• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Желтоқсан, 2024

«Жылжымалы дәріхана» өңірлерге тиімді ме?

55 рет
көрсетілді

Еліміздегі дәрі-дәрмек нарығы жыл санап өсіп келе жатқанымен, шалғай ауылдардың халқын сапалы медициналық препаратпен қамтамасыз ету мәселесі әлі де шешілмей тұр. Мұны ескерген Үкімет жақында ауылдар үшін жылжымалы дәріхана пункттерін іске асыру туралы заң жобасын жариялады. Мұнда қандай мәселелер ескерілуі керек?

Таңсық тәжірибе емес

Жылдың алғашқы 9 айының қоры­тын­­дысында еліміздегі дәрілік заттар­ды бөл­шек саудада және стацио­нарлық тұты­ну көлемі 862 млрд теңгені құраған. «Қазақстан Респуб­ликасы­ның фар­ма­цев­ти­калық қызметті қол­дау және дамы­ту қауым­дастығы» ЗТБ мәлі­ме­тін­­ше, бұл өткен жылдың сәйкес кезе­­ңі­­­нен 20,5%-ға артық. Нақты түрде тұ­ты­­ну 4,1%-ға – 454 млн пакетке дейін өсті. Ал Денсаулық сақтау ми­нистр­­­лі­­г­і­нің дере­гінше, 2023 жылдың қоры­тындысында фармацевтика нары­ғы­ның көлемі шамамен 950 млрд тең­гені құ­рады. Оның 144,3 млрд теңгесі отан­­­дық өндіріске тиесілі. Былтыр «СҚ-Фар­­ма­­ция» ЖШС 437 млрд теңгеге дәрі-дәрмек сатып алған. Биыл бұл нарық 1 трлн тең­­гені межелеп қалады деген болжам бар.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев жуырда жылжымалы дәріхана пункттерін іске асыру туралы заң жобасын жариялады. Мақсаты – ауылдық жерлердегі адамдарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. 

– Еліміздің климаты мен географиялық ерекшеліктерін, сондай-ақ өңірлердегі халық санының аздығы мен қашықтығын ескерсек, ауылда фармацевтикалық пункт­тің жеке бизнес тарапынан болуы аса ұтым­ды емес. Сондықтан бұл мәселе қа­зір өте өзекті. Жылжымалы дәріхана пункттеріне қатысты жобаны іске асыру туралы заң жобасы ең алдымен шалғайдағы ауылдық елді мекендерде сапалы дәрілік препараттардың болуы жөніндегі мәселені шешуге бағытталған, – деді вице-министр.

Негізі көшпелі дәріханалар жүйесі Пав­лодар облысына таңсық дүние емес. 2010 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, ауылдық жерлерде қосымша «шағын дәріханалар» ашу мүм­кіндігі пайда болды. Оған дейін дәрі­ха­налар ауданы 20 шаршы метрден кем болмайтын үй-жайларда орналасуға тиіс еді. Ал алыс ауылдық жерлерде дәріхана ашуға ауданы бұдан екі есе шағын орындар сұралды. Облыс әкімдігі «көшпелі дәрі­ханалар» ұйымдастыруды тапсырды. Олар тұрғындардан түскен тапсырыстармен апта сайын ауылдарға шығып тұруы ке­рек әрі бұл жұмысқа жергілікті кәсіп­кер­лерді тарту ұйғарылды. Алайда бастама шала-пұла жасалғандықтан, арада көп уақыт өтпей аяқсыз қалды.

Одан соң 2020 жылы әлемді жайлаған пандемия уақытында да ауылдарға жылжымалы дәріханалар жүргізу ойластырылған. Өңірлік денсаулық сақтау басқармасы мен медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті бұл жұмысты да өндіре алмады. Себебі жоғарыдан нақты нұсқаулықтар мен белгілі бір қолдау іс-шаралары жүзеге аспады. Барлығы жергілікті әкімдіктерге телінгендіктен, жоба тағы да орта жолда қалды. Ендігі жерде бұл мәселе министрліктің арнайы заң жобасы шеңберінде шешілетін болса, аймақтарда қандай мәселелер ескерілуі керек? Павлодар облысы Денсаулық сақ­тау басқармасының басшысы Әнуар Бұйра­шевтың пікірінше, көшпелі дәріханалар ұйым­д­астыру туралы заң жобасы қабыл­данса, ауылдық жерлерге мобильді дәрі­ханалар шығаруға болады.

