айтсам, осындай дүбірлі додаға қатысатын еліміздің тұңғыш спортшысы екенімді әлі де сезіне алмай отырмын. Мен үшін бұл – керемет жаңалық», дейді жерлесіміз. Аталған жарыс 5–8 желтоқсан аралығында Францияда өтеді. 30 қараша мен 1 желтоқсанда Алма­тыдағы «Шымбұлақ» тау шаңғысы ку­рор­тында ски-альпинизмнен ел чемпио­на­тының жалауы желбірейді. Жарыста Алматы, Ақ­мола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шы­ғыс Қазақстан облыстары, Алматы, Шымкент қалаларының спортшылары бақ сынайды. Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсетіп жүрген Астананың «Барысы» кезекті тур ойынын Новосібір қаласында жергілікті «Сибирь» клубына қарсы өткізді. Матч 2:0 есебімен ресейлік команданың пайдасына шешілді. Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) таяу күндері Таиландтың Чиангмай қаласында басталатын Азия чемпио­натының жүлде қорын жариялады. Ол 500 000 АҚШ долларын құрайды. Нақ­тылап айтсақ, бас жүлдені олжалаған был­ғары қолғап ше­берлері 8 000, күміспен күп­телгендер 4 000, қолаға қол жеткізгендер 2 000 доллардан алады. Ширек финалға шыққандарға 1 000 доллар тиесілі. Есте­ріңізге сала кетейік, бұл жарыста ерлер мен әйелдерді қоса алғанда 25 жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Алыптармен айқасып жүрген еліміздің танымал кәсіпқой боксшысы Иван Дычко 27 желтоқсанда Алматыда ұйымдастырылатын жарыста өнер көрсетеді. Осыған дейін 14 кездесуінің барлығын жеңіспен аяқтап, 13 қарсыласын есінен тандырған 34 жастағы боксшы Виталий Кудуховпен күш сынасады. Ресей боксшысының рекорды – 9 кездесуде 7 жеңіс, 3 нокаут. Бұл күндері Швецияның Хельсингборг қаласында үстел теннисінен жастар арасындағы әлем біріншілігі өтіп жатыр. Сол жарыста бақ сынаған Алан Құр­манғалиев 1/8 финалға дейін жетті. Бұл межеде ол германиялық Андре Бертель­смайерден 1:4 есебімен ұтылды.