Міржақып Дулатов – 125
Орнында тапжылмайтын дәнеңе жоқ, бәрі өзгереді, түгесіледі, түлейді, түрленеді. Тек, Міржақыптың атпен қызметіне баратын “Еңбекші қазақтың” аты өзгеріп, алдымен Алматыда, кейін Астанада шығып жатқанымен, заты арыстар арманына сайма-сай екен. Гүлденген өмір жыршысы “Қай елдің баспасөзі мықты, сол елдің болашағы зор” деген Міржақыптың жүрек сөзіне адалдық танытып, алғы ғасырларға аманаттанып барады!..1925 жылдың саржағал күзі. Міржақыптың отбасы Қызылордаға қоныс аударған. Анау-мынау емес, жаңа астана ғой. Десе де шаһар сұсы сырттан келгендерді бірден серпілте қоюы екіталай еді. Сарғайып, жел жұлмалап, түтілген жүндей аяқ астындағы қобыраған ағаш жапырақтары онсыз да көші-қонның аласапыранынан жүдеуленген көңілді құлазытып жібергендей. Қала түсі сұрқай. Еңсені қорғасындай басады. Орынбормен жылап көрісетіндей, сірә. Қырыққа бірер айдан соң толатын өзі түгілі, он жасар Гүлнәрі жаңа жерді жатсынып, тымыраяды, қабағын ашпай қояды. Есі-дерті ескі жұртқа ауып, сәби сезіммен егіліп, күйгелектенеді. Ұйқысы да сергек, міне, Алакөз атын ерттеп, өзі істейтін “Еңбекші қазақ” газетінің редакциясына бару қамымен жүр еді, қасынан екі елі шықпай қойды.
– Әке, түсте келемісің?
– Жоқ, жұмыс көп, шырағым.
– Алакөз ашығып қалмай ма? Мені ала кетші, жем беруге жараймын ғой, – деп қиылды қызы.
Осы кезде сенек жақтан Ғайнижамал шығып, бері таман сөйлей жақындады.
– Әкеңнің басын қатырма, жазуы көп бүгін, – деді Гүлнәрінің қайтпас мінезін жұмсартпақ ниетпен еміреніп. – Күнде апара бере ме, ол жақта да жемші жетеді.
Гүлнәр өтінішін сап тыйып, жалт берді де, жүгіре жөнелді.
Ат ерттеуді жаны сүйеді. Жасынан көндіккен ісі. Ертеректе қандай бір сапарға шығарда да үлкендер жағы: “Аттарды Міржақып ерттесін” деп сенімділікпен қолқа салатынын ойлап, туған Торғайы көзіне және бір сағымданып елестеп, сағынышқа елти түссін. Сол бала күнгі машығымен тап қазір де аңсай табысқандай. Иесін көріп тарпынып, танаулап, бүкіл денесін дүр сіліккен теке жәуміт тұқымдас жирен қасқа Алакөзі лезде жуасып қалды. Алты жастан енді асқан, түгі жылтыраған бестінің тұла тойы күштен жарылардай боп көрінетін. Тырсиған сауырынан сипалап, буланған тұмсығынан бірер жеңіл қағып қойды. Жанары қандай жануардың! Мөп-мөлдір. Қарасы аз, аласы көп. Сонысына қарай атауы да келіскен сыңайлы – Алакөз! Тығыршық денесі, төгіле күлтеленген жалы, қою құйрығы мен жұмыр аяқтары бірыңғай жирен түсті. Жұрттың жаппай “нағыз жирен қасқа Алакөз” деп тамсанатындай жөні бар.
Құранды ерді қолына ұстауы мұң екен, Алакөз сауырын икемдеп, оңтайланып тұрды. Ерді арқасына лезде қондырып, оның алдыңғы, артқы қасын қос қолымен нығырлай басып, үзеңгілікті тарта жатқызды. Төс, шап айылын да жұлқи бекітіп, құйысқаны мен өмілдірігін жөндемге келтірді. Ауыздығын сылп еткізіп, күтірлете салып, жүгеннің тізгінін ат кекілінен асыра серпіп, ердің алдыңғы қасына ілді. Сол-ақ екен өзі лып етіп ат үстіне қона кетсін. Иіле еңкейіп, көз ашымда сөреде тұрған дорбаны баса мытты. Түскі тамағы да...
