ЕЛДІҢ ДАМУЫ МЕН ӨРКЕНДЕУІНДЕГІ КӨШБАСШЫ ЖОБАҒА АЙНАЛДЫ
Кеше Павлодарда “Қазақстан электролиз зауытының” екінші кезегі салтанатты түрде іске қосылды. Жаңа құрылыстың ашылу рәсіміне Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
Маусым айында жолы түсіп, өздеріне келе жатқан Елбасының сапарын естігелі бері Кереку өңірі толқу үстінде. Айтса айтқандай, өндірісі өркендеген облысқа Нұрсұлтан Назарбаевтың ілтипаты мен назары ерекше екені белгілі. Ал жұртшылық “Қазақстан электролиз зауытының” екінші кезегі іске қосылатынын, осыдан бес-алты жыл бұрын Елбасының өзі келіп, бос жатқан далаға қазығын қағып кеткен жерден бүгінде алып құрылыстың бой көтергенін, зауыттың алғашқы кезегін іске қосып, өндіріс тетігін басқанын, ғасыр жобасының ел игілігіне айналғанын жақсы біліп, хабардар болып отыр. Аз уақыт ішінде иен далаға жан бітірген алып құрылысқа таңдана қарайды, металлургтер мен осы зауытты салып жатқан құрылысшылар еліміздің индустриялық картасынан белді де беделді орын алған маңызды жоба деп мақтаныш етеді.
Соңғы күндері Кереку өңірінің жұртшылығы аспаннан шөкімдей бұлт іздеп таба алмай, аптап ыстықтың беті қайтпай ауа қармап отыр еді. Сол екі арада дала мен қалаға жаңбыр нөсерлетті-ай келіп. Айнала еркін тыныстап, салқындап, саябыр тапқандай. Жандары жадырап қалған жұртшылық мәртебелі қонақтың әуе жолымен басталатын бұл сапарының сонау көкпен жақсылыққа жарасқан бір байланысы да бар шығар-ау деп ой түйгендей.
Енді, міне, жұртшылық асыға күткен күн де келіп жетіп, Астанадан ұшып шыққан ақшаңқан лайнер облыс орталығының әуежайына келіп қонды. Президент осы жерден “Қазақстан электролиз зауытына” қарай бет алды. Зауыт алаңына жиналған жұмысшылар, құрылысшылар, металлургтер Мемлекет басшысын асыға күтіп, шынайы мақтаныш пен шаттық сезімінде тұр. Әрқайсысының қолдарында көк ту – жалаушалары желбірейді. “Қазақстан”, “Нұрсұлтан” деп қошеметтеп қарсы алды. Бұл еліміздің Бас металлургі атанған жоғары мәртебеге ие Елбасын құрметпен қарсы алған металлургтердің жалынды ақжарма сәлемі еді. Алдымен Мемлекет басшысы салтанатты рәсімді жүзеге асырды. Электролиз зауытының екінші кезегін арнайы тетікті – қызыл нүктені басу арқылы іске қосты.
– Ардақты ағайын, құрметті павлодарлықтар! – деді Елбасы осы бір тарихи сәтте алаңға жиналып тұрған көпшіліктің алдында сөз бастап. – Бәріміз үшін бүгін өте бақытты күн, себебі, елімізде “Қазақстан электролиз” зауытының екінші кезегі іске қосылып отыр. Мұндай металлургия зауытын бұрынғы кеңестік кезеңде де, Еуропаның кеңістігінде де ешкім салған жоқ. Тек қана біздің елімізде салынып отыр. Біз тәуелсіздік алғалы 20 жылдай уақыт болды, сол аз ғана уақыт ішінде көптеген табыстарға қолымыз жетті. Ал алдымызда тұрған онжылдықтағы ең үлкен мақсат – елімізді индустрияландыру. Ол үшін арнайы бағдарлама жасадық. Соның аясында елімізде он жылдың ішінде 237 ірі өндіріс салатын боламыз. Биыл елімізде 144 өндіріс іске қосылады. Ал, 72 өндірістің ашылуын алдағы дүйсенбі күні тікелей байланыс арқылы жалпы халыққа жариялап көрсететін боламыз. Өндірісті өңір – Павлодардың ел экономикасына қосатын үлесі өте зор. Биылдың ішінде 42 өндірістік жобаны іске қосу керек болса, оның 12-сі осы маусым айынан бастап, қалғаны екінші жартыжылдықта іске қосылайын деп отыр. Сондықтан индустриялық өркендеу жолына түскен еліміз индустриясының ең биігі болып саналатын өндірісті өңірдің бүгінгі табысы қомақты. Сіздердің баршаларыңызды зауыттың екінші кезегінің іске қосылуымен құттықтаймын. Бүгін өте үлкен өндіріс іске қосылды. Осы жерде 2,5 мың адам жұмысқа тұрады, халықтың жағдайы одан әрі де түзеле береді. Бұдан артық мемлекет үшін қандай қуаныш керек, құтты болсын!
