Шу қаласында орналасқан «Жібек жолы» арнайы экономикалық-индустриялық аймағында алдағы жылдары ондаған жоба жүзеге асырылады. Солардың бірін «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен қытайлық «SANY Renewable Energy» компаниясы қолға алып отыр. Күні кеше мүдделі тараптардың басшылары жел электр стансасына қажетті бөлшектерді шығаратын зауыттың іргетасын қалады.
«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың айтуынша, Орталық Азияда алғаш біздің елде салынатын зауытта жел электр стансаларына қажетті гондолалар, күпшектер мен мұнаралар және өзге де қажетті бөлшектер шығаруға басымдық берілмек. Жаңа кәсіпорын құрылысы келесі жылдың соңына дейін аяқталады. Жоба құны – 114 млн доллар.
«Жаңадан бой көтеретін зауытта 300-ден астам жаңа жұмыс орны құрылады. Жобаны дер кезінде пайдалануға беру үшін тікелей шетелдік инвестиция тартылғанын айта кеткен жөн. Зауытты салу үшін Қазақстанның даму институттарынан ешқандай қарыз алмаймыз. Бұл жоба екі тарап үшін де тиімді екеніне дау жоқ. Жергілікті жердегі өндіріс деңгейі артып, кемінде 30 пайызды құрайды. Сол үшін де «SANY RE» компаниясы R&D зерттеу орталығын ашуға құлшынып отыр», дейді Нұрлан Жақыпов.
Деректерге жүгінсек, жоба аясында бой көтеретін зауыт Қазақстан аумағындағы жел электр стансаларын қажетті бөлшектермен қамтамасыз етіп қана қоймай, оларды Орталық Азиядағы көршілес елдерге экспортқа шығаруды көздеп отыр. Өйткені керекті құрал-жабдықтарға өзге мемлекеттер тарапынан қызығушылық бар.
Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың әрі берік экономикалық байланыстың арқасында қолға алынған жоба арқылы жаңартылған энергия көздерін өндірудің мүмкіндігі арта түспек. Зауыттың іргетасын қалау рәсімінде сөз сөйлеген өңір басшысы Ербол Қарашөкеев баянды бастаманың өңір үшін ғана емес, тұтас еліміз үшін тиімділігі мол екенін тілге тиек етті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен және Үкіметтің қолдауымен өңірде бірқатар инвестициялық жоба қолға алынып, ірі өндіріс орындары ашылып жатыр. Соның бірі – «SANY RE» компаниясының жел генераторларын құрастыратын зауыт құрылысы. Бұл жоба облыстың жоғары инвестициялық әлеуетін растап, тұрақты дамуы мен экологиялық таза технологияларды пайдалануы негізгі бағытымыз екенін көрсетіп отыр.
Жамбыл өңірі елімізде жаңартылатын энергия көздерін дамыту саласында көшбасшыға айналғаны мәлім. Бүгінгі таңда облыста жалпы қуаты 571,3 мегаватты құрайтын 22 жоба іске асты. Ал кейінгі үш жылда Сарысу ауданында жалпы қуаты 200 мегават болатын «Жаңатас» және «Шоқпар» жел электр стансалары секілді ірі жобалар іске қосылды.
«Жібек жолы» арнайы экономикалық аймағында іске асырылып жатқан жаңа жобалардың инвестициялық артықшылықтарына толық көлемде қолдау көрсетіледі. Олар корпоративтік табыс, жер, мүлік салығынан және шетелден құрал-жабдықтарды тасымалдау барысында баж салығынан толығымен босатылады. Бұл инвесторлар үшін үлкен жеңілдік деп санаймын. Жобаны іске асыруға қолдау көрсеткені үшін «Самұрық-Қазына» қорының және «SANY RE» компаниясының басшылығына алғысымды білдіремін», деді Е. Қарашөкеев.
Қазіргі кезде «Самұрық-Қазына» қоры электр энергиясына деген сұранысты қанағаттандыру үшін шетелдік серіктестермен бірлесіп, ауқымды жобаларды қолға алып жатыр. Алдағы алты жылдың ішінде шамамен 6 ГВт көлемінде жаңартылатын энергия көздерін енгізуді жоспарлап отыр.
Қытайлық «SANY Renewable Energy» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Чжоу Фугуйдің айтуынша, Қазақстан билігі бұл жобаны жүзеге асыру үшін қолдан келгенше қолдау көрсеткен. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры да алпауыт компанияның ауқымды жобаны іске асыруына мұрындық болып отыр.
«Біздің бірінші кезекте Қазақстанды таңдауымыздың өз себебі бар. Қазақстан тарапы бізге барлық жағынан қолдау көрсетіп отырған әлеуетті әріптестермен қызықтырды. Ел Үкіметінің өкілдері де жобамызды бірден мақұлдады. «Самұрық-Қазына» қорының басшыларымен де жақсы байланыс орнатқанбыз.
Жобамызға мүмкіндігінше қолдау білдірген барлық азаматқа, жергілікті атқарушы билік өкілдеріне алғысым шексіз. Жұмылған жұдырықтай бірлесе атқарған жұмысымыз көңіл көншітерліктей нәтижелі болады деген үміт бар.
Жаңадан бой көтеретін зауыт ел экономикасының дамуына айтарлықтай ықпал етеді. Бірлесіп қолға алған бастамамыз баянды болуы үшін бар күшімізді салып еңбек етуге әзірміз. Біздің компания өндіретін жаңа технология Қазақстанда «жасыл энергия» үлесінің артуына ықпал ететініне сенімім зор. Орталық Азиядағы іргелі жобаға айналатын зауытты бірінші болып Қазақстанда салуымыздың өз мәні бар. Мұнда жұмыс істеуге жайлы орта қарастырылған», деді ол өз ойымен бөлісіп.
Қалай десек те, «SANY Renewable Energy» әлемдегі жел генераторларын шығаратын ірі зауыт екені мәлім. Дерекке жүгінсек, компанияның акциялары Шанхай қор биржасында саудаланады. Ал компанияның нарықтық капиталы 5,3 млрд долларға тең. Зияткерлік өндіріс саласы бойынша Қытайдағы көшбасшы кәсіпорынға айналған компаниямен бірлесе атқарған жұмыс көп күттірмей оң нәтиже береді деген сенім зор.
Жамбыл облысы,
Шу ауданы