“Еңбекші қазақтың” редакциясы әудем жерде, шамасы 5-6 шақырым. Міржақыптың Қызылордада көшін түсіргені Ерғали Қасымов төренің үйі болатын. Садовая көшесіндегі 7 үй еді (кейін Селиверстов, 17. Қазіргі атауы беймәлім – Қ.Ә.). Екі бөлік үйдің бір жағында А.Байтұрсыновтың отбасы тұрады. Жақаң көршілес, асыл ағасы Ахаңның қаңтарулы тұратын фаэтоны көзіне шалынбағасын, “Бүгін жұмысына өте ерте кеткен-ау, шамасы”, – деп болжады.
Редакцияға үнемі атпен бара бермейтін. Жаңбырлы, лайсаң күндері ғана Алакөзіне ер салады. Бүгінгі күн райын терезеден байқап, салтқа бекінген. Кейде жауын-шашын тұтасып, 2-3 күнге созыларын байқағанда, Ахаң: “Маған ілесе салсайшы”, деп күймесіне отырғыза кететін.
Алакөздің бір артықшылығы – су төгілмес жорға болатын. Оның “биі” бойды балбыратып, ой тербегенде, нағыз жұмаққа сай боп елестер. Қай-қайдағыны есіне елеп түсірер. Міржақып затында жеңіл-желпі, ұшпа ой ойлаудан аулақ қой. Жазғанын саралайды, екшейді. Нәтижесі қандай? Пайдасы қаншалықты? Жазбағын байыптайды. Халқының көзін аша алар ма? Заман ағысы сырын дөп басар ма? Сондай кілтипандардың кілтін тауып көрсе ше? Қолында, шүкір, біршама тетік бар. Соның қыбын тауып кәдеге жаратса. Газет мінбері халықпен тілдесудің таптырмас құралы. Тек оңтайлы пайдалана біл. Және де газет редакторының стилистика жөніндегі орынбасары болудың өзі, жазғанын ізін суытпай жариялатып жіберуге демесін еді.
Жорғамен тербетіліп келе жатып Міржақып “Қазақ тілін жүргізетін комиссияның құлағына алтын сырға” деген ащы кекесінге толы мақаласын ой елегінен өткізді. “Жеріне жеткізіп жазыпсың”, деп ризашылық білдіргендер хатты қарша боратсын кейін. Тақырыбы – әркімнің көкейін тесетін нәубатпен тең еді. Қазақ тілі мемлекет тілі болғанымен заң-закон, бұйрық-жарлықтың, кеңсе істерінің бәрін қазақшаға айналдырамыз деген талпыныстан дәнеңе өнбегеніне, биліктің нақты бір құжатының қазақша аудармасын талдап, көздерін жеткізе отырып, күйрете соққы берген-тін. Түйіні де жанды қариды: “Қазақ тілін жүргізетін комиссия болсын, өзге мекемелер болсын, мұндай сорақы іске көзінің қырын салмаса, әрі-беріден соң, “қазақшаң мынау болса, орыс болып-ақ кетелік” деушілер табылмай ма? Сонда не бетімізді айтамыз?” Енді осы мақаласынан бірдеңе шығар ма екен деп, дүдәмаланып келе жатқаны.
