• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Басылым 07 Желтоқсан, 2024

Медет пен құрмет

125 рет
көрсетілді

Таяуда филология ғылымдарының кандидаты, аудармашы Орынбек Жолдыбайдың «Ардақтаймын атыңды» атты кітабы жарық көрді. Жаңа кітапқа еліміздің өркендеуіне елеулі еңбек сіңірген Қуаныш Айтаханов, Ермек Жұмабаев, Керімқұл Пірімқұлов, сондай-ақ әріптестері Сырым Бақтыгерейұлы, Айтбай Тәсілов, Көпен Әмірбек, Серікқали Бәйменше, Ораз Қауғабай басқа азаматтардың өмірдегі жарқын жетістігі мен кісілік келбеті туралы портреттік очерктері енген.

«Бұл жинақта көрнекті замандастарымыз жөнінде жазған дүниелерім бар. Отанға қызмет етуді парызы санаған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің өнегелі өмірі мен еңбек жолы өскелең ұрпаққа үлгі болсын дедім. Өзім бірқатар беделді ұжымдарда қызмет жасадым. Небір жайсаң азаматтармен танысып, сыйлас болдым... Ғұмырымда көрген жақсылықтар мен кездескен қиындықтарды баяндадым», деді О.Жолдыбай.

2017 жылы ел тарихын тү­гендеу мақсатында академик, медицина ғы­­лымдарының докторы Полат Қа­зым­бетов бастаған ғылыми экспедиция Қарақалпақ Республикасындағы Беруни қаласы маңындағы Аббас әулие кесенесі маңында жерленген Нағанай бидің басына барып, Құран бағыштап, дұға жасайды. Осы танымдық тақырыпты қамтыған мақаласында автор Нағанай би жерленген тұстан құтыға топырақ салып әкеліп, еліміздің оңтүстік өңірінде аталған биге арналған ескерт­кіш кешеннің іргесіне салынғанын жаз­ған.

Кітаптың келесі бір бөлімінде танымал қоғам қайрат­кері Өмірзақ Озған­баевтан бастап, ғалым Дандай Ысқа­құлы, бел­гілі жазушы-жур­на­листер Қуандық Тү­менбай, Жеңіс Ба­һадүр, Өтеш Өтеуліұлы және басқа азаматтардың Орынбек Ендібайұлы туралы жазған пайымды пікірлері топтас­тырылған. Замандастары О.Жол­дыбайдың азаматтық қадір-қасиеті, қаламгерлік шеберлігі туралы сыр шер­теді. Орекеңнің еңбекқорлығын ерекше атап өтеді. Игілікті істерді атқаруға жұм­саған қажыр-қайраты өзіне абырой болып оралған.

Айта кету керек, Орынбек Жолды­байдың әр жылдары «Замана келбеті», «Уақыт лебі», «Өткен жылдар өрнегі», «Жан сы­рым» және басқа кітаптары жарық көрген. Сонымен қатар академик Рахманқұл Бердібай мен ақын Құлыншақ Кемелұлы (1840–1911) туралы зерттеу еңбектері жарияланған.

 

Айбатыр САМИҒОЛЛАҰЛЫ,

журналист

 

АСТАНА