• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Салық 03 Желтоқсан, 2024

Салық та адалдықты талап етеді

257 рет
көрсетілді

Салық – мемлекеттің экономикалық тұрақтылығы мен қоғамдық игілігін ілгерілететін басты құрал. Азаматтардың адал төлемдері арқылы денсаулық сақтау, білім беру, инфра­құрылым сынды маңызды салалар қаржыландырылады. Алайда салық жүйесінің тиімділігі халықтың сенімі мен мемлекеттік басқарудың ашықтығына тікелей байланысты. Биыл елімізде 12,5 трлн теңгенің орнына 9 трлн теңге салық түскен. Яғни 10 айдың салық жоспары 27,6%-ға орындалмай тұр.

Қаржы министрлігінің рес­публи­калық бюджеттің 10 айдағы атқарылуы туралы есебіне үңіл­сек, жоспарланған 16 трлн 602 млрд 33,9 млн теңгенің орнына 15 трлн 112,07 млрд теңге түскен. Ал оның ішінде 10 айда бюджетке 12,5 трлн салық түседі деп жос­парланса да, тек 9,04 трлн теңге салық түскен. Салық кірістерінің ішінде табыс салығының жоспары 71,5% ғана орындалып, 3,6 трлн теңге емес, 2,5 трлн теңге кірген. Қосылған құн салығы тіптен тығырыққа тірелген. Оның жоспары 65%-ға орындалып, 6,06 трлн теңгенің орнына 3,9 трлн теңге кірген. Цифрлық майнингтің төлемақы жоспары 4,2 млрд теңге деп белгіленген. Ол жос­пар тек 81%-ға орындалып, 3,4 млрд теңге түскен. Мұнайға салынатын әкету кедендік бажы­ның жоспары 1,3 трлн теңге деп белгіленіп, 84,7 пайыз ғана орындалған. Кеден төлемдерiнің жоспары 1,8 трлн теңге болады деп жоспарланғанымен, 87,9 па­йыз ғана орындалып, 1,5 трлн теңге болған. Оның ішінде Еура­зиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес төленген кедендік баждардың жоспары 60,1%-ға орындалған.

Қаржы министрі Мәди Тә­киев­тің айтуынша, мұның бір­неше себебі бар.

– Біріншіден, «Теңіз Шевройл» бойынша болашақта кеңейту жо­басын іске қосу мерзімін 2025 жылға ауыстыруға байланысты мұнай өндіру көлемі 5,1 млн тоннаға төмендеді. Бұл шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша түсімдердің 200 млрд теңгеге азаюына әкеліп соқ­ты. Екіншіден, былтыр 594 млрд теңге сомасында борышты қайтаруға байланысты қосымша құн салығын қайтарудың өсуі. Өткен жылмен салыстырғанда, биыл бюджеттен қосымша құн салығын 3 есе артық қайтардық, – деді М. Тәкиев Мәжілістің жалпы отырысында.

Үшінші себебі, елдердің импорт көлемінің 6,4%-ға азаюына байланысты.

– Негізгі экспорттық тауарлар­дың (металдар мен мұнайдың) әлемдік бағалары сияқты сыртқы факторлардың тұрақсыздығы республикалық бюджет­тің кіріс бөлігіне кері әсер етті. Бұл үрдіс жыл бойы бірқатар металдар бойынша сақталып отыр. Одан бөлек геосаяси жағдайға байланысты ірі ком­паниялардың логистикалық шығындары ұлғай­ды. Компаниялар табыс­тары­­ның төмендеуіне байланысты, са­­лық түсімдері шамамен 350 млрд теңгеге төмендеді, – деді Қаржы министрі.

Экономистер Салық кодек­сін қолда­ну­ды жеңілдету қа­жет екенін айтады. Салық жүйе­сінің қолайлы болуына «анық­тық» керек. Нақтырақ айт­қан­­да заңдар мен нормалар­дан мәнсіз түсіндірмені алып тастау маңызды. Салық төлеушілер бәрін оңай түсінуі керек. Құжат та қолдануға жеңіл болуға тиіс. Бұл салық төлеушіге салық мін­деттемесін орындауды жеңіл­детеді әрі салық жүйесінің тиім­ділігін арттырады. Осыған байланысты экономист Ғалымжан Керім­бек Үкімет салықтар мен төлемдердің санын азайтуды, артық салық жеңілдіктерін жою­ды, мүмкін болған жағдайда салық мөлшерлемесін төмендету шараларын қарастыруы тиіс деген ұсыныс та айтты.

– Кәсіпкерлік субъектілерін салықтық есеп беруден босату қажет, оған белгілі бір салық режіміне тіркелгені бойынша, есепшотына келіп түскен қара­жаттан автоматты түрде салықтар мен бюджетке төленетін басқа да мін­детті төлемдер ұсталып қалу­ға тиіс. Сонымен қатар елімізде оңайлатылған салық салу жүйесі қолданылады, кәсіпкерлерге салыстырмалы түрде қарапайым әрі түсінікті салық салу жүйесі бар, басқа елдерге қарағанда са­лық мөлшер­лемесі салыстырмалы түр­де төмен, көптеген салық­тық жеңіл­дік пен ынталан­дыру беріл­­ген. Салық төлеушілердің салық­­тан жалтаруын азайтуға арнайы талаптарды жеңілдету, жүк­те­мені төмен­дету мақсатында ұйым­дарды әдейі бөлшектеуге жол бермеу мәселесі жаңа Салық кодексінде қарастырылуы тиіс, – дейді ол.

