«Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы халықаралық «Uzakrota Travel Awards» сыйлығына ие болды. Мәртебелі марапат Ыстанбұл қаласында өткен «Uzakrota Travel Summit» 2024 халықаралық саммиті аясында табысталды.
«Uzakrota Travel Summit» – туристік индустриядағы маңызды шаралардың бірі. Оның барысында туризм саласындағы жыл ішіндегі нәтижелерге сәйкес 40 аталым үздіктері анықталады. «Kazakh Tourism» компаниясымен қатар Сауд Арабиясы, БАӘ, Сербия, Оңтүстік Корея, Оңтүстік Африка, Таиланд, Ирландия мемлекеттерінің түрлі туристік ұйымдары да өз елдерінің халықаралық туристік аренадағы беделін арттыруға қосқан үлесі үшін үздік болып танылды. Жеңімпаздар беделді сарапшылар мен кең көлемді аудиторияның пікірі негізінде анықталды. Еліміз «Uzakrota Travel Awards» сыйлығымен алғаш рет марапатталып отыр.
«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» Үкіметтің 2017 жылғы 14 шілдедегі № 428 қаулысымен Жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын акционерлік қоғам ретінде құрылған. Компания қызметінің негізгі бағыты – халықаралық көрмелер ұйымдастыру, өткізу, балалар мен жасөспірімдер туризмін, медициналық туризмді дамыту, келу туризмінің ағысын көбейту, жәрмеңкелер, аукциондар, ел имиджін ілгерілетуге бағытталған іскерлік, ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастыру.
Саммитке әлемнің 110 елінен 15 мың делегат қатысты. «Kazakh Tourism» қатысушыларға еліміздің туристік әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. 2025 жылы еліміз халықаралық EMITT туристік көрмесіне қатысады. Оның арқасында Түркиямен, басқа елдермен туристік байланыстарды нығайту көзделіп отыр.
Түркия – ТМД елдерін есепке алмағанда, елімізге келетін туристер саны жөнінен екінші орында. 30 күнге дейінгі визасыз режім, қос мемлекет арасындағы тұрақты тікелей рейстер келушілер қатарының артуына ықпал етеді. Биылғы жылдың үш тоқсанында елімізге келген түрік туристерінің саны 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12%-ға артты.
Биыл халықаралық «Lonely Planet» баспасы «Best in Travel» рейтингінде елімізді 2025 жылы саяхаттауға болатын ең үздік елдердің бірі ретінде белгілегенін атап өткен жөн.