Жол мәселесі – Жетісу өңірінде де өзекті тақырыптың бірі. Бүгінде алыс ауылдарға апаратын тас жолды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мәселен, облыстық деңгейдегі 200 шақырымға тарта асфальт қайта жабдықталған. Жыл соңына дейін жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті автомобиль жолдарының үлесі 94% жеткізіледі деп жоспарланып отыр.
Биыл Жетісуда 193 шақырым жол мен 54 елді мекеннің ішкі жолдары жөнделді. Сол қатарда аудан орталығы мен ауылдардың арасын қосатын жолдар, ауылдардың кірме жолдары, көпірлер, ауылішілік жолдар бар. Мәселен, Қаратал ауданында отыз жылдан астам уақыт жөндеу көрмеген шалғайдағы Көпбірлік ауылына апаратын жол жөнделіп, жуырда пайдалануға берілсе, осы аудандағы тағы бір маңызды жол – «Үштөбе – Ортатөбе – Кішітөбе» бағытындағы автотрассаның құрылысы бітуге таяу.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Қаратал ауданының халқымен кездесуінде көтерілген аталған жолдардың мәселесіне орай бюджеттен қаржы қарастырылып, жөндеу жұмыстары осы жылдың сәуір айында басталған болатын. Бүгінде құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталған.
«Үштөбе – Ортатөбе – Кішітөбе жолының жөндеу жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүргізілді. Жалпы ұзындығы 11 шақырым жөнделді. Мұнда екі қабатты, қалыңдығы 10 см жабын төселді. Қазір абаттандыру, жол белгілерін орнату жұмыстары атқарылып жатыр», деді Қаратал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Талғат Уәлиев.
Соңғы жылдары ауылдық жерлердегі инфрақұрылымға ерекше көңіл бөліне бастағанына, халық көтерген мәселенің оң шешілгеніне қатысты тұрғындар да пікір білдірді.
«Сонау 1974 жылдан бері осы елді мекенде тұрамын. Биыл аудан орталығымен ауылды жалғайтын жолымыз жөнделді. Оған қоса алты көшесі бар ауылымыздың төрт көшесі жаңғыртылып, асфальт жабыны төселді. Бұған дейін жаңа мектеп салынып өскелең ұрпақтың игілігіне берілген болатын. Медициналық пунктің бітуіне де аз қалды. Ауылдық жерге көңіл бөлініп жатқанына халық риза», деді Ортатөбе ауылының тұрғыны, ардагер Ораз Шеттібайұлы.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл Жетісу өңірінде жолдарды салуға, жөндеуге 40,6 млрд теңге бөлінген. Облыстық маңызы бар жолдардың 38 шақырымына құрылыс пен қайта жаңғырту, 155,4 км жерге орташа жөндеу, 60,6 мың шаршы метр жерге ағымдағы жөндеу, 54 елді мекенде 157 км кентішілік жолдарды салу мен реконструкциялау жүргізу жоспарланған. Сол сияқты Балқаш көліне дейінгі 132 км жол келесі жылдың туристік маусымына дейін толық пайдалануға беріледі.
Бұдан бөлек, облыс аумағында республикалық маңызы бар автожолдарды қайта жаңғыртуға бағытталған ірі жобалар іске асырылды. «Үшарал – Достық», «Талдықорған – Үшарал» автожолдарын қайта жаңарту аяқталуға жақын. Оған қоса «Сарыөзек – Көктал», «Айдарлы – Көктал» автожолдарының учаскелерінде жөндеу жалғасып жатыр.
Жетісу облысы