Сенбі, 30 қараша күні Астанада ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен ЮНЕСКО қорғауындағы Қазақстанның тарихи және мәдени мұрасын қорғау бойынша кешенді шараларды әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының екінші отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кешенді шаралар Қазақстанның мәдени мұрасын қорғау және сақтау бағытындағы орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ЮНЕСКО және ИСЕСКО (Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымы) істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясы мүшелерінің, сондай-ақ тарихшы ғалымдардың, археологтардың, этнографтардың және қоғамдық ұйым өкілдерінің күш-жігерін үйлестіруге бағытталған.
Бұл стратегиялық бастама Қазақстанның ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енгізілген және енгізілуі мүмкін маңызды тарихи және сәулет ескерткіштерін сақтау мен материалдық емес мәдени мұра элементтерін қорғауға арналған. Оларға дәстүрлер, салт-жоралар, тіл, музыка, қолөнер және басқа да құндылықтар жатады.
Министр Аида Балаева отырыс барысында әлемдік мәдени және табиғи мұраны қорғау жөніндегі Конвенцияның ережелерін орындау үшін барлық мүдделі тараптардың жүйелі және үйлесімді жұмыс істеу қажеттігіне ерекше тоқталды.
Жұмыс тобының отырысында Қазақстанның мәдени мұрасын қорғау және насихаттау бойынша үш кіші жұмыс тобының жоспарлары таныстырылды:
Материалдық емес мәдени мұра бойынша кіші жұмыс тобының басты міндеті – музейлер, қорықтар, кітапханалар қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, сондай-ақ жоғары оқу орындарына пәнаралық білім беру бағдарламаларын енгізу. Бұл Қазақстанда дәстүрлі қолөнер, нумизматика, бонистика, ұлттық ойындар, сәндік-қолданбалы бұйымдарды қалпына келтіру бойынша дипломды мамандарды дайындауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, мектептегі «Дене шынықтыру» пәніне қазақтың дәстүрлі ойындарын енгізу мәселесі қарастырылуда.
Кіші топтың жоспарында материалдық емес мәдени мұраны инвентаризациялау, қазақтың киіз үйін, кілем тоқу технологиясын құжаттандыру бойынша зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бар.
ЮНЕСКО қорғауындағы нысандар бойынша кіші жұмыс тобы әлемдік мәдени және табиғи мұраны қорғау жөніндегі Конвенция шеңберінде Қазақстандағы ЮНЕСКО қорғауындағы нысандармен жұмыс істейді. Басты міндеттері – басқару, қауіпсіздік және инфрақұрылым мәселелерін шешу.
Сонымен қатар, сарапшылар «Ұлы Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі», «Ұлы Жібек жолы: Каспий-Еділ дәлізі» сияқты трансұлттық сериялық номинациялар бойынша жұмыстар жүргізуде. Бұл бағытта Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының жергілікті атқарушы органдарымен бірлескен жұмыс атқарылуда.
Құжаттық мұра бойынша кіші жұмыс тобы ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы аясында Қазақстанның құжаттық мұрасын сақтау және ілгерілету бағытында жұмыс істейді. Қазіргі уақытта Абайдың «Қара сөздері» мен Машһүр Жүсіп Көпейұлының қолжазбаларын ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енгізуге дайындық жұмыстары жүргізілуде.
2003 жылы бұл тізімге Қожа Ахмет Ясауидің қолжазбалары, 2005 жылы «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының құжаттары енгізілген. Сонымен қатар, Қазақстанның жазбаша мұрасының мемлекеттік тізілімін жасау мәселесі қарастырылуда.
Үш жұмыс кіші тобы ұсынған жоспарлар Қазақстанның мәдени мұрасын қорғау және дамыту бойынша шараларды қамтиды. Бұл жоспарларды Мәдениет және ақпарат министрлігі жүзеге асырады. Аталған шаралар Қазақстанның мәдени мұрасын қорғау және дамыту ісін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.