Астанада «TikTok» стартап академиясының 3.0 ашылу рәсімі өтті. Бұл бағдарлама Орталық Азия елдеріндегі стартап жобаларға «TikTok» платформасында өз бизнесін ілгерілетуге әрі жаңа нарыққа шығуға көмектеседі. Іс-шара барысында алдыңғы лекке қатысқан стартаптар таныстырылып, үздік жобалар анықталды.
Стартап академиясының 3.0 таныстырылымына Орталық Азиядағы «TikTok» бизнесті дамыту департаментінің басшысы Юлия Кушнир қатысты. Оның айтуынша, «TikTok» кәсіпті тез дөңгелетуге ықпал ететін платформа. Өйткені онда аз уақытта үлкен аудиторияға жетуге болады. Стартаптардың басты міндеті – тұтыншуларды тарту және брендін танымал ету. Сондықтан «TikTok» бизнес үшін жарнама алаңы ғана емес, креативті шешімдерді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін керемет құрал. Платформа арқылы стартаптар өздерінің бренді мен өнімдерін халықаралық нарықтарға таныту мүмкіндігіне ие болады. «TikTok for Business» стартаптарға өз аудиториясын табуға, өнімдерін жарнамалауға, бәсекеге қабілетті болуға көмектеседі.
Жобаның мән-мақсатын түсіндірген ол «TikTok» платформасы стартаптар үшін үлкен мүмкіндігін ұсынатын алаң екенін атап өтті.
«Қазіргі цифрлық дәуірде креативті стратегиялар мен контент жасаудың маңызы зор. «TikTok» осындай міндеттерді орындауға мүмкіндік беретін платформаға айналды. Платформада жылдам идеялар табуға, видео жасауға, монтаждауға, өз шығармашылық ойларыңызды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін көптеген құрал бар. Бұл стартаптарға бизнес стратегияларын жетілдіріп, нарықта танылуға жол ашады. Ал «TikTok» стартап академиясы аясында қатысушылар өздерінің бизнес стратегияларын таныстырып, жаңа аудиторияға қол жеткізуге, табыс табуға «TikTok» мүмкіндігін қолдануды үйренеді», деді ол.
Бұл жобаны «TikTok» «Astana Hub» орталығымен бірлесіп жүзеге асырып отыр. Орталық директоры Мағжан Мәдиев «TikTok»-тың стартаптар академиясымен ұзақмерзімді серіктестігінің маңызын атап өтіп, бұл ынтымақтастықтың аймақтық IT-саласының дамуына зор ықпал еткенін айтты.
«Біз «TikTok» компаниясымен ұзақ уақыттан бері серіктес ретінде жұмыс істеп келеміз. «Astana Hub»-тың басты міндеті – IT-жобаларды дамыту. Осыған байланысты біздің кәсіпкерлеріміздің ең маңызды мақсаты – тұтынушыларды тарту. Ал «TikTok» – бүгінгі таңда әлемдегі ең ірі әрі қарқынды дамып келе жатқан цифрлық платформа. Өткен жылы Мемлекет басшысы мен «TikTok»-тың бас директоры Шоу Цзы Чу кездескен. Осыдан кейін «TikTok» компаниясы Астанада өз кеңсесін ашқан болатын. Сондай-ақ сол кезде «TikTok» стартап академиясын бастадық. Алдағы уақытта білім бағдарламалары бойынша бірлесіп жоба жасауды жоспарлап отырмыз», деді М.Мәдиев.
«TikTok Startup Academy» алғаш рет 2022 жылы елімізде бастау алған. Алғашқы маусымда 286 өтінімнің ішінен 56 стартап іріктеліп, оның 9-ы грантқа ие болған. Екінші маусымда бағдарлама Өзбекстан мен Әзербайжанды қамтып, 16 стартапты оқытып, 6 жобаға қолдау көрсетті. Биыл 4 елден 176 өтінім түсіп, олардың ішінен ең үздік 40 жоба таңдалып алынған. Ю.Кушнир үздік жобалар биыл да қаржылай грантқа ие болатынын айтты.
«Бізге төрт елден, атап айтқанда, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжаннан 40 стартап келіп отыр. Олар «Pitch» сессиясына қатысып, «TikTok»-та бизнесін ілгерілету стратегияларын қорғап, талқылайтын болады. Іс-шара нәтижесінде 10 жеңімпазды анықталып, әрқайсысына «TikTok for Business» платформасында жарнама жасауына 3 000 доллар көлемінде грант табысталды. Жалпы, грант қоры 30 000 долларды құрайды», деді ол.
Қатысушылардың көпшілігі жасанды интеллект, білім, туризм, финтех, мәдениет салаларына қатысты жобаларды таныстырды. Жасанды интеллект саласындағы стартаптар жаңа технологияларды қолдана отырып, өнімдері мен қызметтерін жетілдіруге ұмтылса, білім жобалары жастарға арналған жаңа форматтағы контент әзірлеуге күш салып жатыр. Сонымен қатар туризм саласындағы стартаптар туризмді цифрландыру бағытын ұстанған. Ал қаржы технологиясы саласындағы қатысушылар экономиканы цифрландыру, қаржылық қызметтерді жетілдіру мақсатында жобалар ұсынған. Олар «TikTok» платформасын пайдалану арқылы олар өз қызметтерін халықаралық нарыққа шығаруды көздеп отыр.
Мәселен, бұған дейінгі қатысушылар арасында болған «Тастамат» стартап жобасы «TikTok» платформасы арқылы үлкен жетістіктерге жетіп, жақсы нәтиже көреткен. Олар аз уақыттың ішінде «TikTok»-та 8000-нан астам жаңа оқырман жинап, табысын 30 пайызға арттырған. Бұл «TikTok» платформасының шағын және орта бизнес үшін тиімділігін дәлелдейді.
«TikTok» стартап академиясы бағдарламасының қорытынды брифингіне қатысқан Мағжан Мәдиев, академияның басты мақсатын түсіндірді.
«Іс-шараның басты мақсаты – «TikTok» стартап академиясы бағдарламасының қорытындысын шығару. Біз жоба аясында қатысушыларға «TikTok» платформасын қалай қолдануды үйреттік. Әрбір IT-бизнеске бұл өте маңызды. Енді олардың арасынан үздігін анықтайтын боламыз», деді «Astana Hub» орталығы директоры.