– Бұрын облыстағы жеке дәріхана ұйым­да­ры шалғайдағы елді мекендер­ге жыл­жымалы дәріхана пункт­терін ұйым­­дас­тырған. Кейінірек, жылжымалы дәріхана пункттері барлық жерде жұ­­мысын тоқтатты. Өйткені бұл фар­ма­цевтикалық бизнеске тиімсіз болды. Түпкірде орналасқан, әсіресе шекараның бойын қоныс еткен, халқы аз елді мекендерге дәрі-дәрмек жеткізу мәселесі әлі де өзекті. Жылжымалы дәріхана пункт­­тері жөніндегі жобаны іске асыру шалғайдағы тұрғындардың сапалы дәрілік препараттарды кедергісіз сатып алуына қол жеткізу мәселесін шешуге мүм­кіндік береді. Екіншіден, науқастарға тегін берілетін дәрі-дәрмекті уақтылы жеткізу де бір жақты етіледі. Мысалы, Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде амбу­латорлық дәрі-дәрмекпен қамта­масыз ету «Белгілі бір аурулары бар Қа­зақ­стан Республикасы азаматтарының жеке­леген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікпен амбулаторлық қам­та­ма­сыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін бекіту туралы» 2021 жылғы 5 тамыздағы №75 бұйрыққа сәйкес жүзеге асырылады. Биыл 10 айда 172 395 пациент дәрілік препараттармен, медициналық бұйымдармен, мамандандырылған емдік тамақпен қамтамасыз етілді. Ал былтыр мұндай мүмкіндікке 174 мыңнан астам адам ие болған. Бүгінде амбулаторлық деңгейде ТМККК шеңберінде 54 ауру, МӘМС жүйесінде 127 ауру бойынша пациент­­­­­тер дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Тегін амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізбесіне дәрілік заттардың 626 позициясы енгізілген. Республикалық бюджет шеңберінде об­лыс­қа 12,8 млрд теңге бөлінсе, міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыру қоры 215,7 млн теңге сомасына қосымша өтінім­дер қосты, – дейді ол.

 

100-ге жуық ауыл қамтылмаған

Павлодар облысындағы 10 ауданда 350-ден астам ауылдық елді мекен бар. Аумақта барлығы 7 дистрибьютор (көтер­ме қоймалар), 279 дәріхана (барлығы жеке меншік қолында) қызмет көрсетеді. Дәріханалардың тек 22-сі ғана ауылдық жерде орналасқан. Бұған қоса өңірде 154 дәріхана пункті ұйымдастырылса, оның 136-сы ауылдық жерлерде жұмыс істеп тұр. Тағы бір ескеретін жағдай, дәріхана пункттері медициналық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарда ғана ашылады. 261 ауылдық елді мекенде дәріханалар мен дәріхана пункттерінен бөлек, 74 медициналық пункт, 41 отбасылық дәрігерлік амбулатория, 20 фельдшерлік-акушерлік пункт бар. Олар арқылы да ауыл халқын дәрілік қамтамасыз ету жүзеге асырылады. Аталған статистикалық деректерге сүйенер болсақ, облыста әлі де 100-ге жуық шағын ауылдарға дәрі-дәрмекті тұрақты жеткізу жолға қойылмаған.

– Желтау ауылы облыс орталығынан 300 шақырым жерде орналасқан. Ауылымызда дәріхана жоқ. Округ орталығындағы меди­ци­налық пунктте қажетті дәрі-дәрмек табыла бермейді. Амалсыздан 80 шақырым жердегі аудан орталығы – Баянауылға баруға тура келеді. Аудандағы дәрі-дәрмек бағасы қалалы жерлермен салыстырғанда қымбатырақ. Сондықтан дәріні көбіне қала­дан алғызамыз. Ауылды жердегі адам­­дардың табысы қаладағылардан ана­ғұр­лым аз екенін ескерген абзал. Кейде үл­кендеріміз немесе кішкентай балалар ауы­рып, қызу түсіретін немесе қан қысымын реттейтін препараттар тапшы болып қалады. Сондай сәтте қатты қиналамыз. Көрші Қарағанды облысында әлеуметтік көшпелі дәріханалар жұмыс істейді деп естиміз. Өкінішке қарай, ондай жаңашыл­дықтар бізге жетпей тұр, – дейді Баянауыл ауданы, Желтау ауылының тұрғыны Мәдина Жанатова.

Мұндай мәселелер ауылдары қашық орналасқан Железин, Ертіс, Май, Ақтоғай, Екібастұз, Тереңкөл аумақтарында айрық­ша байқалады.

 

Тасымал шығыны дотациялануы керек

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай келешекте пайда болатын жыл­жымалы дәріханалардың тасымалын ұйым­дас­ты­ру­ға қатысты жергілікті әкімдіктер дотациялар бөлуі керек деп есептейді.

– Ауыл халқы сапалы медициналық қызмет тұрғысынан аз қамтылған. Ауыл адамдары экологиялық таза тағамдар жейді, таза ауада өмір сүреді деген қасаң қағи­да әлі де қалмай отыр. Бүгінде аудандарда халықтың аурушаңдығы көбейіп барады. Медициналық препараттардың қолжетімсіздігі ауылдық жерлерді таңдап барған жас мамандарға да қиындық тудырады. Сондықтан министрліктің бұл бастамасы құптауға тұрарлық.

Екінші ескеретін мәселе, бұл жүйеге тамыр-таныс арқылы өзге делдалдардың кіріп кетуіне жол бермеу. Шалғай елді мекендердің тұрғындары дәрі-дәрмек бағасына қатысты көп шағым айтады. Нысандар тарапынан үстемеақы тым өсіріліп қойылады. Жауапты органдардың бұл тарапта бағаны реттеуі, бақылауда ұстауы қажет.

