• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 10:00

Жолаушылар тасымалы жақсарады

11 рет
көрсетілді

Семей қаласының автопарктері жаңа автобустармен толықты. Жылдар бойы қоғамдық көлік облыс орталығының басты проблемаларының бірі болып келді. Автобус пен жүргізуші жетіс­пеуіне, тасымалдау мәселесінің шешілмеуіне қатысты жұрт­шылық жиі шағымданатын еді.

Семей қаласы әкімдігінің дере­гіне сүйенсек, жақында 18 жаңа автобус сатып алынды, оның 10-ы үлкен, 8-і кіші класты. Олар жа­қын арада желіге шығып, қала хал­қы­на қызмет ете бастайды. Өткен жылы тасымалдаушы мекеме 70 автобус сатып алса, биыл автопарктер 90 автобусқа жаңарып отыр.

«Жалпы, біз 160 автобус ауыс­тыр­дық, бұл – көлік паркінің шама­­мен 50%-ын құрайды. Жаңа шағын аудандар, айталық, Ком­сомол кенті, Қарағайлы қоғамдық көлікпен қамтылып отыр, өткен жылы №45 маршрутты іске қостық, биыл №10 маршрутты іске қосып жатырмыз. Сонымен қатар қоғамдық көлікті дамыту жөніндегі жаңа, кешенді жоспар дайындалады, соның аясында жаңа маршруттар ашылады. Биыл тасымалдаушылар субсидия алып, көлік паркін жаңарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Екі жыл бұрын автобус маршруттарының техникамен қамтылуы 50% болатын, қазірде бұл көрсеткіш 75%-дан жоғары», дейді қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов.

«Авто Транс Семей» ЖШС автопаркі түрлі деңгейдегі 300-ге жуық автобуспен қамтылған, шамамен 300 жүргізуші жұмыс істейді. Дегенмен D санатты жүргізушілер тапшы. Бүгінде күні жүргізушілердің ауысымдық жұмыс кестесі қарастырылып жатыр. Мамандар жұмысшылар саны жеткілікті болған жағдайда қызмет көрсету екі ауысыммен жүретінін айтады. Сонымен қатар келесі жылы орта класты 40-50 автобус сатып алу жоспарланып отыр. Бұған себеп қазіргі уақытта қолданыстағы автобустардың ресурсы таусылуға жақын.

Семей қаласында келер жыл­дың 1 қаңтарынан бастап қо­ғам­­дық көлікті субсидиялаудың жаңа моделі енгізіледі. Бұл туралы Абай облыстық коммуникация­лар қызметінде өткен баспасөз жиынында мәлім етілді. Семей қаласы әкімінің орынбасары Әділет Тұрысбек субсидиялау жү­йе­­сімен тасымалдаушылардың авто­парктерін жаңартуға мүм­кін­дік бар екенін атап өтті.

«Қалада электрондық билет жүйесі барлық маршрут­та жұмыс істеп жатыр. Бірыңғай диспетчерлік, бақылау қыз­ме­тіне келер болсақ, автомобиль жолдары және жүк көлі­гі бөлімінің жолаушылар тасы­­малдауды бақылау орта­лығы­мен келісімшарты бар, ол дис­петчерлік, бақылау қыз­метін атқарады. Барлық мәлі­мет­ сол жерден тапсырыс берушіге бе­рі­леді, ол өз кезегінде осы мәлі­­­мет­­терге сәйкес қаржы қа­ра­­­­жатын реттейді», дейді Ә.Тұрысбек.

2025 жылы қаладағы маршрут­тық желілерді оңтайландыру жос­пар­­ланып отыр. Осы мақсатта мә­селе тудыратын маршруттар мен учаскелер зерттеліп, тиісті шаралар қабылданады. Әкімдік мәлі­метінше, осы уақытқа дейін тасымалдаушылар бір жолаушыға тариф есептеу негізінде субсидия алып келсе, жаңа субсидия­лау моделіне көшу арқылы тасы­мал­даушылар өздерінің жүр­ген километрін көбейтуге, ал сол арқылы субсидия көлемін арт­ты­ру­ға мүдделі болады.

 

СЕМЕЙ