Бұдан әрі қарай Елбасы кеңестік кезеңдегі жылдары да Павлодарға келген сайын қанатты металл – алюминий өндіруді армандағанын, ол кезде оны өндіруге елде күш-қуаттың болмағанын, қазір еліміздің тәуелсіздік алғанының арқасында осы арманға да қол жетіп отырғанын, осы орайда инвесторларға жағдай жасалғанын, бұрынғы кезде мұндай зауыттардың жиырма жыл бойы салынатынын атап көрсетті. Ал жаңа заман құрылыстарына бүгінде екі-екі жарым жылдай ғана уақыт керек. Біз Қазақстанды әлемге танымал еттік, сіздермен бірге қиындықтардан өттік. Қазір біз ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудеміз. Көп ұлтты еліміздің мойындалғанының арқасында, бірлік пен ынтымақтастықтың арқасында осындай жетістіктерге жеттік. Зауыт басшылығы алдарына қойған менің тапсырмаларымды, алған міндеттерін орындап шықты. Ал бұл дегеніміз барлық құрылысшылар мен жұмысшылардың, металлургтердің бірлескен еңбектерінің жемісі. Рахмет, сіздерге! Осындай зауыттың екінші кезегін іске қосу салтанатына қатысқаныма қуаныштымын! Бұл біздің елімізге деген үлкен сыйлық, деді толқи сөйлеген Мемлекет басшысы.
Бұдан кейін зауыт жұмысшылары Сергей Рудченко, Бауыржан Смайылов сөз сөйлеп, Елбасына: “Біз Сіздің жолыңызды қуып металлург болуды армандадық, енді, міне, осы зауытта жұмыс жасап жүргенімізді мақтан етеміз, барлық жас мамандар атынан Сізге алғыс айтамыз”, десе, Людмила Кузнецова өз сөзінде: “Сізге әрқашан жеңіс тілейміз, Сіздің саясатыңыздың арқасында елімізде тыныштық, татулық салтанат құруда, рахмет Сізге! Біз Сізді жақсы көреміз, біз Сіз сияқты әдемі, ақылды Президентіміз болғанына мақтанамыз, аман болыңыз!” – деді.
