Алматыда Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ресми жабылу салтанаты өтті. Ауқымды іс-шара туризм жылын қорытындылап қана қоймай, сонымен қатар жаңа бастамалардың бастауына айналды.
Туризм жылы жобасының жабылу рәсіміне еліміз бен Қытайдың туристік индустриясының 300-ден аса өкілі қатысты. Атаулы жыл ішінде ҚХР-дың түрлі қалаларында 30-дан аса ірі іс-шара өткізілді, екі елдің компаниялары мен ұйымдары арасында 200-ден аса келісімге қол қойылды. Іскерлік, мәдени миссиялар туристік, мәдени алмасуларды дамытуға, еліміздің тартымды туристік бағыт ретіндегі позициясын нығайтуға ықпал етті. Нәтижесінде, көрші елден келетін туристер саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда шамамен 50%-ға артты.
«Биылғы жыл еліміз бен Қытайдың туризм саласындағы өзара іс-әрекетінің айтарлықтай кеңеюімен ерекшеленді. Екі ел арасындағы туристік ағын елеулі өсімді көрсетті. Бұл біздің тату көрші екендігімізді, өзара түсіністік пен мәдени алмасуға деген ортақ ұмтылысымызды көрсетеді», деді Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев.
Шекара қызметінің деректеріне сәйкес, отандастарымыздың Қытайға сапары – 31%, ал Қытайдан елімізге келген меймандар қатары 50%-ға өсті. Биылғы жылдың алғашқы он айында 400 мың отандасымыз Қытайға барды. Қытайдан елімізге 550 мыңға жуық адам келсе, былтыр 367 мың адам келген екен. Демек бұл көрсеткіш те екі елдің бір-біріне деген қызығушылығы арта түскенін, туризм жылы аясында жүзеге асырылған жобалардың жақсы нәтиже бергенін көрсетеді.
Биыл Бейжің, Сиань, Шанхай, Гонконг, Үрімші қалаларында еліміздің қалалары мен облыстарының туризм күндері өтіп, біздің ел 4 туристік көрмеде (COTTM, ITB China, ITE Hong Kong, Қытай медициналық туризм жәрмеңкесі) ұсынылды. Шаньдун, Хэбэй провинцияларында екі үлкен концерт өтті. Тяньцзинь қаласында ұйымдастырылған «Алтын адам», «Ұлы дала» көрмелерінде Ұлттық музейдің коллекцияларынан экспонаттар ұсынылды.
Сондай-ақ мәдени-ақпараттық іс-шаралармен қатар ауқымды жобалар да ұйымдастырылды. Мәселен, «Жібек жолы» автокеруеніне, Peking-Paris Motor Challenge раллиіне, Жібек жолы бойымен жүріп өткен мототурға 500-ге жуық адам қатысты. Қытайдың ірі медиа корпорациялары еліміздің туристік әлеуетін белсенді түрде насихаттады. ҚХР-дағы Қазақстан туризмі жылының жалпы медиа нәтижесі 1,8 млрд қаралымға жетсе, әлеуметтік желілерде еліміз туралы жарияланымдардың қамтылу деңгейі 160 млн пайдаланушыны құрады. Қысқасы, туризм жылының нәтижесі саяхатшыларға жаңа көкжиектер ашса, туристік индустрия өкілдеріне серіктестік байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік берді. Екі ел арасында әуе қатынасы едәуір ұлғайды. Тікелей, чартерлік рейстер елімізді Қытайдың негізгі қалаларымен байланыстырып, саяхаттау аясын кеңейтті.
Келер 2025 жыл Қазақстандағы Қытай туризмі жылы болып белгіленді. Бұл келісім екі мемлекет басшыларының бірлескен баспасөз мәслихатында ресми түрде жарияланды. Сарапшылардың пікірінше, аталған іс-шара елімізде туристік сегменттің жаңа беттерін ашпақ. Дамыған елдерде топтық турлар өткеннің еншісіне айналып үлгерді. Қазір смартфонға жүктелген жол нұсқағышпен жеке саяхаттап жүрген шетел азаматтарын көптеп кездестіруге болады. Демек келер жылы IT индустриясының туризм сегментінің жүгін жеңілдететін бағдарламалары ұялы телефондарға жүктеледі деген үміт бар.