Салық заңнамасындағы жиі өзгеріс­тер бизнесте белгісіздік тудыруы мүмкін. Оған қоса заңсыз схема құру мен салықтан жалтаруды болдырмауға кепілдік жоқ. Мұндай жағдайға әлем тәжі­рибесімен қарап көрелік. Нәти­жесін берген істерге сүйен­сек, тікелей әрі жанама салық­тарды оңтайлы түрде ұштастыру қажет екен. Оны сарапшы мамандар да құптап отыр.

– Елімізде тікелей және жана­ма салық­тың оңтайлы үйле­суі әртүрлі эко­но­ми­калық факторларды мұқият есепке алуды талап ететін күрделі міндет. Жеке тұлғаның табысынан жеке табыс салығы, заңды тұлғаның табысынан корпоративтік табыс салығы алынады. Қосылған құн салығы және акциз салығы жанама салық ретінде сату нүктесінде тауарлар мен қызмет көрсетуден алынады. Салықтың осы екі түрін тиімді үйлестіру үшін уәкілетті органдар экономикалық өсу мен әлеуметтік әл-ауқатқа ықпал ету мақсатында кіріс қажеттілігін теңестіруі тиіс. Байлықты қай­та бөлу және табыс теңсіздігін азайту үшін тікелей салықтарды пайдалану, ал жанама салықтар кіріс алу және тұтынуды ынталан­­­ды­ру үшін қолданылады. Соны­мен қатар салықтың осы екі түрін пайдалану арқылы тұрақты эко­номикалық өсуге және әлеу­мет­тік қамсыздандыруға ықпал етеді, сондай-ақ мемлекеттік қызмет пен бағдарламаны қар­жы­­лан­дыруға қажетті кіріс­тің көзі бола алады, – дейді сарапшы.

Еліміз 2006 жылы салық салу­дың үдемелі шкаласын енгіз­ген, бірақ ол азаматтардың көлең­келі табысын шығару үшін жасалған еді. Ал сарапшының түсіндіруінше, үдемелі табыс салығының мөлшерлемесін енгізу керек. Оның пайдасы орасан. Біріншіден, үдемелі салық жүйесінің негізінде табысы жоғары тұлғалар табысының көп пайызын, ал табысы төмен тұлғалар табысының аз пайызын салық түрінде төлейді. Бұл кірістердің теңдігіне әкеледі, себебі табысы көп тұлғалар Үкіметтің кірісіне өз ресурстарының мол үлесін қосады. Екіншіден, бұл табысы жоғары адамдарды инвес­тициялауға немесе жаңа бизнес құруға ынталандырады. Солай экономикалық өсу мен елде жаңа жұмыс орнының пайда болуына жол ашылады.

Қазір дүкенге немесе дәмха­наға бара қалсаңыз, көбі «мобильді аударым» сұрайды. Кәсіпкерлер QR кодтан сәті келсе айналып өткісі келеді. Мамандардың айтуынша, олар банк комиссиясы жоғары болғандықтан, төлемді QR немесе POS-терминалдар арқылы қабылдағысы келмейді.

Бұдан бөлек, салықтан жалтару мақсатында небір қитұрқы істерге баратындар да аз емес. Мысалы, күні кеше Шымкентте кәсіпкерлер салықтан жалтару үшін бизнес нысандарының құнын 16 есеге дейін төмендетіп көрсеткен деген ақпарат шықты. Қала әкімдігі мен мемлекеттік кірістер департаменті осындай 3 мыңнан астам объектіні анық­тапты. Коммерциялық нысан­дарға талдау жүргізу нәтиже­сінде, мейрамханалардан қазы­наға түсетін салық 79 миллионнан 23 миллиард теңгеге, қала базарларындағы табыс 11 есеге көбейген.

Десе де, елдің бәрі салық төлеуден жалтарады деу қате. Нәпақасын адал тауып, салығын уақытылы төлейтін қарапайым азаматтар да баршылық. Мәселен жақында такси ақысын QR код арқылы алатын жүргізушіге кез болдық. Бұрынғы әскери қызметкер, қазір зейнет жасында екен. «Таксиде көбіне аударыммен алушы еді, сіз де сөйте ме десем?» деп сұрап едім, «Елге сәл де болсын пайдам тисе деймін. Осыдан алатын азын-аулақ салық қанша адамның еміне, қанша жастың оқуына кетіп жатыр ғой. Зейнетақының, айлықтың, басқа да әлеуметтік мәселелердің оң шешілгенін бәріміз қалаймыз. Бірақ салық төлемей, қаша берсек, оған ақшаны қайдан табамыз?» деді. Салық та халыққа қайтатын қаржы екенін ұмытпасақ екен.