Аты әйгілі ENRC – табиғи ресурстар корпорациясы құрамына енетін “Қазақстан электролиз зауыты” акционерлік қоғамы – жоғары сапалы өнім өндіруге мүмкіндік беретін, елімізде бастапқы алюминий өндіре алатын қазіргі заманғы технологиялармен жабдықталған алып өндіріс орны. Осыдан үш жыл бұрын, 2007 жылғы желтоқсанда 250 мың тонна бастапқы алюминий өндіретін жоғары қуаты бар алып зауыттың алғашқы кезегі іске қосылды. Құрылысқа жалпы көлемі 800 миллион АҚШ доллары жұмсалады. Алып зауыт құрылысына әлемнің 12 елінен келген 18 компания қатысты. Ең бастысы – ғасыр жобасы аталған бұл құрылысқа тек алдыңғы қатарлы озық технологиялар қолданылды. Зауытта енді 4 мыңдай адам еңбек ететін болады. Алғашқы кезегі іске қосылған зауыт бүгінге дейін жылдық қуаты 125 мың тонна таза алюминий шығарып келді. Яғни, салмағы 20 кило тартатын алюминий құймалары – зауыт өнімі болып табылады. Қазақ жерінің алюминийі қазір Еуропа елдеріне таныла бастады. Былтыр Лондон биржасы қазақстандық қанатты металдың сапасын бағалап, оны өздерінің сауда-саттық рыногының тізіміне тіркеуге алды. Бұл қазақ жерінің алюминийін шетелдерге өткізуге байланысты кедергілер жоқтығын байқатады. Өндірістің қоршаған ортаға залалы жоқ, зауыт жыл сайын табиғатты қорғау шараларына 700 миллион теңгедей қаражат бөліп келеді. Елбасы өз сөзінде айтып өткеніндей, біздің жерімізде глинозем де, электр қуаты да жеткілікті, ендігі жерде бастапқы таза алюминийден күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар, көліктердің қосымша бөлшектерін жасайтын кәсіпорындар құру жоспарлануда. Өткен жылғы дағдарысқа қарамастан, негізгі көрсеткіштер бойынша даму қарқыны бәсеңдеген жоқ. Жоспарланған істер жүзеге асты. Жұмысшылар дағдарыс салқынын сезінбеді. Бұл күндері өндірісте орташа еңбекақы 96 568 теңгені құрайды. Өндірісте 2190 адам жұмыс істейді. Жуырда ғана зауыт жұмысшыларының балаларына арнап 240 орындық балабақша және 125 пәтерлік он қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді.
Сөйтіп, зауыттың алғашқы кезегі 2007 жылғы желтоқсан айында белгіленген мерзімінен 27 ай бұрын аяқталса, екінші кезегінің құрылысы да, міне, белгіленген уақытынан бұрын іске қосылып отыр. Зауыт жылына 250 мың тонналық бастапқы алюминий өңдіретін қуатқа қол жеткізді. Қазіргі уақытта зауытта заман талаптарына сай экологиялық қауіпсіз және ең соңғы технологияларды пайдалану арқылы прогрессивті алюминий өндіру технологиялары қолданылуда. Технологиялық операциялардың тиімділігін арттыруға, электролиздердің жұмыстарына жүйелі мониторинг жүргізуге, газ тазалағыш құрылғыларды, құю цехы мен көмекші нысандарды дер кезінде реттеуге мүмкіндік беретін жаңа зауыттың барлық технологиялық үдерістері автоматтандырылған басқару жүйелерімен бақыланады.
Акционерлік қоғамның президенті Алмас Ибрагимов: “Біз бүгін барша Қазақстан электролиз зауыты ұжымының жеңісі мен жетістіктерін атап жатырмыз. Зауыттың толық жобалық қуаттылығының іске қосылғанына қуаныштымыз. Алып корпорация қабылдаған 2023 жылға дейінгі әлеуметтік бағдарламалар аясында балабақшалар, тұрғын үйлер, басқа да әлеуметтік-тұрмыстық нысандар салу жүйесі қатарласып ары қарай жүзеге аса береді. Бұл мақсатқа корпорация жалпы құны 45 миллион АҚШ долларын жұмсамақшы”, – деді.