Үдей түскен жауын Міржақыптың брезент жамылғысын сулап тастады. Іле сергіп Алакөзді тебініп қалды. Әне, редакция төбесі де қылт етті. Қазір аттан түсе салысымен үстеліне қонжиып, бұрын бастап қойған “Газет тілі оңды болсын” деген мақаласын бітіріп тастамақ. Түрлі басылымдарға жасалған шолу еді. Нүктесін былай қойса қайтер еді: “Осы кезде газеттің бір нөміріндегі бір сөздің өзі 2-3 түрлі жазылады. Мұны оқыған шала сауаттылар адасып қалады, қайсысы дұрыс екенін білмейді. Бұл жағы да ескерілсін. Өте-мөте газеттің тілі оңды болсын”,– десе ше? Мәселенің мәнісіне дөп тиер ме?.. Ойға алған шаруасы шашетектен. Үлгерсе екен. Қайран, жаутаңкөз қазағының қамы үшін басын қайда тікпеген. “Міне, мойыным, шап, шап, ұлтым үшін жан пида!” деп әлденеге анттаса бекініп, суланған киімінен денесі тітіркене бастағанда, Алакөз кілт тоқтаған...
Кейде бір көңілінің хошы түскенде Міржақып, жазуын ысырып тастап, осы Қызылордаға келгелі бергі мініске пайдаланған аттарын ойша тізбелеп, әрқайсысының қайталанбас қасиеттерін қызықтап, шаршаңқы миын желпінтіп алатын... Сүттей аппақ, ақалтеке тұқымды боз арғымағы болды. Оған тақымы тигенде, бал дәурен кешетіндей еді-ау! Ауада қалқитын. Қаншама жазбақ дүниесін соның үстінде теңселіп отырып ойластырған. Үзеңгіге аяқ салды болды, сезімге сиқырлап тастайды пәтшағар. Тізгінді жіберіп жосытып алғанда, көкке төбесі бір елі жетпейтіндей. Сол бозын үйіне қонақтап келген құдасы Жүсіп қажыға қазақы салт бойынша бұйымтайын айтқанда, қайтіп көзі қиып, ер-тұрманымен жетектете салғанына әлі күнге таң-тамаша қалады өзі. Әй, боз десе, боз еді. Сұлы мен жоңышқаға байлап ұстағанда, түгі жылтырап, қараған көзді сұқтандыратын. Адам “танитындай” еді өзі. Бір жолы Мұстафа Көшековті (“Адасқандар” романындағы Бәтеске таласып, Бүркіттің қолынан қаза табатын Мұстафа – Қ.Ә.) аулада тістелей қуып, зәре-құтын қашырған. “Қызға таласқандарға наразылық білдіргені-ау, жануардың”, – деп қағытқан оны сонда.
Атқа үйірсектік қазақ қанын қыз-қыз қайнатады. Сол қазағыңның бірегейі болар-ау, бәлкім, Міржақып... Есіне 1928 жылдың тамызы түсті. Салт атпен, жирен қасқасымен, Меркеден әдейілеп Алматыға барып, сырқаты асқынып, әзер тыныстап жатқан үзеңгілес, алаш қайраткері Сейілбек Жанайдаровтың көңілін сұрауы, қазір ойласа, төбе шашын тік тұрғызады. Суыт жүруі керек болды. Жүрді. Жанына серік алмай, желдей желгені бар. Құс мылтығын ғана асынып алған. Дос көңілдің қарызы үшін парызын өтеткен сол бір жирен қасқасының тұмсығынан дәл қазір бір иіскер ме еді. Ұйыққа ұялап өлді ғой...
Дүние жалған десейші, Алакөзіне ат жетер ме? Ешқайсысын теңестірмейді. Оған мініп аңға шыққанда ескі мылтығын жүдә асынбайды. Әдейілеп, қаламақысынан қиқымдап жинап, “Зауэр” фирмасынан шыққан аса қымбат қосауыз мылтық сатып алған. Соны кәделейді. Атына бипаздана қонжиып, қоңыр түстес, тықыр жүнді, құйрығын келте етіп шорт кескен Гибсон итін соңынан ертіп аң аулаған сәті ұмытылар ма? Дана есімді итімен құс атуға шыққанда ше? Алакөздің құс тістеген жүйріктігіне сондайда тәнті болатын.