Үшіншіден, жылжымалы дәріхана­лар­дың жұмысын уақыт тұрғысынан реттеу. Бұрын бала кезімізде шалғай ауылдарға белгілі бір уақыт сайын пошта машинасы барып тұратын. Сол сияқты ауыл адамдары өз елді мекендеріне мобильді дәріханалардың қай күні, қай мезгілде келе­тінін алдын ала біліп отыратындай кесте­лер құрылуы керек.

Соңғысы, тасымалдау шығындары дәрі-дәрмек бағасына әсер етпеуге тиіс. Ауыл­дар­ға жол шығыны алдын ала есептеліп, оны жергілікті бюджеттер көтеруі керек. Мысалы, еліміздің оңтүстік өңірлерінде халық тығыз орналасқан, есесіне ол жерлерде дәріханалар баршылық. Ал теріскейдегі Павлодар, Петропавл, Қостанай, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарындағы кейбір ауылдардың шалғайлығы 300-400 шақы­рым­ды құрайды. Соған орай тасымал шығынын республикалық ортақ тарифпен белгілеу мүмкін емес. Аумақтар субсидиялауды өз аумақтық ерекшеліктеріне қарай жү­зе­ге асырса құп. Бұл облыстардың бюд­же­тіне көп салмақ салмайды, – дейді депутат.

Ал жергілікті дәріханалардың ірі желі­сін ұстап отырған «Глория-Фарм» ЖШС-нің өкілі Наталья Иванова жоба тиімді болса кәсіпкерлер қатысуға мүдделі дейді.

– Медициналық препараттарды сақтау, тасымалдау өте шығынды. Кейбір заттарды мұздатқышта ұстауға тура келсе, енді біріне қалыпты температура қажет. Оның үстіне дәрі-дәрмектердің дозасы, мөлшері, рецептпен әзірленгендерінің жарамдылығы жөнінде де талаптар бар. Бұған қоса көлік жүргізуші мен фармацевт қызметіне жеке төленуі керек. Осының барлығы заң жобасында детальді түрде көрсетіледі деп ойлаймын. Дәріхана ұстау – шығынды бизнес. Әзірше бізге жаңа жоба туралы түсіндірілген жоқ, – дейді ол.

 

Шекті баға қалай бақыланады?

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Ботагөз Сыздықованың сөзінше, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 245-бабына сәйкес, бағаны мемлекеттік реттеу бағалық реттеуге жататын дәрілік заттардың тізбесіне енгізілген. Реттеу ел аумағында тіркелген, айналымдағы көтерме және бөлшек сау­дада сатуға арналған дәрілік заттарға байланысты жүзеге асырылады. Мұндай тізімге енгізілген дәрілік заттарды шекті бағасыз көтерме және бөлшек саудада сатуға ты­йым салынған. Бұл тізбеге дәрілік заттардың 6 890 сауда атауы кіреді. Жалпы, елімізде дәрілік заттардың 9 мыңнан астам атауы тіркелген.

– Дәрілік заттарға белгіленген шекті бағалардың артуы – әкімшілік құқық бұзушылық. Оның соңы әкімшілік айып­пұл салуға соқтырады. Бірақ біздің депар­тамент кейбір ауылдық жерлердегі дәрі-дәрмек нарығынан бейхабар болуы мүмкін. Адамдар дәрі бағасын тексергісі келсе, «DariKZ» мобильді қосымшасының көмегін пайдалана алады. Онда тізімге енетін дәрі-дәрмек атаулары көрсетілген. Егер белгілі бір дәрі-дәрмектің құны рұқсат етілген шекті бағадан асып кетсе, дәріханаға шағым түсіре алады. Сондай-ақ осы қосымшада ел аумағында тіркелген дәрілік заттар туралы ақпаратты көруге болады. Оларды тіркеу куәлігінің нөмірі, қолданылу мерзімі, сапа сертификаты, медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулық, дәрі-дәрмектің жанама әсері пайда болған жағдайда өтініш жазып, сары картаны толтыру қарастырылған. Мұны айтып отырғаным, ауылдық жерлердегі тұрғындар дәріханалардың қызмет сапасы артсын десе, оларға қойылатын талаптардың орындалып отырғандарына көздерін жеткізулері керек. Бұл келешекте пайда болатын жылжымалы дәріханаларға да қатысты, – деп түсіндірді Б.Сыздықова.

Түйіндей айтқанда, бұл бастаманы ауыл халқы қолдап отыр. Ұлт саулығы жақсы болса ғана қоғам орнықты дамиды. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмесі анық. Басқасын былай қойғанда, қант диабеті сияқты созылмалы ауруларға тегін бері­ле­тін дәрі-дәрмекті уақытында жеткізу проб­лемасы жылжымалы дәріханалардың көме­гімен шешілетін күн туа ма?

 

Павлодар облысы