• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:47

Ғылымға құштар оқушы

33 рет
көрсетілді

Маңғыстаулық оқушы өңірдегі руна жазуларын зерттеп, мобильді қосымша құрастырды.

Бүгінде еліміздің түкпір-түк­пірінде жас ғалым­дар­дың тың бас­тамалары арқылы ұлттық мәдение­тіміз бен тарихымыздың маңызды қырлары зерттеліп жатыр. Соның ішінде Маңғыстау өңірінің рухани мұрасын жаңаша қырынан танытып жүрген жас зерттеуші, Ақ­шұ­қыр мектеп-лицейінің 11-сынып оқу­шысы Шынар Аманбайдың жобасы ерекше көзге түсті.

Шынар биыл республикалық ғылыми жобалар конкурсында «Маңғыстаудағы руна жазуының зерт­телуі» тақырыбын қорғап, бірінші орын иеленген. Оның ғы­лым­ға деген құштарлығын оятқан жетек­шісі Мейрамгүл Жаңабер­генова. Екеуі түркітанушы Байдулла Айдаровтың мұрасын тереңірек зерттеуге бел буған. Зерттеу барысында Шынар өңірдегі руна жазуларының барлығын жинақтау мақсатында арнайы «Tanba.Kz» атты мобильді қосымша жасап шыққан. Бұл қосымша арқылы өңірдегі әрбір таңбаның цифрлық базасын құру қолға алынған. Мұн­дай жоба тек зерттеу жұмысы ғана емес, мәдени мұраларды сақ­тауға арналған инновациялық қадам деуге болады. Шынардың жұ­мысы тек теориялық зерттеу­мен шектелмейді. Ол Таушық маңын­дағы Таңбалы сай жеріне барып, таңбаларды суретке түсіріп, бейне­материалдар әзірлеген. Сондай-ақ өлке­танушылармен, таң­ба­тану­­шылармен сұхбаттасып, мол мәлімет жинаған.

«Менің ғылымға қадам басуыма жетекшім Мейрамгүл Жаңа­бергенова апай себепкер болды. Ол кісінің білімге деген ерекше көзқарасы мені қанаттандырып, Байдулла Айдаров мұрасын зерттеуге жетеледі. Осы зерттеу аясында жетекшім екеуміз Маңғыстау облысындағы бүкіл таңбаларды жи­нақтау мақсатында «Таңба Kizet» атты мобильді қосымша ой­лап таптық. Бұл – менің ал­ғаш­қы ғылыми жобам, бірақ тоқтап қалмай, ғылым жолымды жалғас­тыр­ғым келеді», дейді ол.

Жоба арқылы жас зерттеуші қазақ тарихының көне кезеңдерінен сыр шертетін руна жазуларын тек зерттеп қоймай, олардың мән-маңызын кең аудиторияға жеткізуді мақсат етіп отыр. Шынардың айтуынша, бұл жеңіс – ғылым жолындағы алғашқы баспалдағы ғана.