Сол жанына жақын Алакөзі өзі 1928 жылдың желтоқсанында “Еңбекші қазақтың” босағасында жүріп тұтқындалғанда, ат қорада жәудіреп, қос жанары боталап қалған-тын... Боранды түн еді. Ызғырық жел өңменді суырып тұрған. Қара киімді сұсты үшеу үйді тінткілеп, Міржақыпты әкетуге ыңғайланды. “Ғайнижамал, қош, қош енді, Гүлнәріме қара!” деп, оның білініп қалған ішіне еріксіз назар сала, іштей аймалап, өзіне қарай ытқырына, мысықша атылған қызын көтеріп алып бауырына қысып, бетінен құшырлана ысқылай сүйген. Мейірі қанбай шөпілдеткен. “Алаш аманатын сендерге жүктедім” дегендей, соңғы бір лебізін айтпаққа бекініп еді, кенеше қадалған қаныпезерлер тұқырта тартып, қолын бұрап желкелей шығарды есіктен. Тас боп бекінген Міржақыптың ендігі бір дәмесі Алакөзін көріп қалу еді. Оған да мұрша бермеді. Мойнын ат қораға бұрған. Иесі көзіне шалынбаса да, иісін сезді ме, Алакөзі оқыс осқырынып, оқыранған. Міржақыптың көзінен жас ытқып кеткен... Әйелі мен баласынан тірідей айырылып бара жатқанда, дініне қатып, мелшиіп, мына өлі жәутіктерге осалдық танытпауға тырысқанымен, қос тірегі мен Алакөзіне деген қимастығы көкірегін енді тілгілеп, өңешін суырғандай сұрапыл күй кешті...
Міржақып түрмеден жазған бір хатында Ғайнижамалға: “Қаусап, қиналып қалғандарыңды сеземін. Киіз үйді, мылтығымды сатыңдар”,– депті. Алакөзіне аузы батпаған. Көнтерлі Ғайнижамал қанша титықтап, тарықса да Алакөздің жалынан бейсауат ешкімге ұстатпаған. Бір түні қолындағы қайнысы Шайланға мінгізіп, Торғай асырып жіберген... Шайлан Алакөзді Міржақыптың көзі етіп, үш жыл бағады. Ашаршылық қысқан соң амалсыз сойысқа түсірген. Бірақ бір жапырақ етін аузына салып, талғамаған. Бір ғажабы, өмірден өткенінше Алакөз түстес жирен қасқа жылқы сойыла қалса, кімнің де болсын дастарқанын аттап жүре берген екен, жарықтық.
... 1991 жылы Ахаң, Жақаң ақталуына арналып Торғайда өткен тойда шабысы ерен жирен қасқа бас бәйгені алыпты... Бөріктерін аспанға атқан тойшыл дүрмек: “Беу, мынау Міржақыптың Алакөзіне ұқсап туған жүйрік екен”, деп таңдай қағысыпты.
Орнында тапжылмайтын дәнеңе жоқ, бәрі өзгереді, түгесіледі, түлейді, түрленеді. Тек, Міржақыптың атпен қызметіне баратын “Еңбекші қазақтың” аты өзгеріп, алдымен Алматыда, кейін Астанада шығып жатқанымен, заты арыстар арманына сайма-сай екен. Гүлденген өмір жыршысы “Қай елдің баспасөзі мықты, сол елдің болашағы зор” деген Міржақыптың жүрек сөзіне адалдық танытып, алғы ғасырларға аманаттанып барады!.. Ел газеті “Егемен Қазақстанның” тоқсан жылдығында Елбасы да разылық танытып, тәуелсіз мемлекетімізге жасап жатқан қызметін тәуір бағалады.
...Елбасының тікелей қолдауымен салынған “Егемен Қазақстанның” сегіз қабат ғимаратының алдында қаңтарылған көп көліктің ішінен Алакөз көрініп қалатындай елең ете түсетіні несі екен, көңіл-дөненнің!
... Алакөздей ат қайда!
Қайсар ӘЛІМ.