Үкімет қаулысымен барлығы жүзден астам жобалар бекітілген елімізді индустрияландырудың картасы жасалғаны белгілі. Олардың қатарына Павлодар облысынан 2014 жылға дейін құны 722,2 млрд. теңгені құрайтын 42 инновациялық жоба бар болса, оның 26-сы биыл, ал 12-сі осы маусым айында іске қосылады. Жоғарыда аталған 12 жобаның жуырда төртеуі, екеуі Екібастұзда іске қосылды. Олардың бірі – “Еуразиялық энергетикалық корпорациясы” акционерлік қоғамының “Восточный” разрезінің жаңа технологиялар арқылы көмір өндіретін кешені. Бұл технология көмір өндіру қарқынын жылына 10 миллион текше метрге арттырады. Екіншісі – “Энергия Капитал-1” кәсіпорны. Ол тәулігіне 30 мың тонна нан-тоқаш өнімдерін пісіретін және осы жердегі азық-түлік белдеуіне сай қаланы және оның аумағына қарасты ауылдық аймақтарды бірдей қамтамасыз ете алатын кәсіпорын. Жалпы, аталмыш жобалардың барлығы іске қосылғанда, уақытша 12 мың жұмыс орны ашылса, соның 8 мың жұмыс орны тұрақты күйінде сақталатын болады. Ақсу ферроқорытпа зауытында шикізатты өңдеуге бағытталған агломерациялық цех пен жоғары маркалы болат және мұнай құбырларын шығаруға мүмкіндік беретін “KSP Steel” ЖШС өндірісті өңірдің экономикасына жаңа серпін берері сөзсіз. Сонымен қатар, облыс орталығында хлор және каустикалық соданы мембрандық әдіспен шығаратын өндіріс орны – “Каустик” акционерлік қоғамы, “Ромат” фармацевтикалық компаниясы базасында фармацевтикалық және медициналық дәрі-дәрмектер шығаратын зауыттар салу сияқты жобалар күн тәртібінде тұр. Қайсысы болса да халық игілігі үшін, тұрақты жұмыс орындарының болуын қамтамасыз ететін жаңа өндірістер ретінде өмірге келеді. Бұл жобалардың көшбасшысы қатарында “Қазақмыс” корпорациясы қолға алатын Екібастұз өңіріне қарасты жердегі “Бозшакөл” тау-кен байыту комбинатын салу міндеті тұр. Осы арқылы өндірісті өңірдегі түсті металлургия саласын өркендетуге, әрі облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосылады. Бұл жердегі кеніштен мыс қоспасымен қатар, алтын да өндіріледі. Корпорация осы жердегі кен көзін ашып, кен-байыту комбинатын салуға 225 млрд. теңге көлемінде қаржы жұмсайды. Жоспар бойынша құрылыс биылғы жылдың 2-ші жартысында басталып, 2014 жылы аяқталады. Екібастұз ГРЭС-1 стансасын кеңейту және қайта жаңғырту жұмыстары да осы картаға енді. Екібастұз ГРЭС-2-нің №3 энергия блогының құрылысы басталады. Еліміз бұл күндері “Қазақстан-2030” Стратегиясының аясында индустриялық-инновациялық жедел даму бесжылдығын бастап кетті. Елбасының Жарлығымен 2010-2014 жылдарға арналған үде-мелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама бекітілді.
Жалпы, өндірісті өңірдің тыныс-тіршілігінің өсу деңгейін еліміздің дамуына қосқан үлесінен де бағамдауға болады. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында облыстағы өнеркәсіп орындары жалпы құны 191,4 млрд. теңгенің өнімдерін өндірді. Өткен жылы жаһандық экономикалық және қаржылық дағдарысқа қарамастан, негізгі көрсеткіштер бойынша даму қарқыны бәсеңдеген жоқ. Жоспарланған істер осылайша жүзеге асуда. Ендігі басты мақсат – Елбасының “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты биылғы Жолдауынан бастау алған маңызды міндеттердің бірі – елді үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасын лайықты түрде жүзеге асыру. Экономиканы жаңғыртудың жарқын жолына түсудің кілті болып табылатын, елді дамуға бастайтын осындай серпінді жобаларды іске асыру нәтижесінде, әрине, әлемнің бәсекеге қабілетті елу елінің қатарына ену мүмкіндігіміз бар. Келер онжылдықтағы асқаралы асулардың көрігіне айналған серпінді жобалардың алды қазір іске қосылып, халық игілігі үшін жұмыс жасай бастады. Елбасының идеясымен жүзеге асырылған егемен елдің алғашқы ірі жобаларының бірі тың жерден тыныс тауып, осылай жүзеге асты. Елбасының сапары ертең ары қарай жалғасады.
Фарида БЫҚАЙ, Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ. ПАВЛОДАР.