ҚХР-дың Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэй ханым Қытайда Туризм жылы жарияланған сәттен бастап мәдени, туристік бағыттағы тиісті ұйымдар Қонаев, Түркістан сияқты қалаларда көптеген іс-шара өткізгенін айтты. Ұлы Жібек жолы бойында жатқан өңірлерге ерекше назар аударылғанын атап өтті.
«2025 жылы Қазақстан Қытайдың Туризм жылын қабылдайды. Біз ҚХР-дағы көптеген туристік өніммен, танымал бағытпен таныстыруды жоспарлап отырмыз. Мақсатымыз – екі ел арасындағы өзара түсіністікті нығайтып қана қоймай, ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге шығару», деді бас консул.
Форум, сайып келгенде, атқарылған жұмыстарды қорытындылаудың, сондай-ақ ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңызды іс-шарасына айналды. 80-ге жуық қазақстандық және қытайлық туроператор іскерлік байланыстарды нығайту, әріптестік орнату мақсатында B2B келіссөздер жүргізді.
«Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасовтың айтуынша, қазір әлемдік туристік индустрия Қытайдың жеке саяхатшыларының ынта-ықыласын тудыруға күш салып жатыр. Елімізге келіп кеткен қытайлық турист орташа есеппен 1000 доллар жұмсайды.
«Бірақ Mastercard ақпаратында 573 доллар екені айтылды. Бұл жерде Mastercard мәліметтері осы картаға ие пайдаланушыларды ғана ескеретінін атап өткен жөн. Басқа сарапшылардың айтуынша, қытайлық туристердің жартысынан астамы (57%) соманың көп бөлігін қолма-қол ақшамен жұмсайды. Сондықтан туристердің нақты шығыстары Mastercard ұсынатын деректерге қарағанда едәуір жоғары деп санаймыз. Орта есеппен алғанда қытайлық туристер елімізде 4 күннен 7 күнге дейін болады: туристер 5-7 күнге келеді, ал қысқа мерзімді жұмыс визасымен келген қонақтар 3-4 күннен кейін қайтады», дейді «Kazakh Tourism» басшысы.
ҚХР-дағы Қазақстан туризмі жылы туризм сегментінің жаңа деңгейін, дипломатиялық қырын танытты. Бейнелеп айтар болсақ, ресми дипломатияның аяғы жетпеген жерге туризмнің жететінін дәлелдеді. Инфрақұрылымның жоғары деңгейі, туристік менеджменттің дамуы жағынан Қытайдың туризм индустриясы көп елге үлгі бола алады.
Қазір елімізде республикалық деңгейде көлік инфрақұрылымын дамытуға қажет қаражат қарастырылып жатыр. Бұл қаражат есебінен 18 мың шақырымнан астам жол тиісті жөндеу, қайта салу жұмыстармен қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік кепілдікпен берілетін қарыздар есебінен республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 10 торабы реконструкцияланады. 7292 теміржол вагондары жылжымалы құрамының паркі жаңартылады.
«Қытаймен арадағы туризмді дамытудың сарапталған стратегиясы, өңірлердің қанша турист қабылдау мүмкіндігі бар екендігі туралы нақты жоспар болуы керек. Инфрақұрылымға қатысты мәселелер мемлекеттік деңгейде зерделенді. Әр облыстар мен қалаларда мамандандырылған гидтерді көптеп дайындау, трансферлердің жетіспеушілігі мәселесін шешу, сауда үйлерін дайындап, маркетингті кеңейтіп, еліміздің өз брендін жасауды қолдау қажет», дейді Қ.Сәдуақасов.
Форум барысында оған қатысушылар әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің «Киелі мекенім» әніне жазылған жаңа клипін тамашалады. Туған ел туралы патриоттық композиция еліміздің көрікті жерлерін көрсетеді. Көрермендер көрнекті туристік орындарға визуалды саяхат жасай алады. Оның ішінде Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, Ақмешіт үңгірі, Әзірет Сұлтан мұражай-қорығы, Бозжыра шатқалы, Торыш алқабы тәрізді бірегей орындар бар. Бейнебаянда Бурабай, Катонқарағай, Алтынемел, Жоңғар Алатауы ұлттық парктерінің кадрлары да көрініс тапқан.
Салтанат соңында тараптар арасында бірқатар іскерлік меморандумға қол қойылды.
АЛМАТЫ